Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚАРМАҚШЫДА ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ҚАРМАҚШЫДА ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

 

Қармақшылық диқандар биыл лайықты табыстармен келіп отыр. Еңбеккерлер ел сенімі үдесінен шығып, аудан бойынша 81765 тонна Сыр салысын жинап, егілген күріштің әр гектарынан 58,3 центнерден өнім алуды қамтамасыз етті. 
Бұл еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Сондай ақ, жаздық бидайдан 276 тонна, мақсарыдан 420 тонна, картоптан 94875 тонна, бақша дақылдарынан 10860 тонна өнім жинаса, 58288 тонна мал азығы шөп дайындалды. Мал басын өсіру, мал өнімдерін өндіру бағытында жасалып жатқан жұмыстар нәтижесінде ет, сүт көлемі артып, «Қармақшы» ЖШС, «Ибрагим» шаруа қожалықтары түйе малын асылдандыру ісінде оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Сондай-ақ «НұрБерЕр», «Абылай», «Саяжан» «Ернұр», «Рахман» шаруа қожалықтары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сиыр малын өсіруге жұмыс жасап отыр. «Жыраулар үйі» алаңында аудан өнерпаздарының аймақ ауылшаруашылығы саласы майталмандарына арнаған қойылымымен басталған мерекелік салтанатты шара аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың жыл бойғы еселі еңбектерімен биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізген аудан диқандарына арнаған құттықтауымен басталды. - Баршаңызды орақ науқанының табысты аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Еңбек даласында төккен маңдай терлеріңіздің зая кетпей, биылғы жиын-терімді өз межесіне жеткізгендеріңіз сіздердің атқарған жұмыстарыңыздың жемісі екенін білеміз. Алтын дәннің жеткені – ел қолына ырыс пен несібенің қонғаны. Тарихта иығына кетпенін арқалаған қазақ ғасыр басынан бергі уақытта талай табыстарға қол жеткізді. Осынау жер Ана қойнауынан бітік егін өсіріп еңбек тұғырынан көрінген ақ маңдай аға-апаларымыздың ерлігі қашанда ұрпаққа үлгі өнеге деп, - биылғы жылғы егін жинау науқанында үздіктер көшін бастаған егіншілер мен ауыл шаруашылығы саласының басқа да түрлері бойынша озат атанған сала майталмандарын облыс, аудан әкімінің, және облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының алғыс хатымен марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Сондай ақ, салтанатты шарада биылғы жылы да шабысынан жаңылмай аймақтағы шаруашылық құрылымдары арасынан мәре сызығын алғашқылардың бірі болып қиған «Ақтөбе и К» ЖШС-нің төрағасы Нұрлан Іздібаев құттықтау сөз сөйлеп, шаруашылықтың озат күріш сушысы Қайырқұлов Басқынбайға жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті. Бұдан бөлек, айтулы мерекеде аудан көркемөнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: