ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАЛПЫ ӨНІМІ АРТТЫ
Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3 млрд 773 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 102 пайызға артты. Бұл жөнінде Қызылорда қаласының әкімі Н. Нәлібаев қала тұрғындары алдындағы есепті кездесуінде мәлім етті.
2015 жылы мал шаруашылығы саласында 1 мың 721 тонна ет, 5 мың 130 тонна сүт, 629 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдаулар легі толастаған емес. Өткен жылы қаламызда «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша біршама жұмыстар атқарылды.
Егін шаруашылығы саласында 7 мың 137 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Қала бойынша егілген күріштің әр гектарынан - 43,5 центнерден өнім алынды. 2015 жылдан бастап қала тұрғындары өзін-өзі ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатына Ақсуат ауылдық округінен 187 қала тұрғындарына 50 гектар бақшалық жерлер бөлініп берілді. Қала көлемінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін өткен жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында аптасына бір рет ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.