Аймақтағы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кейінгі 5 жылда өңірде төрт түлікті түлету үшін бір миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген. Атакәсіп жанданса, ауыл-аймақтың бойына қан жүгірсе, бұдан ұтарымыз көп. Әсіресе, өңірде асылтұқымды қой шаруашылығын дамытуға ынталы шаруалардың көбейгені қуантпай қоймайды.
Осындай игілікті істің бірі «Сыздық ата» шаруа қожалығында бастау алды. Биыл Ғабит Дүйсебаев төрағалық ететін қожалық аталған корпорация арқылы қаржыландырылды. Екі жақты келісімнен соң, көрші Түркістан облысынан 1600 бас қиыршық жүнді қазақы қой сатып алған.
– Биыл мамыр айында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен «Сыздық ата» шаруа қожалығы құрылды. Екі жақтық әріптестік аясында қожалыққа тиісті қаржы берілді. 1600 бас құйрықты қылшық жүнді қой және 130 бас мүйізді ірі қара алуға ақша бөлінген. Айта кететін нәрсе, корпорация атакәсіпті жандандырам деушіге әрдайым көмекке дайын. Ол үшін жайылымдық жері, малшының үй-қорасы және шаруа қожалықтың фазендасы болуы тиісті. Сол талаптар толық болған жағдайда біздің тарап қаражатпен қамтамасыз етеді. Бұл жерде қаржының 51 проценті шаруа қожалығынан, 49 проценті корпорация есебінен, – дейді «Байқоңыр «ӘКК» АҚ жобаларды талдау және іске асыру басқармасының басшысы Жеңісбек Ахметов.
Қазір «Сыздық ата» шаруа қожалығында барлығы 2000 бас қой, 95 қошқар, сонымен қатар 200 бас сиыр бар.
– Облыс орталығында үлкен мал сою пункті бар ет комбинаты ашылады деп жатыр. Соған мал тасымалдап, аймақтағы ет нарығына үлесімізді тигізсек деген мақсатымыз бар. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе жұмыс істегеннің тиімділігі, олар бастаған жобаңның аяқтан тұрып кетуіне атсалысады. Енді, міне, осындай шаруашылықты қолға алып отырмыз. Мемлекет мүмкіндік бергенде тек ерінбеу керек, – дейді шаруа қожалықтың төрағасы Ғабит Дүйсебаев.
Шопан ата түлігінің бабын тапсаң, берекесі аз емес. Әзірге түліктер Жаңақорғанға жерсіндіріліп жатыр. Ветеринар мамандар толықтай тексеріс жүргізген. Көп ұзамай оларды шөбі шүйгін Сыр беткейге қарай түсірмек.
Айта кетейік, «Байқоңыр «ӘКК» АҚ өңірде кейінгі бес жылда мал шаруашылығын өрістету бағытында 8 жобаға қолдау көрсеткен.