Жақында өңір еңбеккерлері жаз бойғы еңбегінің нәтижесін елордалықтарға паш етті. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Сырдың дәмін аңсаған ағайын асыға келді. Тұрғындар ырысты өлкенің өнімдерін таласа алды.
Соның ішінде Жаңақорған ауданында дайындалатын жантақ балына сұраныс жоғары болған.
Кәсіпкер Асхат Раисов ұсынған өнім ерекше. Денсаулыққа пайдасы шаш етектен. Індет өршіп, карантин әбігерге салған тұста ол тәуекелге бел буып, өңірде бал орталығын ашқан. Бастамасына «Байқоңыр» ӘКК» АҚ қолдау танытып, нәтижесінде кәсіпкер жаңа заманауи құрылғыларды Польшадан әкелуге мүмкіндік алған. Қазір тәтті бал қаладағы әлеуметтік дүкендерде және шағын маркеттерде сатылымда. Сәні мен сапасы сай, бағасы қолжетімді.
– Жантақ – түйе малының сүйіп жейтін азығы. Сондықтан ауыл тұрғындары өсімдікті гүлдеп, дән байлаған кезде орып, жинап алады. Бұдан бөлек, жантақтан жасалған балдың кез келген дерттен айықтыратын емдік қасиеті бар. Оның іш құрылысы, тыныс алу органдары ауруларын емдеуде және артық тұзды ыдыратуда септігі зор. Суыққа қарсы, ыстық түсіретін, жөтелді басатын көмегі бар. Ақыл-ой қабілетін дамытатынын зерттеушілер дәлелдеген. Себебі, өсімдік құрамында каротин, эфир майлары, гликозидтер, С және К дәрумені кездеседі. Біздің қолға алған өнімнің ерекшелігі, тапсырыс берушілердің көптігі осымен байланысты. Әсіресе, коронавирус өршіп, инфекция алқымнан алған тұста жерлестерден сұраныс толастамады. Сол кезде ұзақ ойланбай, іске кіріскеніме қуандым. Бастысы, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ тарапынан көрсетілген қолдауға ризамын, – дейді «Қызылорда жантақ балы» орталығының директоры Асхат Раисов.
Балдың дайындалу процесіне зер салатын болсақ, мұнда жаңақорғандық омарташылардың үлесі басым. Олар араның әуелі балды жантақ өсімдігінен алуына мүмкіндік жасайды. Көктем шыға салысымен тоғайлы аймаққа барады. Көбіне шеңгелі мол аумақ таңдалады. Жантақ гүлдеген тұста араларды егістік алқаптарына жіберіп алмау қатаң қадағаланады. Жәндікке қамқорлық таныту маңызды. Өйткені өзіне жасалған қамқорлық арқылы ара қалыпты деңгейде бал жинайды. Осылайша, бал омарташылардың көмегімен Асхат басқаратын «Жантақ балы» орталығына жиналады, мұнда ол сүзгіден өтіп, еуропалық жабдыққа құйылады. Кәсіпкердің айтуынша, өнім бұған дейін барлық сынақтан сәтті өткен, ЕАЭО сәйкестік сертификаты бар. Дәмі тіл үйіреді және гипоаллергенді.
Кейіпкерімізбен тілдесу барысында машақаты көп бұл істің тынымсыз еңбекті қажет ететінін білдік. Шынында «бал тәтті болғанмен, бейнеті көп» деп бекер айтылмаса керек.