Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы ауданына жұмыс сапары кезінде Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарына газ тарту рәсіміне қатысты.
Бұл елді мекендерге орамішілік газ желілерінің құрылысын жүргізуге биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде тиісті қаржы бөлінді.
Көгілдір отын берілген уақытта Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарындағы 3 мыңнан астам отбасы және 26 әлеуметтік қамтамасыз етілетін болады. Жалантөс батыр ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Дарипа Қалмырза қуанышымен бөлісіп, ризашылығын білдірді.
- Бізде бүгін қуанышты күн. Себебі көптен күткен газ келгелі тұр ауылымызға. Өте ризамыз. Әйел адамдардың тұрмыс-тіршілігі жеңілдейтін болды. Бұл мәселені ауыл тұрғындары көптен бері көтеріп жүрді, енді міне, шешімін табуда, - деді.
Ауылдарға көгілдір отын апару нәтижесінде өңірде газбен жабдықтау жұмысы 67% жетті. 2025 жылға дейін тағы 22 елді мекенге газ тарту жоспарланып отыр.
Әрі қарай аймақ басшысы Бозкөл ауылдық округіне барып, тұрғындарымен кездесіп, көкейде жүрген мәселелерін тыңдады. Тұрғындар ауылға балабақша салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі ауыл ақсақалдарының ұсыныс-тілектерін назарға алып, балабақша салу ісін таяу уақытта бастауға ниетті екенін жеткізді.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Әйтеке би кентіндегі жаңадан салынып жатқан 250 орындық мектеп құрылысының жұмысымен де танысты. Облыс әкімі мердігер компания басшысына білім ошағын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Мұнан кейін облыс әкімі сала мамандарымен бірге ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған арнайы жиын өткізіп, ортақ мәселені талқылады.
Отырыста аудан әкімі Мұхтар Оразбаев егісті әртараптандыру, су жүйелерін тазарту, бекеттерді жөндеу мен каналдарға механикалық тазалау бойынша өзекті мәселелерге тоқталып, негізгі жұмыстарды тізбеледі.
Өз кезегінде облыс әкімі биылғы су деңгейінің төмен көлемде түскенін ескеріп, шекті мөлшердегі лимитке қарай әрекет ету, төрт-түлік малға қажетті жем шөпті уақытылы жеткізу және егіс барысында суды аз қажет ететін өнімдерге мән беру қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, ветеринар мамандардың ауыл-ауылдарды аралап, көмек көрсету және субсидия беру мәселесінде заңдылықты түсіндірді.
- Егін, мал шаруашылығы мәселесінде бірлесіп, әр жағдайды саралай келе тиімді шешім қабылдау үшін осында жиналып, пікірлесіп отырмыз. Биыл жағдай күрделі сипатта өтуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан аудан әкімдері сала басшыларымен бірге әрбір ауылдардағы мәселелерді зерделеп, егіс көлеміне су жіберу үшін нақты жоспар құрып, бақша дақылдарын егу, мал басын аман сақтап қалу үшін төрт-түлікке керек дәрі-дәрмек, малды сырғалау және вакциналау жұмыстары кезінде қимыл-әрекетті жасауы қажет. Кеше Арал ауданында да шаруалармен кездескенде негізгі деген мәселелерді тізбектеп алдық, сондықтан насос қондырғыларын алу, каналдарды тазарту ісіне қаржы бөліп жатырмыз. Әрі қарай көрші мемлекет тарапынан берілетін су деңгейінің лимиті аясында тиімді шешім шығаруымыз қажет-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кетейік, су деңгейінің аз болуына байланысты қуаңшылықтың алдын алу үшін Жол картасы әзірленіп, 65 жобаға ҚР Үкіметі резервінен 3,6 млрд теңге бөлу үшін ҚР Қаржы Министрлігінен келісім алынды. Сондай-ақ, 22 канал тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғыларын алу жоспарда бар. Мұнан бөлек, 157 шақырым болатын 20 канал тазалау мен елді-мекендерге қажетті 23 насос қондырғысын орнатылатын болады. Оның ішінде Қазалы ауданын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 1 дана дизель насос алу үшін де қаржы қаралған.
Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова сала басшыларына аудан әкімдерімен бірге егіске қажетті суармалы судың лимитін нақтылап, айлар бойынша он күн сайын облысқа су жеткізу кестесін бір апта мерзімде белгілеп ұсынуды, ауданаралық магистралды канал бойынша су жеткізудің 10 күндік кестесін әзірлеп, 25 наурызға дейін бекітуді және көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін су шаруашылығы нысандарын жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды жүктеді.
Сондай-ақ, Қазалы ауданы елді мекендерін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін каналдарды тазалау, су насостарын алу, шалғайдағы жайылымдарды суландыру мақсатында аудан аумағынан қажетті жаңадан скважиналар қаздыру үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға қажетті қаржы көлемін пысықтауды тапсырды. Мұнан бөлек, ауру малдарды анықтау, ветеринариялық шараларды ұдайы жүргізуді міндеттеді.