Облыс бойынша 795 тұрғын үй жылуға қосылса, 16 тұрғын үй ішкі жылу желілерінің ақауына байланысты жөңдеу жұмыстары жүруде. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев жылу маусымының дайындық жұмыстарын баяндады.
"Қазан айының басында Қызылорда қаласының орталықтандырылған жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізілетіні туралы хабарланған болатын. Жылу желілерінің тозуынан немесе қондырғылардың істен шығуынан тұрғын үйлерде жылу беру бойынша мәселелер бар. Сонымен қатар, жылу құбырлардың меншік иесіне қарамастан қала әкімдігі мен Қызылорда жылу электр орталығы мамандары пәтерлердегі ақауларды қалпына келтіруге шаралар қолдануда", - деді Ерлан Жаңабаев.
Қазіргі таңда, "Қызылордажылуэлектрорталығы" мекемесі жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын аяқтады. Қала бойынша 186,8 шақырым жылу желілері бар. Бүгінде жылу құбыларының тозуы 40 пайызды құрайды. Баспасөз конференциясында "Қызылордажылуэлектрорталығы" МКК кәсіпорынның директоры Наурыз Сатханов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
"Қазіргі таңда жылумен қамтамасыз ету мақсатында негізгі қондырғылар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Температуралық режим кестеге сәйкес тұрақты. Жылу энергиясының сағатына өндірілуі - 62,8 Гкал-ны құрады. Сыртқы ауаның орташа температурасы +8 градус болса жылу жүйесіндегі судың температурасы 57/46 градуста ұсталып тұруда. Кәсіпорын алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтау мақсатында бюжеттен тиісті қаржы қарастырылды", - деді Наурыз Асанханұлы.
"Биылғы жылы жылу құбырларының тозығын азайту мақсатында инвестициялық бағдарлама бекітілді. Соның нәтижесінде кәсіпорын өз қаражаты есебінен 4,3 шақырым жылу құбырларын толығымен ауыстырды. Сондай-ақ, 10 қыркүйектен бастап магистралдық және кварталаралық жылу құбырларына салқын су айналымға қойылған болатын. Қала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне барлығы 1538 нысан қосылған", - деді Қызылорда қаласының жылу жүйелері мекемесінің директоры Хасанғали Иманғалиев.