ХХІ ғасырдың Ұлы Жібек жолы – «Батыс Еуропа»-«Батыс Қытай» мегажобасының арқасында облысымызда тіршіліктің қазаны қайнай түсті. Тіпті, Сыр өңірі кәсіпкерлерінің екінші тынысы ашылғандай. Транзиттік дәліз жергілікті тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізуімен қатар, жол бойы бизнесінің дамуына мүмкіндік туғызып отыр.
Еуропа мен Азия құрлықтарын байланыстырып жатқан жолда кәсіпкерлер сапалы қызмет көрсететін сервистік орталықтар ашып, табыс табуда. Нақты айтар болсақ, күре жолдың облыс аумағына тиесілі бөлігінде жүріп келе жатқан жолаушы аялдап, тамақтанып, тыныстап, демалуына, көлігіне май құйып, кем-кетік жерлерін жөндетіп алуына толықтай жағдай жасалып жатыр.
Қазіргі таңда, облыс орталығы мен жеті ауданның арасында заманауи талаптарға сай келетін 35 сервистік кешен іске қосылып, жұмыс жасауда.
Жолаушыларға сервистік қызмет көрсететін орталық ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің бірі – Гейдарова Гүлмира Мұрадинқызы. Бүгінде кәсіпкер «Қызыл-Орда» жол бойы сервистік кешенін ашып, сол арқылы табысын тауып, қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Мінекей осындай қызметінің арқасында Гүлмира Мұрадинқызы туризм саласындағы қажырлы еңбегі үшін Мәдениет және спорт министрлігінің «Туризм саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. 10 жылдан астам уақыт бойына аталған салада тынымсыз еңбек етіп, бүгінгі күні еңбегінің жемісін көріп отыр.
Иә, жол мұраты – жету. Ал діттеген жеріңе шаршамай, қиындықсыз баруға осындай жол бойында орналасқан кешендердің көмегі орасан зор. Гүлмира Мұрадинқызы мұнымен шектеліп қана қоймай, тұрмысы төмен, қамқорлыққа мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып келеді. Жыл сайын өткізілетін «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы кезінде қала аумағындағы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратып, сауапты іспен айналысады.
Сондай-ақ, «COVID-19» пандемиясы кезеңінде қалалық емхананы өкпені жасанды желдету аппаратымен жабдықтады. Түркістан облысы, Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде, жергілікті тұрғындарға дер кезінде көмек қолын созып, қажет заттарын алуға жәрдемдесіп, былтырғы жылы карантин талаптары күшейген уақытта облысымыздағы тұрмысы төмен отбасыларды көмексіз қалдырмады.