Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Дәмді сүзбе, тәтті кілегей

Қармақшы ауданына қарасты Дүр Оңғар ауылы егін шаруашылығымен айналысады. Мұндағы «Жаңажол» ЖШС жылына 3 мың гектарға жуық күріш егеді. Сондай-ақ ауыл еңбеккерлері қосымша мал шаруашылығын дамытуда. Әсіресе, ірі қара өсіруге ынталылар көп. Соның бірі – «Айман» шаруа қожалығы.
Бұл шаруашылық мал өсіріп қана қоймай, одан шығар өнімін бүгінгі талапқа сай өңдей бастаған. Сүт өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорын құрып, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 10 млн теңге несие алған.
– Жобаны биыл 1 маусымнан бастадық. Мұның алдында ірі қара алуға осындай қаржылық қолдау иеленіп, ол берешектен уақытында құтылдым. Қазір 20 бас сиырым бар. Соның күнделікті сүтін пайдаға асырып келемін. Қаржыға күніне 500 литр сүт өңдейтін қажетті құрылғыларды сатып алдым. Бізден шыққан өнім әзірге аудан орталығындағы дүкендерде сатылуда, – дейді шағын кәсіпорынның басшысы Дархан Айманов.
Дүроңғарлық кәсіпкер әзірге кілегей, құрт, сүзбе сияқты күнделікті қажетті өнімдерді аудан халқына ұсынып отыр. Ал жаз айларында шағын цехта балмұздақ дайындалып, ауыл қарадомалақтары да тәттіге қарық болыпты.
Айта кетсек, Қармақшы ауданында 3893 кәсіпкерлік субьектісі бар. Оның ішінде биыл тіркелгені – 624.
– Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қатысты атқарылған жұмыс көп. Мысалы, өзіңіз көрген Дүр Оңғар ауылындағы сүт өнімдері. Осыған қаржы бөлген «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аудандағы 25 жобаға 110 млн теңге несие берді. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен 110 жоба 539,2 млн теңге несиемен қаржыландырылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Бағдарламаның аты «Еңбек» деп аталады. Осының шеңберінде 65 жобаға 225 млн теңгеге жуық несие берілсе, жаңадан кәсіп ашуға ұмтылған 150 адам өздері қорғаған бизнес жобалары арқылы 87,5 млн теңгенің грантын ұтты. Бөлім тарапынан кәсіпке ынталы, әсіресе, ауыл тұрғындарын шағын бизнеске ынталандыру, қолдау жұмысы тоқтаған емес, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеров.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: