Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Өзбекстанның Навои облысымен әріптестік байланыс жасалады

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Навои облысының әкімі Нормат Тұрсунов қос өңірдің әріптестік аясын дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойды. Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев және Навои облысы әкімінің орынбасары Камолиддин Хасанов қатысты.


Екіжақты кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және одан әрі өзара тиімді дамытуға бағытталған осындай іс-шараны өткізу бүгінгі кездесуімізге ерекше мән беретінін атап өтті.
«Бұл кездесу өзекті тақырыптарды талқылауға, бiрлесiп жұмыс жасау мүмкіндіктерін зерттеуге және шекара маңы өңірлерінің неғұрлым тығыз ынтымақтастығының перспективаларын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл біздің облыстарымыздың арасындағы екіжақты қарым-қатынастар мен достық байланыстарды тереңдетудің тағы бір қадамы екені сөзсіз.
Біз ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан барлық бизнес өкілдерін бірге және тиімді жұмыс істеуге шақырамыз және барлық конструктивтік ұсыныстарын қабылдауға әркез дайынбыз. Бауырлас өзбек халқына бейбітшілік, ынтымақ және биік асулар тілеймін», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы әрі қарай дамыту перспективасы бар бағыттарды айта отырып, туризм саласындағы әлеуетті жобаларды атап өтті. "Ұлы Жібек жолы" тұжырымдамасы аясында бірлескен халықаралық туристік өнімді құрудың үлкен мүмкіндіктері бар екенін жеткізіп, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен өңірдегі Қорқыт Ата мемориалдық кешені, Жанкент, Сығанақ, Шірік-Рабат секілді көне қалашықтарға танымдық сапарларды ұйымдастыруға шақырды.
Өз кезегінде Навои облысының әкімі Нормат Тұрсунов көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, өзаға әріптестік аясын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу соңында қос тарап облыстар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша әзірленген Жол картасына қол қойды. Бұл құжат сауда-экономикалық даму, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, мәдениет, спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қамтиды.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда аймақ Өзбекстан Республикасымен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында 13 роуд-шоу, оның ішінде Самарқанд, Навои және Ташкент қалаларында сапарларды ұйымдастырды. Қызылорда облысы Навои өңірімен сауда-саттық, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп салаларында әріптестік орнатқан. Атап айтқанда, биылғы жылдың 9 айында тауар айналымының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 есе артып, 26,8 млн. АҚШ долл. құрады. Сыр өңірі негізінен Өзбекстанға цемент, күріш, ұн, кебек экспорттаса, Өзбекстан Республикасынан тоқыма тауарлары, құрылыс материалдары, кондитерлік өнімдер, жемістер мен көкөністер импортталады.
Облыстағы «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС тампонажды цемент зауытының ағымдағы жылдың 9 айында зауыт Өзбекстанға жалпы құны 14,3 млн. АҚШ долл.құрайтын 278,8 мың тонна цемент экспорттады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында 2021 жылдың басынан бері облыс Өзбекстанға 5,7 млн. АҚШ долл. сомасына 20 мың тонна күрiш экспорттады. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: