Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Шиелі ауданында спорт кешені ашылды

Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Шиеліге жұмыс сапары аясында Ақмая шаруа қожалығының ғимаратына барды. Әкім назарына стенд арқылы күрделі жөндеуден өткен монша мен шаруа қожалығының демеушілігімен салынған тұрғын үй таныстырылды. Шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков қожалықта жұмыс істейтін көпбалалы 2 отбасыға баспана салу үшін осы жобаны бастаған. Сондай-ақ, ауыл жастары үшін бірлестік құрып, арнайы кабинет ашқан. 


Әрі қарай облыс әкімі Керделі ауылдық округінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорттық сауықтыру кешенін ашты.
Аймақ басшысы игі бастаманы қолдап, нысанның бой көтеруіне ықпал жасаған кәсіпкер, Шиелі ауданының құрметті азаматы Бағлан Әшірбековке ауыл тұрғындары мен өз атынан ризашылығын білдірді. 
- Соңғы 5 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінде спорт кешені пайдалануға беріліп, спортшыларымыздың жеңістері еселенді.
Бүгін, міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен спорт кешенін ел игілігіне пайдалануға бергелі тұрмыз. Бұл күн балғын балалардың, ауыл жастарының ең қуанышты да бақытты күндерінің бірі деп есептеймін. Осы спорт кешенінен шыңдалған жастарымыз облыстық, республикалық додаларда жеңіске жетіп, олимпиада шыңдарын бағындырып, көк туымызды желбірете берсін, - деді Гүлшара Әбдіқалықова. 
Спорт кешенінде күрес, таэквандо, баскетбол және ауыр атлетикадан үйірмелер жұмыс жасап, 11 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Мұнан соң, өңір басшысы Шиелі кентіндегі аудандық жастар үйі мен И.Әбдікәрімов көшесі бойына салынып жатқан аллеяны көрді. 
«Жастар ресурстық» орталығының директоры Ержан Әбдешов шиелілік жастардың бастамасымен іске асып жатқан жобаларға тоқталды. Орталықта кітапхана, конференц зал, коворкинг, өнерлі жастарына арналған арнайы орын бар. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. 
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі елді-мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының одан әрі жалғасатынын және жобаларды уақытында тапсыру керектігін қаперге салды.  
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: