Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанына биыл - 30 жыл. Еліміз егемендік алып, даңғыл жолда талай қиындықтарды еңсерді. Шекарамыз шегенделіп, тәуелсіз мемлекет атандық. Әлемнің 186 елімен халықаралық деңгейде келіссөздер орнатып, бейбітшілік пен татулықты ту еттік.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев пен мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Уәйіс отыз жылда жеткен жетістіктер мен ел экономикасының даму жолын саралады.
- Бүгін Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты Сыр елінде «Жасампаздыққа толы 30 жыл» атты ауқымды конференция өтті. Отыз жылда жеткен жетістігіміз бен осы жылдарда Қызылорданың өсу қарқыны туралы жан-жақты пікірлер айтылды. Тәуелсіз мемлекет атанған 30 жылда 186 елмен дипломатиялық келіссөздер орнатып, елімізге 330 миллиард.доллар қаржы құйылды. Жалпы ішкі өнім көлемі - 16 есеге өсті. Индустриялық инновациялық бағдарламалар аясында елімізде көптеген өндіріс орындары ашылды. Одан бөлек, үлкен инфрақұрылымдық жобалар іске асты. Өздеріңіз кеше куә болдыңыздар, орталық Азиядағы ең үлкен өндіріс кешені – шыны зауыты іске қосылды. Бұл Қызылорда облысының экономикасына едәуір әсер ететіні анық, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев.
- Отыз жыл аз уақыт емес. Білектің күшімен найзаның ұшымен келген келген бұл Тәуелсіздік біздерге үлкен сый. Отыз жылда әлем картасында Қазақстан деген ел ойып тұрып орын алды. Алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп өсіп-өркендеп келеміз. Елбасының көреген саясатының арқасында шекарамызды шегендеп, іргесін қаладық. Елбасының бірінші ерлігі ядролық қаруды тоқтату еді. Сол арқылы әлемде татулық пен бейбітшілікті орнатуға үлес қостық, - деді Мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Ұбайдаұлы.