Қызылордада 4 мыңнан астам адам «Pfizer» вакцинасын салдырды
Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Қазіргі таңда инфекциялық стационарда – 253 адам, ал жансақтау бөлімінде 25 науқас ем қабылдауда. Сондай-ақ, өңірдегі барлық емханаларда екпе қоры жеткілікті.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов мәлімдеді.
-Өңірде санитарлық эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты «сары аймаққа» ендік. Өткен тәулікте 20 жағдай тіркелді. Яғни, аурушаңдық деңгейі салыстырмалы түрде төмендегені байқалады. Сонымен қатар, 72 515 облыс тұрғыны ревакцинациядан өтті. Оның 4 мыңнан астамы американдық «Pfizer» вакцинасын салдырды. Жалпы облыс бойынша вакцинаның І компонентін 93 пайыз, ал ІІ компонентін алғандар 89,8 пайызды құрады. Ал 30 513 адам «Pfizer» вакцинасымен қамтылды, - деді Жангелді Шайымбетов.