Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сыр өңірінде Наурыз Амал мерекесімен басталды

Сыр өңіріндегі мейрам кеше Амал мерекесінен бастау алды. 
Негізгі шаралар облыс орталығында 21-22 наурыз күндері өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова айтып өтті.
«9 күн бойы Ұлыстың ұлы күні аталып өтіледі. Әрбір күн бір атаулы іс-шараға арналады. Шараны ұйымдастырудың идеялық мазмұны алдымен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарды жаңғыртып, насихаттау болып табылмақ.
15 наурызға – Дәстүрлі құндылықтар күні деген атау бердік. Бүгіннен бастап барлық білім беру ұйымдарында «Наурыз мейрамы» ұғымы туралы тәрбие сағаттар, дәрістер, көрмелер, экскурсиялар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, 16 наурыздан бастап меценаттарды, кәсіпкерлер мен еріктілерді тарта отырып, қала, аудандарда, кент және ауылдық округтерде «Наурыз мейірімі» қайырымдылық акциялары жоспарланып отыр.
Наурыз мейрамында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Осы ретте, 17 наурызда халық көп шоғырланған орындарда, орталық стадионда ұлттық спорт түрлерінен де сайыстар, тұрғындарға арналған «Спорт алаңдары» атты шаралар ұйымдастырылады», - деді Мира Жомартқызы. 
18 наурызда «Наурыз қоржыны» акциясы, «Наурыз шапағаты», «Балаларға базарлық», «Ертегілер елінде» секілді жеткіншектерге арналған шаралар өткізілмек. 
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларды ұйымдастыруға байланысты 19 наурызда жалпыхалықтық сенбілік болады. Ал, 20 наурыз қолөнер туындыларын әзірлейтін шеберлер күніне арналады. 
Айта кетейік, облыстық ішкі саясат басқармасы 14-22 наурыз аралығында түрлі форматта барлығы 80-ге жуық шараны өткізуді жоспарлауда.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: