Бүгінгі таңда облыс көлемінде мал ұрлығы қылмысы өзекті тақырыпқа айналып отырған мәселе. Осы бағытта тәртіп сақшалары мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, жолын кесу, болдырмау бағытында біраз жұмыстар атқаруда.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осындай ұрлық қылмысы 3 азаматтан құралған қылмыстық топтың алдын ала сөз байласып, іс-әрекеттеріне жоспар құру бағытымен орын алған. Атап айтқанда, 2014 жылдың 30 желтоқсанында 1992 жылы туылған Шиелі ауданы тұрғыны, 1989 жылғы Қызылорда қаласының тұрғыны оңай жолмен ақша табу мақсатында алдын ала келісімге келіп, «Nissan Primera» маркалы автокөлігімен Қарауылтөбе ауылына барады. Осы ауылдың тұрғыны Ж.Қ. есімді азаматтың үй ауласындағы мал қорасынан 1 бас қойын көліктің жүксалғышына салып, оқиға болған жерден бой тасалаған.
Бұл қылмыстарымен тоқтамай, қаңтар айының 28-не қараған түні жоғарыда көрсетілген 2 азамат Титов қыстағы тұрғынының үй ауласындағы мал қорасынан 2 бас қойын ұрлап, 50000 теңге көлемінде шығын келтірсе, сол түні Қараөзек елдімекенінің тұрғыны Б.Б. есімді азаматтың жеке иелігіндегі мал қорасынан тағы 2 бас қойын ұрлап, 45000 теңге көлеміндегі залал келтірген. Барлық қылмыстарын көліктерінің көмегімен іске асырып, оқиға болған жерден дереу бой тасалап отырған.
Жоспарлаған қылмыстық істерін бұдан әрі жалғастырып, қастарына ортақ таныстары 1993 жылы туылған М.Б. есімді азаматты қосып алады. 3 адамнан құралған қылмыстық топ 2015 жылдың ақпан айының 5-не қараған түні Абай ауылы тұрғынының 2 бас қойын, Көкжиде ауылы тұрғынының 65000 теңге тұратын 1 баспағын ұрлаған. Жоспарлы істерін жүзеге асырып келе жатқан жолда Қызылорда ҚІІБ-ның Жол-патрульді полиция батальоны қызметкерлері күдік тудыратын автокөлікті тоқтатып, тексеру барысында жүксалғышта ұрланған қойлар айғақ зат ретінде алынған.
Қазіргі таңда Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылының тұрғыны М.М. есімді және Қызылорда қаласының тұрғындары А.М., М.Б. есімді азаматтар күдікті ретінде ұсталып, Қызылорда қалалық ІІБ-ның уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу жұмыстары барысында, бұл азаматтардың қатысуымен жоғарыда аталған қылмыстардан бөлек тағы 6 мал ұрлығын Шиелі ауданында жасағандығы анықталды.
Атап айтсақ, 2014 жылдың 21 тамызында Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылы тұрғынының 3 бас қойын ұрлап, 120000 теңге көлемінде шығын келтірсе, 2015 жылдың 02 ақпанында дәл осы елдімекеннің П.Қ. есімді тұрғынының 2 бас қойын ұрлап, 60000 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталған. Сезіктілер орын алған барлық мал ұрлығы деректері бойынша кінәларын мойындап отыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, полиция қызметкерлері бөтен мүлік ұрлығының алдын алу мақсатында облыс тұрғындарына малдарды қараусыз жібермей, күзетті күшейту керектігін және мал ұрлығы қылмысы орын алған жағдайда уақытты шығындап, өз бетінше іздеуге тырыспай, тәртіп сақшыларына хабар беру қажеттігін ескертеді.