Бір литр сүт - 14, 5 млн теңге: Білім басқармасы түсініктеме берді
Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен интернет порталдарда Шиелі аудандық білім бөлімі бір литр сүт үшін қомақты қаржы жұмсады деген ақпарат тараған болатын.
Осыған байланысты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мемлекеттік сатып алуға байланысты БАҚ өкілдеріне түсіндірме жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратта техникалық ақаулық орын алған. Онда Шиелі аудандық білім бөлімі бір литріне емес, бір жылдық қаражаттың көлемін көрсеткен.
- Бұл мәселелерге қатысты тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Шиелі аудандық білім бөлімі 1 литріне емес, 1 лот яғни жылдық соммасын 14 млн 577 мың теңгені көрсеткен. Ал Қармақшы аудандық білім бөлімінің №275 орта мектебі мемлекеттік сатып алу порталында жылдық жоспарды орналастыру барысында техникалық қателік жіберілгені анықталды. Яғни бір күрткенің негізгі бағасы – 16 701,43 теңгеден болуы қажет. Алайда техникалық қателіктің кесірінен 1 млн 670 мың 14 теңге көрсетілгені анықталды. Аталған деректер бойынша тиісті шаралар қабылданып, бөлінген қаржыға сәйкестендірілді. Ал жауапты сала мамандарына тәртіптік шаралар қолданылды, - деді Ақзира Бақтыбайқызы.