Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәсіпорындардағы еңбек қатынастары мен жалақыны көбейтуге қатысты отырыс өткізілді

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова біқатар мекемелер мен кәсіпорындардағы еңбек қатынастары мен жалақыны көбейтуге қатысты отырыс өткізді. 


Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен салалық басқарма басшылары қатысты.
Бүгінде өңірдегі бірқатар компанияларда туындаған мәселелер облыс әкімінің төрағалығымен өткен облыстық үшжақты әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия мәжілістерінде қаралып, нәтижесінде өзекті мәселелер оң шешімін тауып, еңбек ұжымдарындағы ахуал тұрақтанып келеді.
Мәселен, «ҚуатАмлонМунай» БК ЖШС 2022 жылдың 1 наурызынан бастап 394 жұмыскеріне, «СНПС-АйданМұнай» АҚ биылғы 1 ақпаннан бастап 328 жұмыскеріне жалақы мөлшерін көтерді.
Бүгінгі басқосуда соңғы уақыттағы инфляция әсерінен тұрмысқа қажетті өнімдер бағасының қымбаттауына байланысты облыстағы 4 кәсіпорындарда жалақыны көбейту мәселелері қаралды.
Нақтырақ айтқанда, «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС, «ПетроҚазақстанКумкольРесорсиз» АҚ, «Қызылорда қалалық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК, «М.Айқымбаев атындағы АҚИҰҒО» ШЖҚ РМК-ның «Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» филиал қызметкерлері тарапынан еңбек ақыны көтеру бойынша ұсыныс берілген. Бұл мәселелер облыстық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияда қаралып, туындаған сұрақтарды шешу жолдары қаралуда.
Аймақ басшысы жұмысшылар тарапынан көтерілген мәселелердің нақты шешілу жолдарын заң шеңберінде қарап, әрбір кәсіпорын басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жұмысшылардың еңбекақы мөлшерін көтеруге және кәсіподақпен бірлесіп оң шешім қабылдауға мүдделік танытуы қажет екенін еске салды. Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетовке аталмыш мәселені жеті бақылауда ұстауды тапсырды.
Жиында жалақы қарызын төлеу мәселесі де қозғалды. Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, жалақы бойынша берешекті өндіріп алу мақсатында облыстық прокуратура, мемлекеттік кірістер, әділет департаменттерімен бірлесіп, апта сайын салыстырмалы акті жасалады.
Аймақ басшысы кәсіпорындар мен мекемелерде жалақы төлемін кешіктіру фактілері анықталған жағдайда дереу әрекет ету шараларын қолдануды тапсырды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: