Биыл Қызылордада құрылыс саласында 106 жоба жүзеге асуда
Биыл Қызылорда облысында мемлекеттік бюджет есебінен 60,6 млрд. теңгені құрайтын 106 жоба жүзеге асуда. Бұл туралы облыс әкімінің міндетін атқарушы Мархабат Жайымбетов хабарлады.
Президент көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрін жаңғыртып отырудың маңыздылығын ескеріп, олардың кешенді және сапалы болуға тиіс екенін айтады Мемлекет басшысы.
Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен аймақта жүзеге асырылатын құрылыс жобаларының тиімділігін әрі сапасын қадағалайтын арнайы Кеңес құрылып, жұмыс жасауда. Жоспарланған жобалар кеңесте жан-жақты талқыланып, тиімділері ғана қолдау тауып отыр. Бұл ең алдымен бюджет қаржысын тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Сонымен қатар, халық үшін қажетті нысандарды салуды көздейді. Яғни, басымдылық әлеуметтік нысандарға беріліп отыр.
Бүгін облыс әкімінің міндетін атқарушы Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен облыс көлемінде мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан құрылыс нысандарының жағдайы талқыланды.
- Бүгінгі күні мемлекеттік бюджет есебінен 60,6 млрд. теңгені құрайтын 106 жобаны жүзеге асыруға 2022 жылға 21,9 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржыны толық игеріп, құрылыс нысандарын мерзімінде және сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуіміз қажет, - деді М. Жайымбетов.
Аталмыш жобалар бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы, Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары баяндап берді.
Сонымен қатар, биыл облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 14 әлеуметтік нысан іске қосылады. Ал, қалған 8 нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.