Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қармақшы және Жалағаш ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады.
Алдымен,Байқоңыр қаласына іргелес орналасқан Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіне тартылып жатқан табиғи газдың құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнан соң, кенттегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 640 орындық №85 орта мектепте болып, жұмыстардың қарқынын бағамдап, мердігерге жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттілігін ескертті.
Қазіргі таңда Қармақшы ауданы бойынша 2 елді мекенге газ тарту жұмыстары, 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге күнге 1 мектептің жұмыстары толығымен аяқталып, облыс басшысының тапсырмасына сәйкес қалған 2 мектептің жұмыстары келісім-шарттағы мерзімінен бұрын аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Қармақшы ауданына сапарымен қатар,Байқоңыр қаласындағы құрылысы жүріп жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің жұмысын бағамдады. Көп қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда. Сонымен бірге Ақай ауылдық округінде салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешенінің жұмыстарын бақылады.
Мархабат Жайымбетұлы Жосалы кентіндегі «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан №121 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалады. Өскелен ұрпақ тәрбиеленетін білім ордаларының жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуге аса мән беріп, мердігерге мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Әрі қарай Жалағаш ауданы Таң ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Ауысымына 30 науқас қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияда 2 стационар, психолог, терапия, дәрігерге дейінгі кабинеттер, егу бөлмесі бар.
Жалағаш кентіндегі 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарының сапалы жасауды тапсырды.
Жалпы, облыс әкімінің орынбасары іссапар барысында қамтылған барлық нысандар бойынша жауапты мердігерлер мен тиісті сала басшыларына құрылыстарды уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.