Жуырда ғана Қазалыда ашылған «Драцена» дәріханасына келушілердің қарасы қалың. Қырық жылға жуық еңбек өтілі бар фармацевт Күнжамал Бисалиева тұтынушыларға дәріні босатып қана қоймай, білгенімен бөлісе тұрғанды жөн санайды.
Дер кезінде ашылған дәріханаға біз де бас сұқтық. Мұнтаздай тап-таза бөлме, жинақы сөрелер, реттілікпен орналастырылған дәрі-дәрмектер бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Сәлемімізді күлімсірей қабыл алған Күнжамал апа келген мақсатымызды білген сәтте ағынан жарылды. Әңгіме ауанынан байқағанымыз апайдың немересі Айгерім Ақбай кәсіпкерлік саласына бет бұрып, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы білім алыпты. Жігерлі жас бизнес жоспарын дайындап, оны мамандар алдында қорғап шығады. Ойға алған ісі сәтін салып, қолдау тапқан соң мемлекеттік бағдарлама арқылы несиеге қол жеткізген. Нәтижесінде Қазалы қаласынан дәріхана ашып, кәсібін бастап кетті. Айгерім өзі де фармацевт мамандығын меңгеруде. Алайда әжесінен үйренері көп екенін жақсы біледі.
Қырық жылға жуық осы салада еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан Күнжамал Бисалиева Қызылорда қаласындағы медициналық училищеде білім алған. Әйтеке би кентіндегі «Мерей» дәріханасында еңбек еткен. Жолдасы Шәкизада Ақбаевтың қызмет бабымен Қазалы қаласына көшіп келген соң осындағы «Баян» дәріханасында жұмыс істеді. Отбасында бес бала тәрбиелеп, өсірген ата-ана халыққа адал қызмет ету адамдық парыз дегенді ұрпағының құлағына құйып келеді. Қыздарының төртеуі мұғалім болса, біреуі есепші.
– Шүкір, халық ризашылықтарын айтып, алғыс білдіруде. Әр келген жанға қажет еткен дәрісін тауып беруге тырысамыз. Жоқ болып қалған дәрі-дәрмектерді дереу жазып алып, тапсырыс береміз. Дәрілер келісімшарт арқылы еліміздің үлкен қалаларындағы «Зерде», «Ақниет», «Аманат» ЖШС-нен жеткізіледі, – дейді Күнжамал апа.
Бұл ретте оған қызы Гүлбану көмектеседі. Есепші мамандығын игерген ол бухгалтерлік жұмыстың қыр-сырын жақсы меңгерген.