Қызылордада ескексіз қайықпен көл ортасында қалып қойған 3 адам құтқарылды
Қызылорда облысында көлде балық аулау кезінде қайығының ескегі сынып, жағалаудан бір шақырымдай қашықтықта қалып қойған 3 адам құтқарылды.
Оқиға 8 қыркүйекте сағат 20.50 шамасында Арал ауданы Қамыстыбас елді мекені аумағындағы көлде болған.
Балық аулауға шыққан 3 адам мінген қайықтың ескегі сынып, олар жағалаудан 800 метр қашықтықта қалып қойған.
Бұл жөнінде 112 құтқару қызметіне келіп түскен хабарлама бойынша Қамыстыбас елді мекеніндегі жедел құтқару жасағының мамандары оқиға орнына арнайы техникамен жетті.
«Тастақ көлінде қайығының ескегі сынып қалған балықшылар жағаға шығарылды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір олардың жағдайы жақсы», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.