Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қызылорда облысына келді
Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.
Алдымен вице-министр шаһардағы СПМК-70 шағын ауданындағы және Сырдария өзенінің сол жағалауындағы көпқабатты кредиттік тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Сонымен қатар, жаңа тұрғын үй аумақтарындағы автономды қазандық жұмысымен және тұрғын үйлерді модернизациялау жұмысын да көрді.
Сондай-ақ салалық басқармалардың және облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының қатысуымен жұмыс жиыны өткізілді. Онда өңірдің көрсеткіштері мен проблемалық мәселелері талқыланды. Тұрғын үйді іске қосу бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге, тұрғын үй саясатын іске асыруға, тиімді қала құрылысын жоспарлауға және автоматтандырылған ақпараттық жүйелерде құжаттаманы орталықтандырып жүргізуге бағытталған тапсырмалар берілді.
Сапар барысында халықпен кездесу ұйымдастырылып, қатысушыларға құрылыс және ТКШ салаларында жүргізіліп жатқан реформалары туралы айтылды. Бұған қоса, қолданыстағы және жоспарланып отырған ынталандыру және қолдау тетіктерін қолдану негіздері түсіндірілді.
Мұнан соң, вице-министр азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.