Өңірде балық шаруашылығын дамыту саласында оң қарқын қалыптасып келеді. Бүгінде тауарлы балық өсіру және сирек кездесетін балық түрлерін көбейту мақсатында 2 тоған шаруашылығы құрылды. Қазіргі таңда онда сазан, ақ амур, дөңмандай және африкалық жайын сынды балық түрлері өсірілуде.
Сондай-ақ, облыста 2030 жылға дейін 12 мың тоннадан асатын балық шығаратын 16 шарбақтық шаруашылық пен 1200 тонна тауарлы балық өсіретін 12 тоғандық шаруашылық құру жоспарлануда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров хабарлады.
-Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 55 тауарлы су айдыны мен 4 тоған шаруашылығы жұмыс істеуде. Жалпы аталмыш бағдарлама шеңберінде 2030 жылға дейін облыста 16 мың тонна балық өсіру межеленіп отыр. Осыған сәйкес, 15 су айдыны кәсіпшіліктен көл тауарлыға ауыстырылды. Сонымен қатар балық шабақтарын құтқару және қырылу қаупін алдын алу бойынша белсенді шаралар жүргізілді. Атап айтқанда, Сырдария және Жалағаш аудандарында жауапты мамандармен бірлесіп, заңсыз балық аулауға қарсы кезекшілік ұйымдастырылды. Осы жұмыстардың арқасында 8 млн данадан астам балық шабағы құтқарылды. Одан бөлек, "Таза су айдындары" табиғатты қорғау акциясына 500-ге жуық адам қатысып, су айдындарынан 44 тоннаға жуық әр түрлі қоқыс қалдығы шығарылды. Ал "Уылдырық шашу" балық қорғау акциясы басталғалы 214 балық қорғау заңнамасын бұзу дерегі анықталып, тиісті әкімшілік хаттама толтырылды. Биыл да балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз, - деді Жанқожа Рамбердіұлы.