Биыл аймақтың макрокөрсеткіш деңгейін арттыру мақсатында өңдеуші өнеркәсіпте 5 жоба, агроөнеркәсіп кешенінде 16 жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар өңірде 135 әлеуметтік нысанның құрылысы қарқын алып, бірқатар тұрғын үйдің кірпіші қаланады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мәлімдеді.
-Жалпы былтыр облыстың барлық салаларында өсім жоғары болды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 5,6 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 пайызға, инвестиция тарту 26,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй 3,3 пайызға, сауда көлемі 2,3 пайызға артты. Осының нәтижесінде, негізгі макроэкономикалық көрсеткіш бойынша республикада біздің өңір 6-шы орынға жайғасты. Ал бюджетке келетін болсақ, жалпы түсім 100,5 пайызды құрады. Оның ішінде өз кірісіміз 2,8 млрд.теңгеге артығымен орындалып, 3,6 пайызға өсті. Биыл да бұл көрсеткіштерді арттыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынды. Соның бірі – осы жылы демеушілер есебінен бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандар бой көтереді. Сондай-ақ, облыс аумағындағы 526 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізіліп, жол сапасының қанағаттанарлық деңгейін 82 пайызға жеткізу межеленді. Бұдан бөлек, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үлесін 98,5 пайызға, табиғи газбен қамту 72 пайызға жеткізу бағытында жұмыстар атқарылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде, облысқа барлық көздерден 424 млрд.теңге инвестиция тартылып, 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы 2023 жылғы облыс бюджеті 520,0 млрд.теңге көлемінде бекітілді, - деді басқарма басшысы Нұрғали Қордабай.
Сонымен қатар басқарма басшысы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифинг барысында мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл «Ауыл Ел бесігі» жобасы шеңберінде 39 ауылдық елдімекенге құны 7,9 млрд.теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Ал «Білімді ұлт сапалы білім беру» Ұлттық жобасы аясында 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 87,9 пайызға жеткізу межеленуде.