Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен аудандарға жоспарланған баспасөз туры Шиеліден кейін Жаңақорғанда жалғасты. Республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аяқталған және салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысып, кәсіпкерлік саласының жұмысына, бау-бақша дақылдарын егумен айналысатын диқан еңбегіне куә болды.
![]()
Аспалы көпір ел игілігіне айналды
Жаңақорған кентіндегі теміржол арқылы өтетін аспалы көпірдің құрылысы тоқсаныншы жылдарға дейін басталған еді. Сан алуан себеппен аяқсыз қалып, қырық жылға жуық уақыт құрылыс қозғалған жоқ. Десе де оған байланысты тұрғындардың өтініші де толастаған жоқ. Облыс басшылығының қолдауымен жақында көпір елдің игілігіне айналды. Бұл дарияның арғы бетінде орналасқан 15 іргелі елді мекен тұрғындарының «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне тікелей және кедергісіз шығуына мүмкіндік берді. Қазір алыс ауылдағы 22 мыңнан астам адам бұрынғыдай айналма жолдың азабын тартпайды. Уақыт пен қаржы үнемдейді. Оған қоса жаңа көпір ауданішілік логистиканың жақсаруына оң әсерін тигізді. Сол арқылы көлік қозғалысы реттелді.
– Бұл мақсатқа былтыр аудандық бюджеттен 355,7 млн теңге қаралып, межеленген жобаның үштен бір бөлігі жүзеге асты. Биыл 341,6 млн теңге қаралып, қалған жұмыс толықтай орындалды. Сәуір айында аудан орталығының «Жаңауыл» бөлігіндегі жол жабылып, сол аумақтан айналма жол салынды. Жобаның жалпы құны – 1,4 млрд теңге, көпірдің ұзындығы 1200 метр. Құрылысты «Сервис НС» ЖШС жүзеге асырды. Көпірдің екі жағына жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар салынып, түнгі жарықшам орнатылды, – деді аудан әкімінің орынбасары Семсер Сыздықов.
Тұрғындардың айтуынша, бұрын көліктер пойыз өткенде теміржолдың екі бетінде кептелісте тұрып қалатын. Салдарынан жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметі межеленген орынға дер уақытында жете алмайтын жағдай кездесетін еді. Енді мұндай қиындық жоқ.
– Аудан орталығында отыз мыңнан астам адам тұрады. Ал дарияның арғы бетінде ондаған ауыл бар. Оларға бұрын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне шығу үшін төте жол жоқ болатын. Соған байланысты көлік иелері аудан орталығының ішімен жүруге мәжбүр еді. Көпір сол қиындықтың түбегейлі шешілуіне оң ықпалын тигізді. Қазір көпір үстінен жүк және жеңіл көліктер ешбір кедергісіз қатынайды. Мен аудан орталығының «Жаңауыл» бөлігінде ұзақ жылдан бері тұрамын. Кенттің іргесіндегі елді мекенде өмір сүріп жатқан халық та кептеліс қиындығын көріп келді. Сондай-ақ теміржолдың екінші жағына шығу үшін бұрынғыдай уақыт жоғалтпайтын болдық. Сол үшін тұрғындар атынан облыс басшылығына алғыс айтамыз, – деді кент тұрғыны Нұрдин Исмаилов.
Енді 8 ауыл газға қосылады
Қуанарлығы, халықтың «көгілдір отынға» қол жеткізу көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді. Жақын уақытта олардың қатарына дарияның арғы бетінде орналасқан сегіз елді мекен қосылады. Бұл үшін газ тарту жобасы қолға алынды. Нәтижесінде 11604 адам осы игіліктің пайдасын көреді.
– Қазір қолданыстағы «Жаңақорған» АГТС-тің қуаты
20 000 м3/сағат, жоба жүзеге асқаннан кейін ол екі есеге артады. Оған жұмсалатын қаржы 2,3 млрд теңгені шамалайды. Былтыр республикалық бюджеттен 100 млн, «Самұрық-Қазына» АҚ қорынан 1 млрд, облыстық бюджеттен 557 млн теңге қаралды. Биыл республикалық бюджеттен 382 млн теңге бөлініп, қаржы толығымен игерілді. Енді қалған 219,7 млн теңгені облыстық бюджеттен бөлу жоспарланып отыр. Қазірге дейін «Транс Азия Констракшн» ЖШС және АГТС жабдықтарын дайындайтын «Батыс мұнай газ жабдықтары» ЖШС 13 блок модулі мен технологиялық жабдықты толық орналастырды, – деді аудандық аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Нұржан Сүлейменов.
Жоба шілде айында толық аяқталады. Осы уақытқа дейін жұмыстың 98 пайызы жүзеге асқан. Жақын күндері «көгілдір отынмен» қамтылмаған өндірістік кәсіпорын мен 1793 тұрғын үйге газ жеткізіледі. Осылайша дарияның арғы бетіндегі «Қожакент», «Өзгент», «Ақсуат», М. Нәлібаев, «Жаңарық», «Қыркеңсе», «Байкенже», «Билібай» секілді сегіз елді мекенге газ тартылады.
– Газдандыру қарқынының өсіп келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта дарияның арғы бетіндегі ауылдарға газ қосылатынын естіп қуанып отырмыз. Бұл халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізеді, жайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасайды, – деді «Қожакент» ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Абдуллаев.
Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп
«Қыраш» ауылында тұратын Индира Сұлтанбекова былтыр сабын өндірісін қолға алған еді. Бұл үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 2,5 пайызбен 6 млн теңге қаржы иеленді.
Кәсіпкердің өзі ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етсе, жолдасы да білім саласында қызмет атқарады. Ерлі-зайыптылар ұстаздықпен бірге кәсіпкерлікті қатар жүргізіп келеді. Қазір олар тәулігіне 100-200 сабын шығарады.
– Сабын өндірісін қолға алу үшін көп іздендік. Қажетті деректерді жинақтадық. Сол арқылы жаңа жобаны қолға алдық. Орайлы істің сәті келіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасына құжат тапсырдық. Құжат толық жиналғаннан кейін, өз ісімізді бастадық. Құрал-жабдықты орнаттық. Жаңа кәсіптің қыр-сырына қанығып жатырмыз. Сабын шығарудан ешқандай қалдық қалмайды. Оған малдың ішмайы, жүгері крахмалы, тағы басқа қоспалар қолданылады. Бұл заттар адам ағзасына зиянсыз. Барлығын тиісті орындардан аламыз. Он күннің ішінде өнім дайын болады. Кәсіпті үйренемін деген адам бәріне бейімделеді. Енді өндіріс көлемін арттыруды ойластырып отырмыз. Қуаныштысы, біздің өнімді тұтынушылар жақсы қабылдады. Олар сабынның сапасы жоғары екенін айтады. Күннен-күнге сұраныс артып келеді. Өнімді түрлі көрмелерге алып барып жүрміз. Алдағы уақытта сұйық және иіс сабын, кір жуу ұнтағын шығарамыз, – деді Индира Сұлтанбекова.
Бүгінде кәсіпкерлік нысанда екі адам жұмыспен қамтылған. Өнімдер Жаңақорған ауданындағы сауда үйлері және ауыл тұрғындарына өткізіледі.
Сондай-ақ «Құттықожа» ауылында Ержан Қонысов демалыс орнын ашты. Онда аптап ыстықта жаныңа сая болатын бассейн бар. Демалыс орнының ашылғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан келушілердің қарасы қалың екенін аңғару қиын емес. Аудан орталығы мен жақын елді мекен тұрғындары бұл орынға балаларымен жиі келетін болды.
– Ауданда мұндай демалыс орындарының саны өте аз. Алайда оған көпшілік тарапынан сұраныс бар. Бұған қатысты нарықты зерттеп көрдік. Сосын өз ісімізді жүргізуге көңіл бөлдік. Демалыс орнының іске қосылғанына он күннен сәл ғана асты. Күннен-күнге келушілер санының артып келеді. Көпшілікке қызмет көрсетуді дұрыс жолға қойып отырмыз. Елдің алғысы ерекше. Ұсыныс-пікірін айтатын азаматтар да бар. Мұнда алдағы уақытта монша, жабық бассейн іске қосылады. Қазір келушілер ашық аспан астында орналасқан бассейн қызметін пайдаланады. Демалыс орнының айналасында қалың ағаш егілген. Олардың өзі көпшілікке жайлылық сыйлайды деген ойдамын, – деді кәсіпкер.
Кәсіпкер алдағы уақытта атпен серуендеу секілді ерекше әсер сыйлайтын демалыс түрі қосылуы мүмкін екенін айтады.
Келешегі зор өндіріс орны
Алдағы уақытта ауданда асфальт шығару зауыты іске қосылады. Бұл істі «Шалқия тас» ЖШС жүргізеді. Жоба биыл жүзеге асады деп жоспарланған. Онда дайын асфальт өнімдері шығарылады. Қазір қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Мемлекеттік қолдау аясында 6 гектар жер телімі берілген. Жоба құны – 700 млн теңге. Жаңашыл істі «Engineering & Construction Company» («ЕСС») ЖШС қолға алған.
– Асфальт зауыты тамыз айына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары толықтай жүзеге асты. Ендігі кезекте құжаттарды дайындауға мән беріп отырмыз. Жақын уақытта шикізат жеткізіледі. Мұнда сағатына 160 тонна өнім шығаруға мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, өндіріс орны облыстағы ең ірі асфальт зауыты ретінде ерекшеленіп отыр. Алдағы уақытта он адам жұмыспен қамтылса, кейін олардың санын екі есеге арттыру ойластырылған. Өнімді облыс көлемінде және көршілес өңірлерге сатуға болады. Келешекте зауытта минералдық ұнтақ шығару жобаланып отыр. Оған қажетті құрал-жабдықтар да жеткізілді. Минералдық ұнтақ асфальттың сапасын күшейтеді. Сондықтан аталған өнімге сұраныс ешқашан азайған емес, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаев.
Бал татыған дәмді қарбыз...
Аймақ тұрғындары тарапынан ауданға қарасты «Жайылма» ауылында өсірілетін бау-бақша өнімдеріне сұраныс өте зор. Әсіресе, жергілікті диқандар еккен қарбыз облыс аумағынан бөлек еліміздің өзге өңірлеріне және шетелге шығарылады. Сыртқары жұрт оны жергілікті жердің бренді ретінде бағалайды. Қарбыздың дәмділігі ерекше, бал татиды. Маусым айының екінші он күндігінен бері Ресейге 1500 тонна қарбыз экспортқа шығарылған.
– Биыл 35453 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 7300 гектары күріш болса, қалғаны – мал азықтық, майлы дақылдар. Ал бақша дақылдары 2 мың гектардан асады. Оның негізгі бөлігі «Жайылма» және «Ақүйік» ауылдық округтерінде егіледі. Қазір диқандар қарбызды ерте пісіру технологиясын жақсы меңгерген. Бұл іске ерте көктемнен қамданады. Наурыз айында есік алдындағы шағын жылыжайда тұқымын дайындап, кейіннен көшетті даладағы алқапқа егеді, – деді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Ауылдық округтегі тұрғындардың негізгі кәсібі бау-бақша дақылдарын егумен тікелей байланысты. Оны отбасылық кәсіп ретінде санайды. Сол себепті ерте көктем мен күзге дейін еңбек ырғағы бір сәтке толастаған емес. Күн ұясынан көтерілгеннен іңір қараңғысына дейін диқандар бел шешпей еңбек етеді. Соның арқасында жылма-жыл мол өнім жинайды.
Диқан Ырыскелді Кекілбаевтың айтуынша, қарбыз дақылының бабын барынша жасау керек. Тиісті мөлшерде су беріліп, қажетті тыңайтқыштар себіледі. Ең бастысы, дақылдың тұқымын ертерек себу маңызды.
– Әдетте, біз қарбызды мамыр айының алғашқы он күндігіне дейін егуге мән береміз. Биыл да сол дағдымыздан жаңылған жоқпыз. Ол – мол өнімнің басты кепілі. Осындай еңбектің нәтижесінде бау-бақша дақылдары биыл да бітік шықты. Қазір қауын-қарбызды өткізуге күш салудамыз. Өнімдер негізінен облыс көлемінде сатылады. Көршілес өңірлер мен Ресейге арнайы алып кететін кәсіпкерлер бар. Қаратау етегінде жатқан «Жиделі» су қоймасы арқылы суарылатын қарбыздың сапасы жоғары болуы керек. Жауапты кезеңде отбасымызбен еңбек етеміз. Таңғы бесте егіс алқабында дақылды суарып, одан кейін арам шөбін жұламыз. Түскі мезгілде бір сәт демалып, кешке қарай қайтадан тірлігімізді жалғастырамыз, – дейді ол.
«Екпіндіде» жарық мәселесі шешілді
Бұрынғы жылдары «Екпінді» елді мекенінде электр желісі ескіріп, тұрғындарға қолайсыздық туып жататын еді. Жергілікті халық ол жайында тиісті орындарға жиі өтініш айтып келді. Екі жылдай бұрын демеушілердің қолдауымен жұмыс жобасы әзірленді. Оған құзырлы мекемелер оң қорытынды берілді. Былтыр жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы анықталды. Құрылыс жұмыстарына «МК-Сервис LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас мердігер ретінде бекітілді. Бұл мақсатта 2024 жылы 172,8 млн теңге толық игерілсе, биыл жұмысты толық аяқтау үшін облыстық бюджеттен 19,2 млн теңге берілді.
– Бүгінде жұмыс толық аяқталды. Жоба бойынша 2 қосалқы станция орнатылды. Оған қоса 12 шақырым жоғарғы, 11 шақырым төменгі кернеулі желілер жүргізілді. Қазір бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары іске асырылуда, – деді серіктестік директоры Қайрат Нұрекешов.
Енді мұнда елді мекенде тұратын 160 тұрғын үйге электр қуаты еш іркіліссіз беріледі. Сол арқылы мыңға жуық адам жайлы өмір сүруге мүмкіндік туып отыр.