Шиелі ауданында жаңа әлеуметтік нысандар қатары көбейеді
Биыл Шиелі ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы айтарлықтай қарқын алады.
Атап айтсақ, Шиелі кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мен ауданға қарасты Байсын ауылдық округінде 250 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал аудан орталығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы қызу жүруде. Бұл жұмыстар толық аяқталса осы жылы 72 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов хабарлады.
-Ауданымыздың экономикасына тікелей ықпал ететін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде жоғары өсім қалыптасты. Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіп өнімін өндіру – 114,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 101,2 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 103,1 пайызға, инвестиция тарту – 176,3 пайызға, ел игілігіне берілген тұрғын үй көлемі – 101,7 пайызға артты. Сондай-ақ, ауданымызда өткен жылы 3 655 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, биыл Шиелі кентіндегі Шұғыла мөлтек ауданында 20 тұрғын үй халық игілігіне табысталатын болады. Тағы бір айта кететін жайт, осы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 80 жас маманды баспанамен қамту мақсатында бюджеттік несиелер берілмекші. Жалпы біз аудан тұрғындарымен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелерді жан-жақты саралап, нақты жұмыстарды әрдайым назарымызда ұстаймыз. Соның бірі – аудан орталығындағы 12 көшеге абаттандыру, көркейту және көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, жаяу жүргінші жолдарды қалыпқа келтіру сынды мәселелерге аудандық бюджеттен тиісті қаржы қаралатын болады. Білім саласына тоқталсақ, аудан бойынша жалпы білім беретін – 40 мектеп бар және бұл білім ордалары екі ауысымда оқытылады. Ал аудан бойынша үш ауысымдық және апатты мектептер жоқ. Ал «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде ауданда 900 орындық мектеп құрылысын бастауға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, - деді аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы.