АПАТТЫҚ ҮЙДЕ ТҰРАТЫН 60 ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПӘТЕРЛІ БОЛАДЫ
Бүгін Қызылорда қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «Астана күні» мерекесіне орай өңірдің мәртебесін еселеп, ел мерейін үстем еткен айтулы шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік шара, Қызылорда қаласында жаңадан бой көтерген мөлтек аудандардың бірі Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге дайындалған құрылыс алаңымен танысудан басталды.
Қала әкімі Н. Нәлібаев аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевқа жаңа мөлтек ауданның алдағы даму бағыты мен атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Бүгінгі күнге дейін, Жаппасбай батыр көшесінің бойынан тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға 240 пәтерлі 4 көпқабатты үй пайдалануға берілген болатын. Ендігі кезекте, Ұлттық қор есебінен 12 көпқабатты тұрғын үйлер /580 пәтер/ құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бұл тұрғын үйлер кварталының жұмыс жобасы мен сыртқы инженерлік желілерінің құрылыс жұмысына Ұлттық қордан тиісті қаржы бөлініп, 33,2 шақырым сыртқы инженерлік желілердің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде: 9,6 шақырым ауыз су жүйесі, 3,1 шақырым кәріз су жүйесі, 6,1 шақырым электр желісі, 4,4 шақырым газбен қамту жүйесі, 1,0 шақырым телефон желісі және 1,9 шақырым жылу жүйесі.
Сонымен қатар, осы ауданда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен мәртебелі қонақтардың қатысуымен апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындарына арналған 60 пәтерлік көпқабатты үйдің іргетасын қалау рәсімі болып өтті.