ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ «АГРОБИРЖА» ҚҰРУ ТӘЖІРИБЕСІ ЕЛІМІЗДІҢ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРІНДЕ ДЕ ЕНГІЗІЛДІ
Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастамасы бойынша ауылшаруашылық өнімдерін, тұқымдарды, ауыл шаруашылығы техникаларын, тыңайтқыштарды, химиялық заттарды сатып алуға, сатуға немесе айырбастауға және қызметтерді пайдалануға болатын «Агробиржа» интернет-ресурсы құрылған.
Агробиржа жобалық басқару шеңберінде іске қосылды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қызылорда облысында Агробиржа құру тәжірибесі барлық өңірлерге ұсынылады.
Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бақыт Жахановтың айтуынша, көбінесе тауар өндірушілер нарыққа тікелей қол жеткізе алмайды. Өндірілген тауарларды қайда, кімге және қай бағада сатылатындығының белгісіздігі тек аймақта ғана емес, республикада да шешілмеген проблемалардың бірі болып табылады.
«Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – делдалдардың көптігі екені ешкімге жасырын емес, сарапшылардың пікірінше олар 65-85% құрайды. Бұл бұрмаланған баға мен бағаны негізсіз көтеруге алып келеді, ал тауар өндірушілердің өзі аз пайдаға қанағат етеді. Осы мақсатта біз «Агробиржа» ауылшаруашылық өнімдерінің саудасына арналған электронды платформа құрдық. Ол сатылым нарығын кеңейтуге, сатып алушы мен сатушы арасындағы тікелей байланыстарды орнатуға, экспорттық операцияларды арттыруға мүмкіндік береді», - дейді Бахыт Жаханов.
Естеріңізге салайық, www.agrosauda.kz веб-сайтындағы ақпарат қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ұсынылған. Болашақта оған парсы тілін де қосу жоспарлануда. Айта кетейік, қызылордалық аграрлар өз өнімдерін экспорттайтын елдердің бірі - Иран.
Қазіргі уақытта интернет-ресурстарын жетілдіру жұмыстары жалғасуда, жақын арада «Агробиржа» мобильді қосымшасы іске қосылатын болады.