Өткен жылы қызылордалық «ГеоМапс» ЖШС-і Кәсіпкерлер палатасына «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» ШЖК РМК-ның «Ақ берен» Қызылорда филиалының мемлекеттік сатып алуға қатысты заңсыздықтарға жол бергендігін айтып, құқығын қорғауын сұраған болатын.
Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мәселені зерттей келе мынадай жайтты анықтады. 2015 жылғы 26 мамырда «ГеоМапс» ЖШС-і мен «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» ШЖК РМК-ның «Ақ берен» Қызылорда филиалы мемлекеттік сатып алу туралы келісім шартқа қол қояды. Келісім шартқа сәйкес «ГеоМапс» 90 күн мерзім аралығында «Ақ береннің» офисін сумен жабдықтауға байланысты міндеттеме алады.
Алайда тапсырысты орындау барысында Серіктестік офисті сумен жабдықтау туралы жергілікті атқарушы орган шешімінің жоқтығын анықтап, «Ақ беренге» жергілікті атқарушы органнан шешім алуға байланысты шаралар қабылдауын сұрап 8 шілдеде хат жолдайды, ал Филиал әкімдікке рұқсат беру құжаттарына қатысты өтінішті тек 31 шілде күні ғана жолдаған.
Жалпы қолданыстағы заңдарға сәйкес тапсырыс беруші мердігерге жобалау-сметалық құжаттаманы жасау үшін қажетті бастапқы деректерді, атап айтқанда, жергілікті атқарушы органның рұқсат беру туралы шешімімен қоса беруі қажет.
Алайда тапсырыс беруші «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» ШЖК РМК-ның «Ақ берен» Қызылорда филиалы жергілікті атқарушы органнан кәсіпкерге рұқсат құжатын алып бермеген, одан өзге кәсіпкерді мерзімінде тапсырысты орындамады деп, жосықсыз қатысушы ретінде тануды сұрап сотқа талап арызбен жүгінеді.
Сотта кәсіпкердің заңды өкілі ретінде Палата қызметкерлері қатысып, кәсіпкердің құқығын қорғады.
Нәтижесінде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «ГеоМапс»-тың жұмысты 95 пайызға орындағанын ескеріп, «Ақ береннің» бастапқы деректерді уақытылы, толық бермеуін ескеріп, талап арызында көрсетілген мердігердің міндеттемені орындау мерзімін себепсіз кешіктірді деген кінәсін негізсіз деп тапты. Осылайша «ГеоМапс» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танудан бас тартты. Кәсіпкер бүгінде қызметін кедергісіз жалғастыруда.