МӘМС жүйесі – азаматтардың сапалы өмір сүру қағидаты мен тиімді медициналық көмекке қол жеткізудің негізгі жолы. Бұл ретте тұрғындардың уақытылы МӘМС жүйесіне енгізілуі маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Осыған орай, бүгін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен МӘМС жүйесін өзектендіру мәселелері бойынша алқалы жиын өтті.
Жиынға бірқатар басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, департамент, инспекция қызметкерлері қатысты. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары аймақ тұрғындарын МӘМС жүйесіне жүйелі енгізудің маңыздылығына тоқталып, тиісті мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасылары аталмыш жүйеге тіркелу керектігін қатаң түрде ескертті.
-Соңғы бір апта көлемінде облыс тұрғындарының МӘМС жүйесіне енгізілу көрсеткіші айтарлықтай артты. Дегенмен, біз күнделікті халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл ретте қала, аудан әкімдіктері, барлық басқарма, департамент пен инспекция қызметкерлері өздеріңізге қарасты мекеме жұмысшыларын жеке-жеке тексеріп, аталмыш жүйеге тіркелуін қадағалаңыздар. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері медициналық сақтандыру жарнапұлын төлемейді. Алайда қалған мемлекеттік мекеме қызметкерлері сақтандыру жүйесіне тіркеліп, жарнапұл төлеуі тиіс. Қазіргі таңда осы шаралар бойынша қала және аудан әкімдері белсенді түрде жұмыс істеуде. Тағы бір айта кететін жайт, келер жылдың бірінші жарты жылдығынан бастап, азаматтардың медициналық сақтандырылу мәртебесі болмаса медициналық көмек алуы қиындамақ. Осыған байланысты жылдың соңына дейін 154 мың адам сақтандырылуы қажет. Нәтижесін өзім бақылауда ұстайтын боламын, - деді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы.