Байқоңыр қаласы инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде
Қазіргі таңда, Байқоңыр қаласында көпқабатты 351 үй бар. Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 2021 жылдан бастап Байқоңыр қаласының 7 «А» мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында елу пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту мақсатында 2021 жылы 11,4 шақырым кәріз желілері қайта жаңғыртылды. Келер жылы да жұмыстарды жалғастыру жоспарланған. Осы жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай тарқатты.
- Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладағы тұрғын ұй қоры мен инфрақұрылым жүйелеріне тексеру жұмыстары жоспарланған. Тиісті жұмыс тобы құрылып, Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Айта кету керек, Байқоңыр қаласы толық газдандырылған. Мемлекет басшысының елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту мақсатындағы тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы қалаға іргелес Төретам және Ақай елдімекендерінде газдандыру жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда, Ақай ауылына газ тарту жұмыстары толығымен аяқталып, «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі арқылы тұрғын үйлер табиғи газға қосылуда. Ал, Төретам кентін табиғи газға қосу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда, - деді Қайрат Ырзақұлұлы.