Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Көлік саласын дамыту мәселесі қаралды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде көлік қатынасының қолжетімділігі мәселелері қаралды.


Ведомство басшылары және өңір әкімдері атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайлы хабарлама жасады. Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге тоқталды. 
«Қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау, әсіресе, жол қозғалысын қауіпсіз және үздіксіз қамтамасыз ету  маңызды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірқатар аймағында автомобиль жолдары жабылған болатын. Біз де бұндай жағдайларға дайын болуымыз қажет», – деді аймақ басшысы.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай жауапты мекеме басшылары атқарылған жұмыстарды баяндады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына «Қорқыт ата әуежайы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, халықаралық және басқа облыс орталықтарына рейстер ашуды пысықтау тапсырылды.  «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы  Қызылорда облысының полиция департаментімен, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерімен бірге қыс мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиісті шараларын қабылдауы тиіс. Ал, Қызылорда облысының төтенше жағдайлар, полиция департаменттері облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп,  қолайсыз ауа райында көлік қозғалысына қатысты төтенше жағдай болғанда жедел құтқару шараларын ұйымдастыруы керек.
Айта кетейік, облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты бар. Оның ішінде 71-і – ауданаралық (қалааралық), 101-і – аудандық (кентішілік) және 33-і қалаішілік және қала маңы бағыты. Мұнан бөлек, Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласына 1 халықаралық және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе қалаларына 13 облысаралық автобус маршруты ұйымдастырылған. Облыс аумағынан барлығы 16 жұп жолаушы пойызы өтеді, оның ішінде облыс орталығынан Петропавловск, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы қатынайды. «Қорқыт ата» әуежайынан аптасына 22 тұрақты рейс орындалуда. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: