Еуроодақ мемлекеттері елшілерінің Қызылорда облысына жұмыс сапары аяқталды
Бүгін Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер елшілерінің Қызылорда облысына жұмыс сапары аяқталып, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев делегация мүшелерін шығарып салды.
Сапар қорытындысына арналған мәжілісте делегацияның Қызылорда облысына сапары жоғары деңгейде өткенін айтты. Іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан жауапты тұлғаларға алғыс білдірді.
Еске салсақ, 11-14 сәуір аралығында Қызылордаға Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімдігінің шақыртуымен келген делегация сапарының негізгі мақсаты - өңірге инвестиция тарту мәселесін қарау. Аймақтың инвестициялық әлеуетімен танысу.
Олар «Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда, «Болашақ» университеттерінің студенттерімен кездесті. Қармақшы ауданындағы «Қорқыт Ата» мемориалдық кешеніне, Арал ауданындағы Ә.Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйіне барды. «Балықшылар аллеясын» және «Балықшылар» музейін тамашалап, «Aral Sea Food» балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Мұнан бөлек, делегация мүшелері «Көкарал» бөгетіне аялдап, Кіші Арал теңізінің жағдайын көрді және теңіз алқабындағы сексеуіл егу жұмыстарымен танысты.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Арал ауданының әкіміне, тиісті басқарма басшыларына Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанындағы 1,1 миллион гектарға 2025 жылға дейін климатқа сай өсімдіктер егу тапсырмасын тиянақты орындап, жұмысты жалғастыру міндетін жүктеді.