Қызылордада жол-көлік оқиғасына кінәлі тұрғын аспанға оқ атты
Қызылорда қаласында жол-көлік оқиғасын жасаған тұрғын мылтықпен аспанға оқ атып, адамдар өміріне қауіп туғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс орталығындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Сұлтан Бейбарыс көшелерінің қиылысында екі жеңіл автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алған. Оған кінәлі 46 жастағы жүргізуші зардап шеккен автокөлік иесіне шығынын өтеу мақсатында 30 мың теңге төлеуге келіседі. Осы мақсатта үйіне зардап шеккен азаматты ертіп келеді. Одан кейін ол ашуға беріліп, мылтықпен аспанға бір мәрте оқ атқан.
«Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел басқару орталығына қала тұрғынынан көршісінің мылтық атып жүргендігі туралы хабарлама түсті. Бұл бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Айғақ заттар ретінде аңшы мылтығы алынды. Күдіктіге қатысты «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы» қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Жол-көлік оқиғасына байланысты құқықтық баға беріледі. Сараптамалар тағайындалып, мән-жайлар анықталуда. Істің тергелуі департамент басшылығының бақылауына алынды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.