Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қазалыда Ұстаздар аллеясы салынады

Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов Қазалы ауданында болды. Өңірдің бас ұстазы аудандағы білім беру ұйымдарын аралап, түйіткілді мәселелер, асхана, атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа оқу жылына дайындық жайын бақылады.

Асқарбек Есжанов іссапарын Бекарыстан би ауылындағы 1976 жылы іргетасы қаланған №24 орта мектептен бастады. 466 оқушысы бар білім ордасының директоры Қ. Қожалепесов басқарма басшысына мектептің жеткен жетістіктерімен таныстырып, техникалық жағдайын көрсетті. 
Қазіргі таңда Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 300 балаға арналған мектеп құрылысы қызу жүріп жатыр. Асқарбек Темірбекұлы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асып жатқан жетілдірілген мектеп құрылысына да барды. Мердігер «Асар» серіктестігінің өкілімен әңгімелесіп, құрылыс сапасын талқылады. 
Басқарма басшысы бұдан әрі Қазалы қаласындағы Ғ. Мұратбаев атындағы №17 мектепке ат басын тіреді. 1939 жылы салынған ғимараттың жай-күйін бақылап, Ғанибай көпестің керуен сарайымен танысты. 
Қазалы қаласында жаз мезгілінде мыңға жуық бала тынығатын «Шағала» лагері жұмыс істейді. Асқарбек Темірбекұлы 40 мыңнан астам жасыл желек арасында тынығып жатқан екінші ауысымдағы балалардың көңіл-күйін сұрай барды. Олардың жатақханасын аралап, лагер директорына балаларға лайықты жағдай жасауды тапсырды. 
Аудандағы «Алтындар ұстаханасы» атанған Е. Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде 2 мыңнан астам шәкірт білім алады. Білім ордасының алдына алдағы уақытта «Ұстаздар аллеясы» бой көтереді. Бұдан бөлек, Асқарбек Есжанов мектеп ауласындағы спорт алаңы мен бірқатар жөндеу жұмыстарына ықпал ететінін айтты. 
Аудандағы жұмыс сапарында басқарма басшысы Б. Мергенбаев атындағы №226 гимназия, Қ. Сатбаев атындағы №216 мектептің жай-күйіне шолу жасады.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: