Арал ауданындағы №64 орта мектебі сапалы біліммен қатар, озық жобаларын сәтті ұштастырған үлгілі білім ордасы ретінде көпке танылған. Олай дейтін себебіміз, бұл мектеп «Жасыл бақ» жобасын жүзеге асырып, оқушылар жылыжай ісін жандандырып келеді.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – күзгі және қысқы мезгілде де табиғи таза өнім алуға болады. Сонымен қатар, мұнда тамшылатып суару әдісі арқылы көкөністің бірнеше түрі өсіріледі. Оқушылар мен мектеп ұстаздарының еңселі еңбегінің нәтижесінде жылыжайда бүгінге дейін 90 кг қияр, 15 кг қызанақ өнімі алынды. Ал қазіргі таңда жылыжайда 165 түп қияр егіліп, оқушылардың қатысуымен арнайы күтім жасалуда.
– Біздің мектеп 2014 жылы жаңа типтік жобада пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда 24 сынып жиынтығында 406 оқушы білім алуда. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап облыстық білім басқармасының қолдауымен «Жасыл бақ» жобасын қолға алдық. Осылайша 2023 жылдың қыркүйек айында 12х6 метр көлемінде жылыжайымыз ашылған болатын. Мектеп жылыжайының басты мақсаты – мектеп оқушыларын сапалы көкеніспен қамтамасыз ету және білім алушыларды экомәдениет пен қоршаған ортаны қорғауға баулу болып табылады, – деді мектеп директоры Кенжебек Тлепов.
Жылыжай өсіруде белсенділік танытып жүрген оқушының бірі – Ақнұр Талғатқызы табиғи өнім өндіруді ерекше жақсы көреді.
Ол жетекшісімен бірге осы жылыжайда әртүрлі көкөністер егіп, күнделікті күтім жасауды әдетке айналдырған. Соның арқасында жылыжай өнімдері сапалы әрі денсаулыққа пайдалы өнімге айналды.
– Бүгінде жылыжай ісін жандандыру үшін көптеген сынама алудамыз. Сондай-ақ, қияр, қызанақтан бөлек басқа да көкөніс түрлерін өсіруді қолға алмақпыз. Менімен бірге жылыжай өсіргісі келетін оқушылар қатары да артып келеді. Алдағы уақытта осы жылыжайды одан әрі дамыту үшін көптеген биологиялық технологияларды пайдалануды жоспарлап отырмыз, – деді оқушы Ақнұр Талғатқызы.
Арал ауданы – өңірдегі білім деңгейі бойынша алдыңғы қатардағы үздік аймақтардың бірі. Бүгінде теңізді өлкеде мектепке дейінгі 60 білім беру ұйымы қызмет етеді. Тиісінше, онда 4 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде.
Ал, Арал ауданына қарасты 48 жалпы орта білім беретін мектепте 17 мыңнан астам оқушы қамтылған. Осы білім ошақтарындағы орны ерекше саналатын Арал қаласындағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп – гимназиясы білім саласындағы озық тәжірбиелерді енгізіп, оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап келеді. Күні кеше Өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен арнайы баспасөз туры өткізіліп, БАҚ өкілдері теңізді өлкеде білім маржанын сүзіп жүрген оқушылардың жетістігімен жақын танысты.
Жалпы, Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп – гимназиясы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша іргетасы қаланып, 2009 жылы ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Алғашқы жылы 600-ге жуық оқушымен есігін айқара ашқан білім ошағында бүгінде барлығы 1242 оқушы қамтылған. Оларға 117 мұғалім білім береді.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша соңғы 5 жылдықта облыстағы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Оқушыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстарда өз білімдерін көрсетіп, жүлделі орындарға да ие болуда. Біздің мектеп әрқашан оқушылар мен ұстаздардың тың жобаларына қолдау көрсетіп, сапалы білім алуына жағдай жасайды, – деді мектеп директоры Руслан Сисенов.
Сондай-ақ, мұнда балалардың қосымша үйірмелерге қатысуына да толықтай мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, «Ұлттық мектеп лигасы», «Дебат» клубы, «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп театры» сынды 41 үйірме жасақталған. Бұдан бөлек, білім алушылардың заманауи үлгідегі озық тәжірбиелерін одан әрі дамыту мақсатында киностудия, жас мобилографтар үйірмесі жұмыс істеуде. Бұған қоса, ұлттық ойындарымызды жаңаша тәсілмен жаңғыртқан «Ақ сүйек», «Қыз қуу», «Көкпар» ойындары да оқушылардың қызығушылығын ерекше арттыруда.
– Өзім дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өзіміздің ұлттық ойындарымызды түрлі бағытта жаңғыртуға тырысудамыз. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының бұл ойындарға қызығушылығы жоғары. Дене саулығымен қатар ой-танымын дамытуға қолдан келгенше өз үлесімізді қосудамыз, – деді мектеп мұғалімі Д.Сағымбаев.