Шаһардың 713 баласы білім алып жатқан Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі өңірдің білім саласына елеулі үлес қосып келеді. «Математика – барлық ғылымдардың патшасы» дегендей, бұл білім ордасының оқыту бағдарламасы математика бағытына негізделген. Яғни мектепте есептеуде алдына жан салмайтын шәкірттер білім алады.
Мектептің іргетасы 1960 жылы қаланған және бастапқыда малшылардың балаларына арналған мектеп-интернат болып ашылған. Мектеп-интернаттың тұңғыш директоры болып Петр Александрович Ким қызмет еткен. Ал 1961 жылы күллі әлем назарын аударып, Ю.Гагарин ғарышқа ұшқан тұста Қызылорда қалалық атқару комитетінің қаулысымен мектепке Ю.А.Гагарин есімі беріледі. Бұл тұста басшылық қызметке Тұрсын Мешітбаев келіп, мектепте мәдениет және эстетикалық тәрбиеге аса мән берілді. Мектеп қабырғасында Қызылорда облыстық драма театрының әртісі Ә.Кәнетовтің басшылығымен драма үйірмесі ашылып, өнерпаз оқушылар қалаға жақын шаруашылық орталықтарына барып, спектакльдер қояды. Ал мектепті Әжмағанбет Барақбаев басқарған уақытта мектеп-интернатта республикада тұңғыш рет «Тәрбиешілердің педагогикалық озат тәжірибе мектебі» құрылады.
Бұл мектепте басшылық қызмет атқарғандар қатарында Бақытжан Бекішев, Салахмет Нағыметуллаев, Досмайыл Бекішов, Махан Бержанов есімді азаматтар бар. 1992 жылғы 4 наурызда облыс әкімінің шешімімен білім ордасы дарынды балалардың облыстық арнаулы интернаты болып өзгертілді. Кейін мектеп директоры болып Айғани Жәлиев тағайындалғанда облыстағы алдыңғы қатарлы мектептің біріне айналып, ұстаздардың шығармашылықпен айналысуына аса мән беріледі. Ал 2002 жылдан бастап директор қызметін Үміт Қажығалиқызы атқарған тұста мектепті «Алтын белгіге» тәмамдаушы түлектер қатары артады. Күләш Тұрсынқызы басшылық еткен тұста мектеп-лицей ҰБТ қорытындысы бойынша еліміздегі «Ең үздік 100 мектеп» қатарына енеді. 2013-2017 жылдар аралығында тарих ғылымының кандидаты Марат Спанұлы директор болып, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі.
2017 және 2020 жылдар аралығында мектеп-лицейді Күміскүл Дүйсенқызы басқарып, білім ордасы облыстық білім басқармасының «Жаңашыл ойлар жаршысы» атағын иемденсе, басшы облыстық білім басқармасының «Білім беру ісінің үздігі» мен Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алды.
Ұстаздың еңбегі ақталғанын шәкіртінің жеткен жетістігіне қарап білуге болады. Бұл мектептің түлектері бүгінде өздеріне артылған үмітті ақтап жүр, жұрт оларды мақтап жүр.
Мақтаулы шәкірттер қатарында Гүлназ Салмырза бар. Ол осы мектептің түлегі, қазіргі таңда өз ұстаздарымен әріптес болып, өзі оқыған мектепте физика пәнінен сабақ беруде. Мектеп түлегі Серік Шамран қаладағы «Су жүйесінде» бас маман болып қызмет етеді. Ал мектептің 2009 жылғы түлегі Марс Данияр Алматыдағы С.Асфендияров атындағы университетті тәмамдап қазір Швейцарияда хирург болып жұмыс істейді. Үлгілі шәкірттер қатарында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Бизнес-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов та бар.
Қысқасы №15 мектеп-лицейдің түлектері өмірдің биік шыңдарын бағындыруда елеулі еңбек етіп жүр. Мектеп ұстаздары әрбір шәкірттің болашағына сеніммен қарап, кемел келешегі үшін қызмет етуде.
Қазір жаһанда ақпарат пен технология қарыштап дамуда. Уақыт өткен сайын ғалымдар жаңалық ашып, түрлі жетістіктерге жетуде. Әсіресе, робот жасап, оларға түрлі бағдарламалар енгізушілер қатары артты. Бұл бағытта адамзаттың жасы да, кәрісі де тынбай еңбектеніп жатыр. Қазіргі таңда елімізде мектеп оқушыларына бұл саланы үйрету жұмыстары қарқынды. №15 мектеп лицейде де осы бағытта арнайы үйірме бар.
Қазіргі таңда өзін дамытқысы келетін адамға интернет желісі көп көмек тигізеді. Онымен қоса өскелең ұрпақтың ақпараттық технологияға, компьютерге деген қызығушылығы жоғары. Бүгінде мектептерде «Робототехника» үйірмесі ашылды. Біздің мектепте бұл үйірме 2017 жылы ашылып, қазіргі таңда оқушылар республикалық, халықаралық деңгейде жеңіске жетіп жүр. Мәселен, 9 сынып оқушыларымен екі жылдан бері осы үйірме аясында жұмыс істеудеміз. Бүгінде олар «Сумо» роботын жасап, республикадан екінші, халықаралық байқаудан үшінші орынды иеленді.
Бұл роботты оқушылар «LEGO EV3» конструкторынан жасап, арнайы бағдарлама енгізген. Жапондық күрестің негізінде жасалған роботтардың мақсаты – бірін-бірі белгіленген сызықтан шығарып жіберу. Сондай-ақ оқушылар өздерінің қызығушылығы бойынша жарысатын көліктер, кедергілерді анықтайтын «танковод» секілді роботтарды жасап шығарған.
Елдегі ІТ-технологияның дамуына сенетін және дамыту үшін бар үлесін қосатын жас маманның алдағы уақытқа жоспары көп. Соның ішінде қазіргі таңда ол оқушыларымен криптовалюта бойынша жоба дайындауда.
№15 мектеп-лицейде жұмыс істейтін білікті мамандар қатарын аз деуге әсте келмейді. Сол ұстаздардың бірі – 31 жылдық еңбек өтілі бар тарих пәнінің мұғалімі Набат Жаппарова. 1989 жылы Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих бөлімін бітірген ұстаз бүгінде жоғары санатты «зерттеуші-педагог». 2005 жылдан бері №15 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін жанның бұл мамандықты таңдауға өз ұстаздары Шарман Асемова, Майраш Ибатуллаева апайлары себеп болған.
– Ұстаздарымның маған сабақ бергендері, дауыстары әлі жадымда сақтаулы. Сол жандардың арқасында мен де ұстаз атанып, шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Нәтижесінде Мейрамбек Шөкенов, Олжас Рамазанов секілді шәкірттерді тәрбиеледім. Оқушыларыммен кездескенде өз алғыстарын білдіріп, мерейімді арттырады. Міне, сол үшін дәл осы мамандықты таңдағаныма қуанамын, – дейді Набат Махмұтқызы.
Білікті де білімді ұстаз қазіргі оқушылардың өз пәніне деген сүйіспеншілігі жоғары екенін жасырмады. Әсіресе, баланың туған жерінің тарихына деген қызығушылығын арттыруда тарихи кинолардың әсері ерекше екенін айтты. Одан бөлек жоғары сыныпта Ұлттық бірыңғай тестілеуде негізгі пән саналатындықтан, оқушылар бұл сабаққа көп көңіл бөледі. Сөз арасында тарих пәнінің мұғалімі әлемді әбігерге салған пандемияның әсерінен өзгерген білім жүйесінің жақсы тұстары бар екенін де айтып қалды.
– Әрине, дәстүрлі білім беру жүйесі жеңілірек. Өйткені оқушыларды көзбе-көз көріп, сабақты түсіндірген оңай. Десе де осы онлайн жүйе кейбір оқушылардың ашылуына сеп болды. Бұрын 40 минут уақытта барлық оқушы сабақ айтып үлгермейтін. Қазір сол кезде көп көрінбеген оқушылар ашылып, жүктелген тапсырмаларды уақытылы орындап жүр, – дейді тарих мұғалімі.