Қызылордалық архившілер бүгінде жайлы, әсем әрі еңселі ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Ондағы тіршілік барысымен бейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев танысты.
Жаңа типтегі ғимараттың қор сақтау қоймалары 600 мың құжатқа арналған. Мұнда мобильді стеллаждар, желдеткіш жүйелері, автоматты өрт сөндіру құралдары орнатылған. Қоймаларда температура мен ауа ылғалдылығын өлшеу құралдары бар. Құжаттар реставрациялық кабинеттерде өңделеді. Нормативке сәйкес сақталып-өңделеді, тігіліп-түптеледі.
– Бізге зерттеушілер, тарихшылар, журналистер мен жазушылар көп келеді. Олардың қажетті дүниесін іздеп, табуына мүмкіндік зор. Ізденушілер мен пайдаланушыларға арналған оқу және мәжіліс залдары жұмыс істейді, – деді облыстық мемлекеттік архив басшысы Нағима Қуанышева.
Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ғимаратты аралап көріп, соңғы үлгіде жабдықталған қор сақтау қоймасымен, құрал-жабдықтармен танысты. Сала ардагерлерімен кездесіп, олардың сала ісін жылжытудағы еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті. Сонымен қатар, архив құжаттарынан дайындалған «Тариихи құжаттар – рухани жаңғыру негізі» атты көрмемен танысты. Көрмеге облыстың құрылғанына – 80, Қызылорда қаласының құрылғанына 200 жыл толуынан, аймақ архивінің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылды.
Ақпараттық технологияға қажеттілік артқан уақытта архив саласы да бұл үрдістен қалмауы тиіс. Қорда сақтаулы тұрған құнды дүниелердің қағаз түрінде басылғанын ескерсек, олардың сақталу мерзімі шектеулі. Мәселен, ХХ ғасырда өндірілген қағаздар 150-200 жылдан кейін тоза бастайды. Сондықтан архивті электронды форматқа ауыстыру негізінде жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Ескеретін жәйт, республикада бірінші болып «Электронды мұрағат» ақпараттық жүйесін құрып, қолданысқа енгізген – Қызылорда облысының архив жүйесі.
Қарқынды жұмыс бүгінде жаңа ғимаратта жанданды. 2014 жылы басталған нысан құрылысын «Мұнай құрылыс» ЖШС жүргізді.