Қазақ саз өнерінің ғасырдан-ғасырға мұра болып жеткен ерекше құндылығының бірі – күйшілік өнер. Бір ғана әуенге бірнеше мағынаны сыйдыра білген дала дәулескерлерінің соңында кенен мұра қалған. Ал осы күйшілік өнер Сыр бойында дамыған ба? Бүгінгі тақырып сол жайлы болмақ.
![]()
Қазақ халқының көшпелі өмір салты, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасына орай бір-біріне ұқсамайтын әлденеше күй мектептері қалыптасқан. Соның бірі – Сыр өңірі күйшілік дәстүрі. Сыр бойы – ән мен күйдің отаны, түбі бір түркі әулетінің қастерлі қонысы. Заманында отыздан астам сәулетті қала мен көрікті кент бой көтерген бұл өңірде түбірі түркінің баба өнері тел тоғысқан. Сыр күйі – өзінен бұрынғы кемел дәстүрлердің ең озық үлгілерін бойына сіңіріп барып дүниеге келген өнер.
Бастауы әріден келе жатқан аталмыш күйшілік дәстүрдің бүгінгі ұрпаққа жеткен үлгілерінде мазмұндық тереңдік, орындаушылық шеберлік, рухани даралық, көркемдік құндылықтар айқын байқалады. Арғы ата тегі аты аңызға айналған Қорқыттан өрбіген мұндағы күйлері Үсен төре, Шал Мырза, Жалдыбай Елеукеұлы және Қазанғаптар өнерімен даму кезеңін өткізіп, Әлшекей, Құрақтың Досжаны, Жаңаберген, Теңізбай, Нартай, Көнек сынды өнер саңлақтары арқылы қазіргі ұрпаққа жеткен.
Қазақ халқының арғы-бергі тарихында Сыр өңірінің орны бөлек. Аумалы-төкпелі, қиын қыстау замандарда халқымыздың басына пана болған құтты өлке. «Сыр алаштың анасы» деген, нақыл сөз тегін айтылмаса керек. Әсіресе, жоңғар басқыншыларына қарсы бірнеше ғасырға созылған соғыста арыпаршыған жұртты өз қойнына сыйдырған да Сыр өлкесі болатын. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалған тар жол тайғақ кешулі, ең бір күрделі кезеңде қазақ халқы қасиетті Сырды паналаған.
Ақын, философ Шәкәрім Құдайбердиев өзінің әйгілі «Еңлік-Кебек» поэмасында сол кезеңдерді сипаттай келіп «Қазақтың Сыр бойында жүргені анық» деп жырға қосуы осыны байқатса керек. Сыр бойының күйлері өзінің өзгеше орындаушылық мәнерімен, сарынсазымен көңіл аудартады. Сарыны бөлек, тартысы ерекше Сыр бойының күйлері ұлттық саз өнерінің інжу-маржандары қатарынан айшықты орын алады. Бастауы әріден келе жатқан бұл күйшілік дәстүрдің бүгінгі ұрпаққа жеткен үлгілерінде мазмұндық тереңдік, орындаушылық шеберлік, рухани даралық, көркемдік құндылықтар айқын байқалады. Сыр өлкесінде жыр өнері кең қанат жайып, ерекше дамыған. «Сыр елі – жыр елі» деген мәтел осыдан айтылса керек. Сыр күйлерінің өзгешелігі де осы жыр өнерімен өзектестігінде. Сыр күйлерінде негізгі әуеннің ұдайы бір-бірімен қабысып, үзілмей жалғасып, күрделі иірімге толы болып, өрнек сазбен көмкеріліп келуінің өзінен жырмен байланысын аңғаруға болады.
Сыр өңірінің күйшілік дәстүрінің өзі орындаушылық ерекшелігі жағынан бір-біріне ұқсамайтын үш аймаққа бөлінеді. Олардың қатарында дарияның оңтүстік шығысында –Жаңақорған, орталығы Тереңөзек, оңтүстік-батыстағы Арал, Қазалы аудандарында күйшілік өнер айрықша дамыды. Тақырып көтерілгенде, олардың дамып-кемелденуіне өз үлестерін қосқан шебер күйшілер Әлшекей Бектібайұлы, Құрақтың Досжаны, Мырза Тоқтаболатұлының шығармашылығы туралы сөз етпеуге болмайды.
Мырза Тоқтаболатұлы 1844 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Тарихи деректерге сүйенсек, Мырза белгілі Қазанғап күйшінің ұстазы болған. Қалың көпшілікке танымал Қазанғап күйлері тұтасымен жыраулық дәстүрге құрылған, ал оның ұстазы Мырза мұрасы да сондай, тек архаикалық интонациялық бояуы қоюлау деп айтуға толық негіз бар.
Ел аузында сақталған әңгімелерге қарағанда Мырзаға кішкене домбыра шауып жасап береді. Бірде осы домбырамен ойнап жүрген жас бала Мырза киіз үйдің көлеңкесінде ұйықтап қалады. Сол кезде үй ішінде көп адамдар болса керек. Кенеттен сырттан домбырадан төгілген бір ғажайып әуезді үн естіледі. «Бұл күйді тартып жатқан кім болды екен» деп әкесі Тоқтаболат сыртқа шықса, үйлің көлеңкесінде қаперсіз ұйықтап жатқан Мырзаның төсіндегі домбырасынан желмен бірге уілдеп әсем әуен есіп шығып тұр екен дейді.Осы тамаша үн Мырза ұйқыдан оянғанға дейін желмен біге уілдеп толастамай тұрыпты.Осы тылсым құбылысқа таңырқаған Тоқтаболат кішкентай Мырзаның аман-саулығын ,ер жетіп күйші болуын жаратушы құдайдан тілей беріпті.Тоқтаболаттың тілегін тәңір қабыл алып, Мырза жасынан алғыр, зерек болып, тыңдаған күйлерін лезде қағып алып, оны түрлендіріп тартып, ел аузына іліге бастайды.
Мырза Тоқтаболатұлының ғұмыр кешкен, музыкалық мұрасының молынан сақталған жері – Қызылорда облысының Қазалы өңірі. Бүгінгі күні Мырзаның «Асанқайғы», «Бұғының күйі», «Алпыс екі Ақжелеңнің бауыр шешпесі», «Ташауыз» сияқты бітімі, құрылымы бөлек, композициялық жағынан оқшау тұрған 20-дан астам күйі белгілі болып отыр. Мырза күйлерінің басты ерекшелігі – транспозициялық формада құрылғандығында. Күйдің өзі шағын, 3 бөлімді шығарма іспеттес. Бұны «Жемнің ағыс күйі», «Ташауыз», «Бұғының күйі», тағы басқа күйлерден байқауға болады. Мұндай құрылымдағы күйлер көбінесе сағасыз болып келеді. Яғни, батыс күйлеріндегідей кіші, үлкен сағаларда үстіңгі ішектегі стереотип тартылмайды.
Мырза өз бойындағы өнердің барша дәнін шәкірттеріне сіңіріп, олардың есінде өшпестей күй сазын егіп кетті. Мырза мұрасын елге Бекпінбет, Көнек, Айсүгір, Жалдыбай, Қобылаш, Нәби, Шынәлі сынды саңлақтар жеткізіп отырған.
Мырза Тоқтаболатұлының ғұмыр кешкен,музыкалық мұрасының молынан сақталған жері - Қызылорда облысының Қазалы өңірі.Бүгінгі таңда күйшінің 20-дан астам күйі белгілі.
Солардың бір тобы – күй жанрының ең күрделі түрлерінің бірі тартыс күйлері. Арқалы күйшілердің күй тартысқа түсерде, не болмаса ел алдында өнерін көрсетерде ерекше шабытқа келуі үшін тартатын «Күй шақыру» атты күйлері болған. Ілгеріде «Алпыс екі Ақжелеңді» тегіс тартатын дәулескер күйшілер осы үрдіске «Күй шақыру» деген өзінің туындысын қосып толықтырып отырған. Мырза да осынау дара дәстүрге өз үлесін қосып, қолтаңбасын салып «Күй шақыру» немесе «Алпыс екі ақ желеңнің бауыр шешпесі» деп аталатын туындысын шығарған. Сол сияқты «Қос қыз», «Терісқақпай», «Ташауыз», «Сыр жаңылтпаш», «Бытпылдақ» күйлері күй тартыс кезінде дүниеге келіп,ел арасына кең тараған.
Мырзаның астарлы шығармаларының бірі «бұғының күйі» туралы айтар болсақ, бұл күйдің аңыз – шежіресін түгел айтқан көнекөздер жоқтың қасы тек, аңыздың күйекке байланысты екені анық . сондықтан, толық аңызы сақталынбағаны себепті шығарманың тарихын мына шамада топшылауға болады:
Əр жылдың көктем мезгілінде, күйек кезінде аталық бұғылар аналықтарын бөлісе алмай, өзара қатты қырқысады . бұл жекпе – жекте аталық бұғының бірі міндетті түрде мерт болуы шарт . ал мұндай жағдай болмағанның өзінде жеңіліс тапқан аталық бұғы ол өлкеге екінші аяқ баспауға өзіне – өзі серт байлайды екен. Табиғат аясында осы іспеттес құбылыстарды көзімен көрген мырза сол жекпе – жектегі аталық бұғының көңіл – күйін, өз жаратылысына сәйкес табиғи ниетін адам өміріндегі осы сияқты ұқсас ахуалдармен шендестіре суреттеген.
Қазақта бұғы туралы күйлер онша көп емес. Бұғыны култ санағандықтан, бұғыға байланысты ән – күй қазақтан горы көрші қырғыз елінде көп сақталған , негізінен, бұғы жөнінде түрлі наным – сенім рәсімдерді бедерлейтін деректер көне ескі петроглифтерде сақталған .
Бүгін Қызылорда қаласында Ұлттық Домбыра күні аясында Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына арналған «Сыр толқыны» II Республикалық күйшілер конкурсы өтті. Сыр елінде екінші рет өтіп жатқан өнер додасына республикамыздың 10 өңірінен талантты 24 талапкер қатысып, өзара бақ сынады.
Байқауға күй өнерінің танымал шеберлері, күйші-композитор, Құрмағазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, академик Төлепберген Төреахметұлы, күйші-композитор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Жұмашұлы, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Балтабайұлы, күйші, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің оқытушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әлімжан Нағызханұлы, күйші, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Педагогика және дәстүрлі өнер» институтының оқытушысы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Алдияр Шағдатұлы қазылық етті.
Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан күйшілік дәстүр мен оны таратып жеткізушілер бас қосқан күйшілер конкурсы Сыр бойы күйлерін қайта жаңғыртып, жергілікті күйші-композиторлардың мұрасын жас жеткіншектерге насихаттау арқылы халқымыздың көне, фольклорлық-этнографиялық домбыра аспабын меңгеруде кәсіби шеберліктеріне ықпал жасау, өнерпаздар қатарын дарынды, жаңа буын өкілдерімен толықтыруға мол мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысымен, III орын Ерімбет Орынбасаров (Арал ауданы), Мадияр Жасаңбаев (Қармақшы ауданы) және Алтынай Махмутқа (Қарағанды қаласы) бұйырса, Жәнібек Жұмабаев (Маңғыстау облысы) пен Айшолпан Қасымова (Астана) II орын иегері атанды. Жүлделі I орынды Саят Нұрәли (Алматы облысы) қанжығасына байласа, үздіктердің үздігі атанған жерлесіміз Махамбетхан Досымжан байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды.
Өнер аламанында қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан Серік Асқар (Шымкент қаласы), Әбілжан Тәттімбет (Жамбыл облысы), Көшербай Мұхамеддин (Қызылорда қаласы), Жұмағали Серік (Алматы қаласы) және Кенгесбаева Жұлдызайға (Алматы қаласы) байқаудың арнайы жүлдедері табысталды.
Домбыра – халқымыздың рухани болмысының, дүниетанымы мен мәдениетінің алтын діңгегі. Күй – дәстүрлі өнеріміздің күрделі тармағы. Мерейлі мерекеде өткен өнер додасы сан ғасырлық саралану мен сұрыпталу дәуірінен өткен күйшілік өнердің жана толқынын анықтап, жас дарындардың өнерін өрістетуге жол ашты.
«Сыр толқыны» байқауы күй өнерінің дамуына серпін беріп қана қоймай, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға да ықпал етеді деп айтуға толық негіз бар. Қатысушылар Мырза Тоқтаболатұлының және басқа да ұлы күйшілердің шығармаларын орындайды.Оларды елімізге белгілі күйшілер бағалайтын болады.
- Бұл байқаудың Қызылордада өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе. Сыр елі - терме мен күйдің, жыраулық өнердің қасиетті ордасы. Осы топырақта дүниеге келген күйші Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына арналған бұл шараны Сыр елінде өткізу тарихи сабақтастықты жалғастыру, ұлттық өнерге деген шынайы құрметтің көрінісі. Байқау жас таланттарға шабыт беріп, күй өнерінің жаңа есімдерін танытатынына сенеміз. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген домбырашыларға сәттілік тілеймін. Бұл өнер мерекесі баршамызға рухани қуат сыйлайды деп ойлаймын,- деді Талғат Бақытбекұлы.
- «Сыр толқыны» байқауының Қызылордада өтіп жатқанына ерекше қуаныштымын. Осындай тарихи жерде күй сайысының ұйымдастырылуы үлкен мәртебе. Біздің басты мақсатымыз - жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылығына қолдау көрсету. Байқауға қатысып жатқан домбырашылардың бәрі де өнерге шынайы берілген, болашағынан зор үміт күттіретін орындаушылар. Осы жобаны ұйымдастыруға мұрындық болған облыстық филармония директоры Талғат Мақашевқа алғысымды білдіремін. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Күй күмбірі ешқашан үзілмесін,- деді Төлепберген Төреахметұлы.
- Шыны керек, соңғы жылдары Сыр елінде күй өнері кенжелеп қалғаны рас. Десе де, осындай ауқымды байқаулардың өтуі ұлттық мұрамызға серпін беріп, домбыра үнін қайта жаңғыртады деп сенеміз. Мен де осы байқауда қазылық ететін боламын. Қатысушылардың шеберліктерін, орындаушылық мәдениетін, шығармашылық көзқарасын әділ бағалауға тырысамыз. Жарыс оңайға соқпайтыны анық. Себебі әр өңірден келген домбырашылар мықты дайындықпен келген. Сәттілік болсын,- деді Мүсілім Балтабайұлы.
- Сыр елінің қонақжайлылығын бірден сезіндік. Байқаудың деңгейі жоғары, қатысушылардың барлығы да талантты, дайындықтары мықты.