Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Басты мақсат – мәдениетті, білімді ұрпақ тәрбиелеу

Сабалақ шағын ауданынан осыдан бір жыл бұрын №285 мектеп-лицей-интернаты ашылған болатын. Осы күні білім ұясының жұмысы жүйеге қойылып, 123 бала сапалы білім нәрімен сусындауда. Бір жылдағы жеткен жетістігіміз қайсы, тың бастамалар нәтижесін беріп жатыр ма, оқу орнында қандай әдістер қолдануда деген сынды сауалдарға жауап іздеп, аталған оқу орнының директоры Балзия Абдуллаевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Балзия Әбдікәрімқызы, сөз басын мектеп туралы таныстырылымнан бастасаңыз…
– Біздің мектеп-лицей-интернат өткен жылдың 20 наурызында салтанатты түрде ашылды. Сыйымдылығы 150 оқу¬шыға арналған. Балалар да, ұстаздар да конкурстық негізде қабылданады. Мұнда 6-сыныпты бітірген оқушылар қабыл¬данады. 75 сұрақтан тест тапсырады. Оның ішінде математика пәнінен 55 сұрақ, Қазақстан тарихы және оқу сауаттылығы пәндерінің әрқайсысынан 10 сұрақтан келеді. Жоғары балл жинаған балалар осы мектепке қабылданады. Қазіргі таңда 123 бала білім алуда. 7, 8, 9 сыныптарда әрқайсысынан екі сыныптан бар. Алла қаласа, осы жазда 7-сыныптан бастап қабылдау жүргіземіз. Бізге қабылданған оқушылар 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Арнайы ас¬ханамыз бар. Таңертеңгі 8.30-дан кешкі 17.30-ға дейін сабақ жүргізіледі. Балалардың түске дейінгі білім алуы жалпы білім беретін мектептің бағдарламасымен бірдей. Біздің мектебіміз жаратылыстану және математика бағытында болғандықтан түстен кейінгі сабақтарымызда осы пәндерімізді тереңдетіп оқимыз. Екі сағат дайындық сабағы да осы түстен кейінгі уақытта қарастырылған.
– Біз осы балалардың миына артық салмақ салып қойған жоқпыз ба? Олар үй тапсырмасын қай кезде орындайды деген сауал маған тыныштық бермей тұр…
– Балалар бізде күні бойы сабақ оқиды. Түстен кейінгі сабақ уақытында арасында серуендейтін уақыты бар. Осы түстен кейінгі уақытта бала үй тапсырмасын орындайды. Мұнда біз әр пән бойынша білім деңгейі мықты балаларға басымдық танытамыз. Оларды қарым-қабілетіне қарай сы¬нып¬тастарына мұғалім етіп сайлай¬мыз. Мұның пайдасы баланы бала жақсы түсінеді. Бір-біріне ұғынықты тілде сөй¬лейді. Жас ерекшелігі, сөз саптауы, ой деңгейі бірдей ғой. Екіншіден, балалардың мұғалімдік мамандыққа бейімделуіне мүм¬кіндік бар. Сонда бір-біріне көмектесу, жолдас болу, дос болу жайы да шешіледі. Менің тәжірибемде интернат деген ұғым балалардың өз бетінше әрекет етуіне, досына көмектесуге қабілетті болуына бағыт-бағдар береді. Біз – бір отбасымыз. Бастапқы кезде бір-бірінен көмек сұрауға намыстанатын. Қазір бір-біріне жүгіріп жүріп көмектеседі. Ақылдасады, кеңеседі. Бұл – біздің бір жобамыздың нәтижесі. Тағы бір айта кетерлігі, үй тапсырмасы – бүгінгі жаңа сабақтың жалғасы. Егер үй тапсырмасы жөнді орындалмаса, ертеңгі сабағың ашыл¬майды. Оқушы жаңа тақырыпқа өте алмайды. Сөзге түсінбеген бала сөйлемге түсінбейді, сөйлемге түсінбеген бала мәтінге түсінбейді. Ал бала мәтінге түсінбесе, онда сіздің тақырыбыңыз ашылған жоқ. Ал мына жоба арқылы біз тіпті қажет десеңіз, болашақ мұғалімдерді тәрбиелеп жүрміз.
– Байқап отырмыз, осындай бағытпен жұмыс істеп жүріп, бірқатар биікті бағындырып үлгерген боларсыздар? Жетістіктеріңіз қаншалықты?
– Сөз басында айтып өткенімдей, өткен оқу жылының 4-тоқсанынан бастап жұмысты бастадық. Оқушылар да енді жиналғандық¬тан ол кезде біз қалыптасу кезеңінде болдық. Жаңа ортаға бейімделу деген бар. Ал мұнан кейінгі оқу жылында қыркүйектен бастап білек сыбана іске кірістік. Кәсіби, пәндік, олимпиадалық, ғылыми жобалар байқауларының ешқайсы¬сынан қалыс қалып жатқан жоқпыз. Бір атанға жүк болардай жетістіктеріміз бар. Мәселен, жақында өткен пәндік олим¬пиадаға барған 20 оқушымыздың 18-і жүлдемен оралды. Мүмкіндігімізге қарай барлық бағыттағы олимпиадаларға барып, бағымызды сынап келеміз. Бұл – ашыл¬ғанына бір жыл болған оқу орны үшін үлкен жетістік. Мұғалімдердің кәсіби бай-қауларында ұстаздарымыз да топ жарып келеді. Республикалық деңгейдегі сайыс¬тардан да жүлдеміз жетерлік.
– Маман сапасына байланысты не айтасыз? Мұнда баласын әкелуге ниетті әрбір ата-ананың ойындағы сұрақ осы болар…
– Бұл жерге келген педагог кадрлардың барлығы өздерінің біліктілігін дәлелдеп, конкурстан өтіп келген мамандар. Бәрінің де кәсіби біліктілік санаттары мен тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта барлық мәселенің шешімі бір-ақ нәрсе. Ол – мықты кәсіби маман. Сондықтан білікті маманға қоғамда сұраныс жоғары. Жауапкершілік¬ті сезінеді. Біздің мектебіміздің миссия¬сы – әрбір шәкіртті оқу бітіремін дегенше, жоғары оқу орындарына грантқа түсіру. Ата-ананың да, қоғамның да алдын¬дағы жауапкершілігіміз – осы.
Кейде таныстардың арасында «Тым құрыса, тәрбиешілік жұмыс жоқ па?» деген сияқты бұйымтайлар айтылады. Мен сол нәрсеге қатты қапаланамын. Тәрбиеші мықты мұғалім бола алады, ал мұғалімнен мықты тәрбиеші шықпайды. Неге дейсіз бе? Тәрбиеші – баланың жан дүниесін ұғынып, бала жанының бағбанына айналып, бесаспап маманға айналған. Тіпті, қолымда болса, пәндерге бекітіп тастар едім деп те ойланып қаласың. Біздің тәрбиешілер – бесаспап. Мына көздің жауын алар ғимараттың ішіндегі әрбір безендіру, әрбір мағыналы бұрыштар – осының барлығы тәрбиешілердің өз қолымен жасалған дүниелер. Мен сондықтан «тым құрыса тәрбиешілік жоқ па?» дейтіндерге тәрбиеші мамандығының абыройына дақ түсірмеңіздер деймін. Көп мұғалімнің қолынан келмейтін нәрселер тәрбиешілердің қолынан келіп жүр. Мен олардың еңбегіне тәнтімін.
– Бұрындары үштік одақ деген ұғым болатын. Мұғалім – оқушы – ата-ана. Осы үштік одақтың байланысы қаншалықты деңгейде?
– Бізде «Ата-аналар академиясы» деген үлкен жоба бар. Сол жоба аясында ата-аналарды айына бір рет мектепке жинаймыз. Олар әр келген сайын жай ғана жиналыс емес, ата-аналарға арналған ашық сабақтар өткіземіз. Ата-ана өз баласын басқа балалармен салыстырып отыруға мүмкіндік алады. Себебі ата-аналар арасында «менің балам өз мектебінің қаймағы еді, бұл мектепке келді де, 4 деген баға алып қалды» деп реніш білдіретіндер бар. Бәйгеге де мықты-мықты сәйгүліктер қосылады. Бірақ жеңіске солардың ішіндегі біреуі ғана жетеді ғой. Олар кіл мықтының арасына түскен соң нағыз мықты көрініп қалады. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Уақыт өте келе ортасына қарай қалыптасып, нақты бағасын алады. Ертең балаға пайдасы тиетін нәрсе нақты баға ғана. Біз «GPI – оқушының табысы» жобасын қолға алдық. Бұл – орташа бағасы. Аталған баға оның тоқсандық қорытындысына, басқаға әсер етпейді. Біз бұл арқылы нақты бағаны, оқушының сапасын көреміз. Баланың білімінің даму динамикасын байқау үшін алынатын емтиханның нәтижесінде GPI есептеледі. Осы жобамды кеше облыстық жиында да айттым. Бұл қаржыға сатып алатын жоба емес, қолжетімді, бар¬лығымыздың қолымыздан келетін жоба. Ал, мектеп үшін кешенді мәселелер шешудің ең тиімді жолы. Бұл жобам арқылы орын алмадым, бірақ мен үшін ол маңызды емес. Маңыздысы, өзіміздің мектептегі нәтиже. Ал біз айтқан уақытта келе ал¬майтын ата-аналар үшін өзінің ыңғайлы уақытымен санасамыз. Ата-ана қай кезде келсе де біздің әріптестеріміз ашық сабақтар ұйымдастырып, ата-аналармен байланыс институтының жұмысын көрсете алады. Біз қашан да дайынбыз.
– Мектепке қажетті көп нәрсені көре алмай тұрмыз. Жоқтан бар жасап жатқан сияқтысыздар…
– Оныңыз рас. Мына жер ашық дәліз еді. Балаларға үстел теннисін ойнайтын жер болмаған соң осы ашық дәлізді пайдаландық. Үстел теннисінің жеті түрлі пайдасы бар. Балалар немен айналысып жүргенін біліп, көріп жүрсін деп, оны да көрсетіп қойдық. Мәжіліс залы қажет. Не істесек болады деп көп ойланбадық, дәліздің кеңдеу бөлігінің бір жағын мәжіліс залы етіп жасақтасақ, екінші жағына жетістіктер бұрышын топтастырдық. Мамандығыңды сүйіп, сол салаға беріле еңбек етсең, барлығын тап-тұйнақтай, қыздың жиған жүгіндей етесің ғой. Ғимараттың ішіндегі бетон жақтаушалардың өзін көзге шыққан сүйелдей болып, ерсі көрініп тұрмасы үшін әрбір бөлікке халқымыздың даналық сөздерін жазып, іліп қойдық. Балалардың қандай қабілеті мықты болса, сондай қабілетіне сай кабинеттеріміз, үйірмелеріміз бен ортамыз бар. Балалардың еңбегін бағалай білу керек. Оны жасырып, бір бұрышқа үйіп қоймаған жөн. Біздің балалардың қолынан шыққан әрбір туынды ғимаратқа кіре берістен бастап-ақ көрініп тұр. Сыртта балалар үшін жылыжай жасадық. Ондағы жұмыс енді басталды, алдағы уақытта олар өсімдіктер егіп, теориядағы нәрсені тәжірибеден көруге жұмыс істейміз.
– Айтылмай қалған ойыңыз бар ма?
– Ұстаз бен шәкірттің биіктен көрінуі мектеп мерейін өсіреді. Үйретуден жа¬лықпаған ұстаздар еңбегі өлшеусіз. Өскелең ұрпаққа заман ағымына сай білім мен тәрбие беруде оларға қойылатын талап жоғары. Ғылыми-технологиялық, инновациялық не¬гіздерді меңгерген маманның оқушыға берері мол болады. Қазіргі уақытта оқы¬тудың жаңа әдісін қолдану оқушының білім деңгейінің өсуіне өз септігін тигізеді. Оқушыларға тереңдетілген білім беріледі. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде өтеміз. Бұл тұрғыда ұжымда білімді де білікті мұғалімдер қауымы жинақталған. Алдағы уақытта маман тапшылығын жойып, оқушыларымыз қаламыздың мықты ұстаздарынан білім алуына жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Біздегі басты мақсат – алдымызға келген өреннен адамгершілігі жоғары, білімді, дарынды, салауатты азамат қалыптастыру.
– Сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңіз табысты болсын!

Дәулет ҚЫРДАН
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: