Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Зілтемірдің шебері

Бала кезде неге әуес болсаң, өсе келе ол әркез жаныңнан табылады екен. Расында да, жастайымнан еркін күрес пен ауыр атлетика спортына құштар боп өстім. Ұстазым марқұм Зейнулла Жәкияевтің жаттықтыруымен еркін күрестен біршама жетістікке қол жеткізгенмен, ауданда зілтемір секциясы жоқ болған соң, бұл спорт түрі мен үшін екінші орында болды. Десе де, аулада ломға бекітілген трактордың екі дискісінен жасаған зілтемірімізбен бүкіл сынып жаттығатынбыз. Сол жылдары өздерінің өнерімен әлемді тамсандырған Юрий Власов, Василий Алексеев, Леонид Жаботинский, Юрий Варданян сынды даңқты спортшы болуды армандайтынбыз. Тіпті, бір-бірімізді солардың есімімен атайтынбыз.


1992 жылы құрылған ауыр атлетика федерациясы ел спортшыларының әлемдік, халықаралық жарыстар мен олимпиадалық ойындарға қатысуына көп жәрдем көрсетті. Сондай еселі еңбектің арқасында қазақ спортшылары байрақты жарыстар мен олимпиадалардан елге табыспен орала бастады. Оның ішінде, жасындай жарқырап, Анатолий Храпатый, Юрий Зайцев, сонымен бірге қызылордалық зілтеміршілер төрт дүркін әлем жеңімпазы Илья Ильин мен Александр Зайчиков сынды толағайларымыз өздерінің үздік өнерімен әлем көгінде ел байрағын желбіретті. Жерлестерімізді Сыр бойы халқы қуанышпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Оның ішінде, қасиетті қармақшылықтармен қуанышын бөлісуге келген Илья Ильиндей ұланымызға аудан халқы үлкен қошемет көрсетті. Сол жылы аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық спорт клубтан Илья Ильин атындағы жас зілтеміршілер залы ашылып, оған жаттықтырушы болып жас маман Айдар Ерәлиев қызметке алынды.
Міне, оған да биыл тоғыз жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар аралығында жас та болса, көптеген шәкіртті тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын табуына еңбек сіңірген Айдардың жетістігі облыс, республика мамандарынан жоғары бағалануда.
Айдар киелі Қармақшы өңірінде туып, өсіп-өнген азамат. Жосалы кентіндегі №121 орта мектепте білім алып жүргенде достары Бақытжан Айбақов, Еркебұлан Құдабаевтармен бірге есімі елге танымал спорт жанашыры, республикалық «Қазспорт» газетінің тілшісі Қыдырбек Рысбектің елімізде зілтемір спортымен шұғылдануға құлшынысы бар қазақ жастарына қолдау көрсету мақсатында сол жылдары Астана қаласында ашылған республикалық спорт интернатта білім алуда КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Сидоровтың қол астында жаттығуға кіріседі. Жас дарын өзінің ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен тынбай жаттығып жүріп, көп ұзамай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе бастайды. Бірнеше рет өз жас шамасындағы ауыр атлеттер арасында өткен республикалық жарыстарда топ жарса, одан кейінгі жылдарда ересектер арасында өткен халықаралық және Қазақстан чемпионаттарында жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін тасытады.
– 2009 жылы елге келген соң ауданда Илья Ильин атындағы ауыр атлетика залы ашылды. Сол залға жаттықтырушы ретінде 20 бала қабылдадым, кейіннен олардың саны отызға жетті. Ұлдармен бірге қыздар да қызығушылық танытып, шәкірттер саны көбейді. Еңбегім еш кетпеді. Сала майталмандары, спорт клуб директоры Әділбек Серікбаев пен №15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Алмат Қодаров қолдау көрсетіп келеді. Айшолпан Зайчикова, иә әлем жеңімпазы Александр Зайчиковтың жары, содан кейін Гүлназ Шәмиева, Әмірхан Қожабаев сынды шәкірттерім бірнеше рет Қазақстан чемпионатында үздік атанып, мерейімді тасытты. Оларға еріп, басқа жасөспірім шәкірттерім үмітімді ақтады. Сол тоғыз жылдық еселі еңбегімнің нәтижесінде бүгінге дейін 16 Қазақстан чемпионы мен 20 ел біріншілігінің, халықаралық жарыстардың жүлдегерін, сонымен бірге 7 ҚР спорт шебері мен 36 спорт шеберлігіне үміткер дайындаппын. Әлі де сол атаққа үміткер шәкірттерім жетерлік. Сондай-ақ, қазіргі таңда түрлі дүбірлі жарыстарға дайындап жатқан өрендер арасында Ерасыл Сәулебеков, Бабыр Қожантаев, Данияр Сайлаубеков, Әділ Кәрібаев, Әбіл Мирамбеков, Нұрғиса Пернетай, Әділет Әбдіқали мен Мәди Айтошов сынды «сен тұр, мен атайын» деген жас зілтеміршілер өсіп келеді. Олардың арасында келешекте жасындай жарқырап, ел байрағын әлем көгінде желбірететін толағайлар шығады деген сенімдемін. Илья Ильин, Александр Зайчиков, Алмас Өтешов, Сергей Седов, Жеңіс Алдабергенов сынды ауыр атлетика спортының майталмандарымен тәжірибе алмасып, дәріс алып тұрамын. Тіпті, отбасымызбен қатысып тұрамыз. Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Вилори Пак ұстазыммен жиі хабарласып тұрамын. Ақылын айтып, кеңесін түйсігіме түйіп тұрамын. Сондай сала білгірлерінен алған сабақтың арқасында бүгінде шәкірттерім қандай деңгейде болсын өткен жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуде. Тіпті, кейбірін облыс орталығындағы мамандардың қалауымен спорт интернатқа білімдерін жетілдіруге қабылданды, – дейді спорт маманы Айдар Ерәлиев.
Иә, «Өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп дана халқымыз айтқандай, жас та болса, өз ісінің білгірі атанған Айдар Ерәлиев бүгінде Қармақшы өңірінің жас зілтеміршілерін жаттықтыруда, олардың қоғамнан өз орнын табуына аянбай еңбек етіп, ел ықыласына бөленуде.
Сонымен қатар, Айдар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ата-бабамыздан мирастыққа аманатталып келе жатқан салт-дәстүрімізді, нақтырақ айтқанда ұлттық спорт түрлерін жаңғыртуда, аудан жастары арасында кеңінен насихаттауға өз үлесін қосуда тынбай еңбек етуде. Оның гір тасын көтеру, арқан тарту, қол күресі бойынша жаттықтырып жүрген шәкірттері Абай Оспанов, Ерсұлтан Жалғасбаев, Ермек Пазлиев, Бағдат Еламанов, Талғат Қанаев, Бауыржан Қуанышбаев және басқалар облыстық, республикалық жарыстарда жасындай жарқырап, аудан абыройын асқақтатып жүр. Жоғарыда есімдері аталған спортшылардың барлығы да бүгінде облыс құрама сапында аймақ намысын қорғауда.
Жас та болса егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген жас маман Айдар Ерәлиев бірнеше рет аудан әкімінің, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының алғыстары мен мадақтамаларына ие болды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: