Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Күншілдік жаман сипат

Адам баласын екі дүниеде құрдымға кетіретін жеккөрінішті сипаттардың бірі – күншілдік. Бұл сипат басқалардың жетістіктері мен бақыттарына қатты күйініп, жамандық тілеп, қызғанышпен қарауы. Бұл қасиет адамды кекшілдікке, теріс ойларға, қоғамнан оқшаулануға әкеледі. Жазушы Немат Келімбетов: «Қызғаншақ адам өзінің қолында бар нәрсені қызғанады, күншіл адам біреудің қолындағыны да қызғанады» деген екен.
Күншілдік түбінде алауыздыққа, өшпенділікке жол бастайды. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Олар өздеріне  анық дәлелдер мен ақиқатты баяндайтын ап-айқын аяттар келгеннен кейін, араларындағы күншілдік пен бақталастық кесірінен өзара алауыз болды», - деп айтқан («Бақара» сүресі, 213-аят).
Біреудің жетістігін қызғану арқылы Құдай Тағаланы әділетсіздікпен айыптаған болады. Күншілдік – әлемнің Иесіне қарсы әдепсіздік танытып, бүкіл заңдылықтың қожайыны Жаратушыға қарсы келу болып есептеледі. Ниса сүресінің 32-аятында: «Сондай-ақ Алланың кейбіріңе басқаларға қарағанда молынан берген (байлық, атақ, мансап сынды) дүниелік нәрсеге аңсарларың аумасын, (біреудің несібесіне қызығамын деп, күншілдік дертіне шалдығып, Алланың жазғанына қарсы келіп жүрмеңдер)», - дейді. Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұлы Алланың нығметтерінің дұшпандары бар» дегенде, «Олар кімдер?» – деп сұрайды. Сонда: «Алланың өздеріне берген нығметтерін адамдардан қызғанатындар», – деп ескертеді.
Ағартушы ғалым Ы.Алтынсарин атамыз: «Күншілдік – Біреудегі Құдай Тағаланың берген дәулетін, не ілімін, не бір пайдалы ісін көріп, ол дәулеттердің ол адамнан кетуін тілемек» деп баға береді. 
Бұрынғы өткен ғұламалар: «Көреалмаушылық аспандағы ең алғашқы жасалған күнә. Ібіліс Адам (ғ.с.) пайғамбардың мәртебесі мен дәрежесіне іштарлық етті. Сонымен бірге, жер бетінде де ең әуелі жасалған қылмыс пен күнә көреалмаушылықтың салдарынан болды. Адам (ғ.с.) ұлдары бірін-бірі іштарлық кесірінен өлтірді», - деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің бойларыңда әуелгі үмметтердің дерті – көреалмаушылық пен ашу-ыза дендеп барады: Мұхаммедтің жаны уысында болған Алламен ант етемін, бір-біріңді жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көргізетін істі айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді дауыстап беріңдер», - деген болатын.
Басқа бір хадисінде: «Көреалмаушылықтан сақ болыңдар. Өйткені, көреалмаушылық адамның ізгі-сауап амалдарын от (ағаш) отынды жандырып жібергендей жоқ етеді», - деп айтқан. Сахаба Мұғауия (р.ғ.): «Барлық адамның көңілін тауып, риза ете аламын. Тек көрелмаушының көңілін таппадым. Өйткені, оның көңілі тек кісіге берілген нығметтің кетуімен көншиді...», - деген екен.
Ислам – көркем мінез бен әдепке негізделген дін. Ислам кемел дін болғандықтан, ондағы әдеп нормалары да сондай кемел. Ал күншілдік, көреалмаушылық ештегі рухани дерт болып табылады. Одан барынша сақтанып, бойымызға көркем мінезді қалыптастыруымыз қажет. 
Айтжан ЖЕКСЕНОВ,
«Мырқы қажы» мешітінің бас имамы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: