Жері шұрайлы, елі шырайлы Сырдың қасиетті өңірінің бірі – Шиелі. Қарт Қаратау мен Сырдария өзені аралығын ен жайлаған киелі өлкенің қай кезде де ынтымағы мен берекесі тасыған. Халқы ертеден ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, егін және мал шаруашылығымен айналысып, жарқын жетістікке жетіп келеді. Сонымен қатар кейінгі кезде Шиелі өндіріс пен өнеркәсіп жағынан да өзге аудандардан көш ілгері. Республика бойынша санаулы жерде ғана бой көтерген цемент зауытының біреуі ауданда орналасуы – үлкен жетістік. Жалпы шырайлы өлкеде шынайы еңбектің нәтижесі ерекше көрінеді.
![]()
Жалпы аудан бір кент, 22 ауылдық округтен құралады. Халық саны 86 мыңға жуық, оның ішінде экономикалық белсенді тұрғын саны – 36 501. Биылғы 1 маусымға ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін статистика органдары қорытындылады. Жалпы экономикалық тұрғыдан алғанда тұрақты жағдай қалыптасты деп бағалануда. Аудандық бюджеттің кірістері биылға несиелерді қоса есептегенде 12 млрд 955 млн 138 мың теңгеге бекітілді. Бүгінгі жағдай бойынша түзетілген бюджет несиелерді қоса есептегенде 13 млрд 53 млн 30 мың теңгеге нақтыланды. Кірістер несиелерді қоса есептегенде болжамдалған 4,9 млрд теңгенің орнына 5,4 млрд теңгеге немесе 108,6 пайызға, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі болжамдалған 2,3 млрд теңгенің орнына 3,4 млрд теңге болып 151,5 пайызға орындалды. Бюджет шығысы есепті мерзімде 4,9 млрд теңгеге жоспарланды. Мамыр айының қорытындысымен 97,2 пайызға орындалды. Бұл ауқымды қаражат халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсартуға жұмсалуда. Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде де айтарлықтай өсім қалыптасты. Атап айтсам, биылғы 5 айда 29,4 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 24,3 млрд теңгеге жетіп, 133,6 пайызға, ауыл шаруашылығында 3,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді, инвестиция тарту көлемі 21,9 млрд теңгені құрады, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 22 941 шаршы метр (106 пайыз), құрылыс жұмыстарының көлемі 7,6 млрд теңге (162,9 пайыз) және бөлшек сауда көлемі 5,1 млрд теңгеге жетіп, 117,5 пайыз болды.
Биыл 5 айда 6306 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жобалық құны 998,2 млн теңгені құрайтын 55 жоба шағын несие қаражатын алды. Мәселен, бизнесті дамыту және қолдауға арналған Ұлттық жоба аясында 4 жоба (191 млн теңге), Аграрлық несие корпорациясы арқылы 12 жоба 508 млн теңге көлемінде несие алды. Сонымен қатар «Қызылорда» Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 1 жобаға 50 млн теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 38 жобаға 249,2 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Міне, осының бәрінде ұмтылыс, азаматтардың жаңа идеялары бар.
Жыл сайын ауданда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың саны артып келеді. Биыл жобалық құны 70,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Бұл жобалар іске қосылғанда 233 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бір-екеуіне тоқталып өтейін. «Тесис» ЖШС-ның қуаттылығы 40 МВт күн-электр станциясын салу жобасының құны – 11,5 млрд теңге. Іске қосылғанда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 80 гектар жер телімі табысталды. Қазіргі таңда сыртқы қоршау жұмыстары жүргізіліп, ішкі жолдар салынды. Күн панелдерін орнатуға арналған бағаналар қойылуда. 85 адам жұмыспен қамтылуда. Төртінші тоқсанда іске қосу жоспарланған.
«Табиғи тас Қызылорда» ЖШС-ның «Жоғары сортты әк өндіру және қиыршық тас өндіру зауыты» жобасының құны – 12,3 млрд теңге. Қазіргі кезде құжаттары әзірленіп, аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып, министрліктен келісім алуға жолданды. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде индустриялдық аймақтан 10 гектар жер телімі сұралуда.
«Ақмая» ШҚ-ның «Күріш ақтау зауыты» жобасы да бар. Жоба құны – 300 млн теңге. Бүгінде зауытқа қажетті құрал-жабдықтар Қытайдан сатып алынып, жеткізілуде.
Әрине, ахуал есеппен екшеленеді ғой. Көрсеткіштер төмен емес. Мәселе жоқ деп те айта алмаймыз. Өйткені еңбек болған жерде жетістікпен қатар, атқарылар іс жүреді. Бес айда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 3,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 101,9 пайызды құрады. Мал шаруашылығында төрт түлікте өсім бар. Ірі қара 87 795, қой мен ешкі 150 156, түйе 1 985, жылқы 30 492 басты құрады.
Егін шаруашылығына тоқталсақ, биыл 31512 гектарға егін егу межеленді. Оның ішінде дәнді дақылдар үлесі 14783 гектар, майлы дақылдар 1130 гектар, мал азығы дақылдары 10332 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 5267 гектар. Күріштің үлесі – 12 500 гектар. Әртараптандыру мақсатында бидай, жүгері, соя, арпа, күнбағыс, картоп, көкөніс, бақша дақылының егін көлемі ұлғайды. Былтыр су үнемдеу бойынша 6268 гектар жер лазерлік тегістеуден өтсе, биыл лазерлік тегістеу жұмыстары 9000 гектарға ұлғайды. Тамшылатып сурару әдісі жақсы қолданылуда. Қазіргі кезде 670 техника егін егу науқанына қатысуда. Кейінгі 4 жылда ауданда техника паркі 65 пайызға жаңарды. Бұл – жақсы нәтиже! Еңбеккерлердің ізденісі.
Ал жанар-жағармай мәселесіне келсек, көктемгі егін егу дала жұмыстарына Шиелі ауданына мемлекет тарапынан 1749,2 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, оператор «РК-Мұнай» ЖШС-нен литрі 254 теңгеден жанар-жағармай алуда.
2025 жылы Шиелі ауданында саяқ шегірткеге қарсы күрес шаралары қарқынды жүргізілуде. Аудан бойынша көктемгі-жазғы мониторинг жұмыстары аясында 22 600 гектар жер тексерілуде. Жоспарға сәйкес, химиялық өңдеу жұмыстары 11 648 гектар аумақты қамтиды, оның ішінде мемлекеттік жер қорынан – 5 880 гектар, ал шаруашылық құрылымдары жерлерінен – 5 768 гектар өңделеді.
Зиянкестерге қарсы залалсыздандыру шаралары ауданның 14 ауылдық округінде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Еңбекші, Керделі, Талаптан, Майлытоғай, Ақмая, Тұран, Бәйтерек, Жуантөбе, Бестам, Иіркөл, Тартоғай, Телікөл, Жаңатұрмыс және Қарғалы ауылдық округтерінде жұмыстар жүргізілуде.
Аталған өңірлерде зиянкестердің таралуын болдырмау мақсатында арнайы техника мен құралдар жұмылдырылып, химиялық өңдеу шаралары қолға алынған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғау және өнімділікті арттыру көзделуде.
Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастыруда.
Жыл басында жаңадан 2 жүк тиегіш, 6 трактор барлығы 8 жаңа техника әкелініп, 156 млн теңгеден аса инвестиция тартылды.
Шиелі кентінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен жобалық құны 363 млн теңгені құрайтын спорт комплексінің құрылысын бастауға 254 млн теңге, «Бестам» ауылында жобалық құны 461 млн теңгені құрайтын 150 орындық клубтың құрылысына 346 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде.
Шиелі кентінде тұрғындарға жайлы және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, тұрғын үйлердің сыртқы қабатын қаптау жұмыстары қарқын алды. Оған былтыр 83, 8 млн теңге, биыл 88,9 млн теңге бөлінді.
Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының құрылысына «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» Ұлттық жобасы аясында 2,3 млрд теңге қаржының, биылғы жылға 1,3 млрд теңгесі қаралып, жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ көпбейінді орталық аурухана ғимаратына блок қосып, МРТ құрылысын орнатуға 733 млн теңге бөлінді.
Шиелі ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 323,4 шақырымды құрайды. Оның 80 шақырымы республикалық, 98 шақырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолы санатында. Аудандық маңыздағы 145,4 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының бүгінге 130,4 шақырымы (89,7 пайыз) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал облыстық және республикалық маңыздағы жолдар 100 пайыз асфальтталған.
Аудан бойынша елді мекендердегі 114,23 шақырым жолды қайта құрылымдау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына қажетті барлығы 11 млрд-тан астам теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылып, тиісті қаржы бөлінді.
Газдандыру бойынша бізде 15 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Аудан бойынша елді мекендерді газдандыру үлесі халық санына шаққанда 80 пайызды құрайды. Жыл басында екі елді мекенді «көгілдір отынға» қостық. Ал сапалы ауызсумен 86 мыңнан аса тұрғын 100 пайыз қамтамасыз етілген. Оның ішінде орталықтандырылған ауызсу жүйесімен 22 елді мекен, жергілікті су көздері (скважина) арқылы 12 елді мекен, «ТеміржолСу-Қызылорда» ЖШС-мен 3 елді мекен қамтылған.
Үкімет қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес халық саны 200 адамға дейінгі елді мекендерге су тұшытқыш кешенді блок-модульдер орнату қажет делінген. Биыл «Ақтам» және «Тоғайлы» елді мекендеріне су тұшытқыш кешенді блок-модульдер орнатуға аудандық бюджеттен 42 млн теңге қаржы бөлініп, су тұшытқыш қондырғылар орнатылды.
Статистика мәліметі бойынша, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды, яғни, 1833 адам. Аудан бойынша халық саны – 85945 адам. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны жоғарыда айтып өткенімдей, 36501, жұмыспен қамтылғаны – 34668. Оның ішінде, жалдамалы қызметкерлер – 17668, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 17000. Былтыр аз қамтамасыз етілген азаматтарға, яғни, 469 отбасының 2664 мүшесіне 210 млн 784,2 мың теңге төленсе, биыл бюджеттен барлығы 1 млрд 83 млн теңге қаржы қаралды. Есепті жылдың 1 мамырына 200 отбасының 1091 мүшесіне 43,8 млн теңге тағайындалып, 189 отбасының 1009 мүшесіне 35,4 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. 1-6 жасты қоса алғанға дейінгі әрбір балаға ай сайынғы қосымша төлем үшін жыл басынан 149 отбасынан 281 балаға 4,7 млн теңге қаржы берілді. Бюджет қаражатын заң талаптарын сақтай отырып, тиімді жұмсау мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тұрмыс жағдайын қосымша зерттеу үшін жұмысшы топ құрылып, мониторинг жұмыстары жүргізілді. Қорытындысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 47,5 пайызға төмендеді.
«Мансап» орталығына биыл 3031 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 516 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылса, 1345 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бизнес-идеяларды дамытуға қайтарымсыз грант беру жоспарына сәйкес 145 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Мүгедектігі бар адамдарды жеке оңалту бағдарламасы бойынша биыл 4 айда 801 адамға гигиеналық және техникалық құралдар жеткізіліп берілді, яғни, 97,9 пайызға орындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған..
«Ауыл аманаты» жобасы аясында соңғы үш жылда Шиелі ауданы бойынша жалпы құны 968,1 миллион теңгені құрайтын 135 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде ауданымызда жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік саласы дамып келеді.
Жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысанның ашылуы аудан тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы болмақ.
«Сұлутөбе» ауылдық округі үш елді мекеннен тұрады. Жоғарыда айтып өттім, аудан бір кент, 22 ауылдық округтен құралады. Сондықтан бөлінетін қаржыны салыстырып, халық санына қарай бағыттап отырамыз. Мысалы, «Бидайкөл» ауылында бес мың тұрғын бар, ал Балаби ауылында 3644, Ш.Қодамановта 3368 адам бар, «Сұлутөбе» ауылдық округінде үш елді мекен болғанымен, тұрғын саны – 3012. Бірақ соған қарамастан тұрғындардың талап-тілегін орындауға жұмыс жасап отырмыз. Мысалы, былтыр кездесуде Жаназар батыр ауылының тұрғындары ауыл паспорты орнатылатын арка тұрғызуды өтінді. Оны қойып бердік. Ал жол жайына келсек, күрделі жөндеуге жоба дайындалып, тиісті басқармаларға берілді. 2021 жылы клубты 30 млн-ға күрделі жөндеуден өткіздік. 20 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынды. Биыл «Тағзым» алаңын салуға конкурс жарияланды. Түнгі жарық шамдарын күтіп-ұстауға қаржы бөлінді. Ал «1 Мамыр» елді мекеніне былтыр 41 млн теңге бөлінді. Ол жерде де балалар ойын алаңы, 2021 жылы аллея салынып, аяқсу шешімін тапқан.