Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қалалардың өркендеуінің ерекше мәні

Бүгін «Өнер орталығында» «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 - Қызылорда» форумының қорытынды пленарлық сессиясы өтті.

Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat  Ұйымы, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы форумның маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға алғысын білдірді.
«Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы қалалардың өркендеуімен тікелей байланысты. Ал, оған әсер ететін бірден-бір фактор – урбандалу процесі. Тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыру, жайлы кеңістік қалыптастыру, экологиялық таза орта құру, инфрақұрылымды тұрақты жаңғырту, қалаларды жаңа технологиялардың көмегімен басқару – біздің алдымыздағы маңызды міндеттер. Бұл ретте тиімді басқару мен дұрыс жобалаудың нәтижесінде ғана тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізе аламыз.
Бүгінгі форум – өңірлердің тұрақты дамуына оң серпін берудегі, урбанистика саласын жаңа деңгейге шығарудағы, ортақ мақсаттарға қол жеткізудегі маңызды қадам. Форумда айтылған  тың идеялар мен мазмұнды ұсыныс-пікірлер алдағы жұмыс барысында тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.
Бүгінгі форумның бас демеушісі «Казпетрол Групп» компаниясына зор алғысымызды білдіреміз.
Тәуелсіз Қазақстанның кемел келешегі жолындағы әрбір бастамаларыңыз жемісті, қызметтеріңіз нәтижелі болсын!Егемен елімізді бәсекеге қабілетті етуде, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруда Президентіміздің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындап, халықтың зор құрметіне бөлене бергейсіздер! Ел іргесі берік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!»,- деді Н.Нәлібаев.
Қорытынды сессияда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі өз пікірлерін ортаға салды. UN-Habitat ұйымының атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс қорытынды сөз сөйледі. 
Соңында Қызылорда облысы мен UN-Habitat ұйымы арасында декларацияға қол қою рәсімі өтті.
Қызылордада өткен «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы – 2025» еліміздің ғана емес, жаһандық деңгейдегі урбанистика мәселелерін көтеріп отыр. Форумда экология, инфрақұрылым, цифрлық даму және ең бастысы – климатқа бейімделу мәселелері кеңінен талқыланды. Орталық емес шағын қалалардың мүмкіндіктері мен тәжірибесі де назарда.
Құрғақ аймақтардағы тұрақтылықты дамыту жолдары Қызылордада талқыланды
Климаттың өзгеруі бүгінде жаһандық күн тәртібіндегі ең өткір мәселелердің бірі ретінде танылып отыр. Әсіресе құрғақ климаттық белдеуде орналасқан Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде бұл өзгерістердің әсері күннен-күнге күшейіп келеді. Шөлейттену, температураның тұрақты өсуі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және экожүйелік тепе-теңдіктің бұзылуы - бұл аймақтардың тұрақты дамуына тікелей қауіп төндіруде.
Осыған орай бүгін Қызылордада «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы» аясындағы үшінші тақырыптық сессия - климаттық өзгерістер жағдайындағы өңірлік урбанизацияның жаңа бағыттарын қарастыруға арналған маңызды пікір алаңына айналды. «Қазақстанның құрғақ аймақтарындағы климат және қалалық тұрақтылық» тақырыбындағы жиынға халықаралық ұйым өкілдері, салалық сарапшылар, экология мен сәулет, инфрақұрылым саласындағы мамандар қатысты.
Сессияда құрғақ аймақтардағы қалалардың болашағы, табиғи ресурстармен дұрыс жұмыс істеу тетіктері, деректерге негізделген шешім қабылдау мен жергілікті ерекшеліктерді ескеретін жоспарлау жайлы ой қозғалды. Қатысушылар қалалардың климатқа төзімділігін арттыру үшін ғылыми, технологиялық және институционалдық деңгейде нақты шешімдер қажет екенін атап өтті.
Гүлшат Әміралиева өңірде соңғы жылдары температураның айтарлықтай көтерілуін атап өтіп, климаттық болжамдарға сүйене отырып әрекет ететін жүйелерді қалыптастырудың маңызын жеткізді.
Гүлмира Имашева су ресурстарын әділ әрі тиімді басқару - құрғақ аймақтардағы басты міндеттердің бірі екенін айтып, агросектор мен қалалар арасындағы су үлесін қайта қарау қажеттігін тілге тиек етті.
Еркін Өтегенов Арал маңы жағдайын мысалға ала отырып, экожүйеге бейімделген жер пайдалану мен егіншілік тәсілдерінің өзектілігін көрсетті. Урбан даму да осындай экологиялық шындықпен үндесе отырып жүруі тиіс екенін жеткізді.
Мария Скрябина климаттық жағдайларға бейімделген сәулеттік шешімдер - келешек қалаларының іргетасы болуы керек екенін айтып, көлеңкелі аймақтар, желдету жүйелері сынды пассив шешімдерді қайта қарастыруды ұсынды.
Әлім Сайлыбаев көміртегі бірліктері арқылы қаржыландырылатын жасыл жобалар мен табиғи шешімдер қалалар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты. Инновациялық экологиялық жобаларды урбан кеңістіктерге енгізу - қазіргі заман талабы.
Сессия соңында қатысушылар құрғақ аймақтардағы қалалар үшін бейімделген жоспарлау мен тұрақты даму - тек экологиялық емес, сонымен бірге әлеуметтік және экономикалық өміршеңдікпен тығыз байланысты екеніне тоқталды. Қызылордадағы бұл алаң климат пен қалалық орта арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтау жолында нақты ұсыныстар мен тәжірибелер алмасуға мүмкіндік берген маңызды қадам болды.
Қызылордада өткен «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы - 2025» тұрақты, инклюзивті әрі климатқа төзімді қалалық даму мәселелерін талқылауға арналған ұлттық деңгейдегі маңызды алаңға айналды. Форумға елімізден және шетелден келген сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік құрылым өкілдері қатысуда. Солардың бірі - Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілінің м.а. Сухроб Ходжиматов форумда сөйлеген сөзінде былай деді:
- Ең алдымен, осындай ұлттық деңгейдегі іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қызылорда облысының әкімдігіне және БҰҰ-Хабитат ұйымына алғысымды білдіргім келеді. Бұл шара Қазақстанда алғаш рет жаһандық қалалар күн тәртібі аясында өтіп отыр. Мен бүгін осы маңызды жиында БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдігі атынан қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі сөз сөйлеуіміздің және алдағы өтетін барлық пікірталастардың негізгі мақсаты - қалалар үшін орнықты болашақ қалыптастыру жолында қолайлы орта құруға бағытталған нақты іс-қимылдарды айқындау. Бұл - қалдықтарды басқару, климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері, сондай-ақ климаттық сипаттағы төтенше жағдайларға дайындық пен оған жауап беру тақырыптары. Бұл - бүгінгі күн тәртібінде тұрған аса өзекті мәселелер. Әрине, мұндай мәселелердің әрқайсысына қатысты белгілі бір шешім жолдары бар. Біз Қазақстанда халықаралық және ұлттық деңгейде жоғары білікті сарапшылардың бар екендігін мақтанышпен айтамыз. Қазіргі уақытта сарапшыларымыз бірқатар ұсыныстар мен әдістемелік материалдарды дайындап жатыр. Жуырда, маусым айында, Алматы қаласында «Орталық Азия - Балқан» саммиті өтті. Саммит төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын бағалау мәселелеріне арналды, әсіресе бұл - қала мен ауылдық елді мекендер үшін өте маңызды.
Форумға қатысқан халықаралық сарапшылардың бірі - Ави Саркар, БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жаһандық бөлімшесіне (GSD) қарасты Негізгі қызметтерді қамтамасыз ету басқармасының өкілі, Лаос Халық-Демократиялық Республикасындағы кеңсенің басшысы - өз әсерімен бөлісті.
- Мен Қазақстанда, Қызылорда қаласында өтіп жатқан алғашқы Қазақстан Ұлттық Урбан Форумының қатысушысы болғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл - тарихи әрі маңызды оқиға деп есептеймін. Бұл форум орталық емес және шағын қалалардың да урбанизация үдерісіне белсенді қатыса алатынын көрсететін жол ашары сөзсіз. Мен осы бағдарламаға толықтай қатысуға ерекше ынта білдіремін. Өзім бұл форум аясында қала тұрақтылығы мен климаттың өзгеруіне бейімделу тақырыбына арналған арнайы сессияға қатысып отырмын. Қызылорда қаласы мұндай мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын жақсы білемін және бұл бағытта Қызылорданың көшбасшылық таныта алатынына сенімдімін. Қала климаттық өзгерістерге төзімді. Бұл өзге өңірлерге үлгі бола алады деп есептеймін. Қазақстанда болу - мен үшін үлкен мәртебе, - деді ол.
Форум қатысушылары тек кәсіби пікір алмасумен шектеліп жатқан жоқ – олар үшін Қызылорда қаласының атмосферасы мен тұрғындарының шынайы қабылдауы да үлкен әсер қалдырды.
Форум спикерлерінің бірі, сәулетші әрі урбанист, Гарри Доббс (Harry Dobbs Design студиясының негізін қалаушы) өз ойымен бөлісті:
- Ең алдымен айтарым, бұл - менің Қазақстанға екінші рет және Қызылорда қаласына алғаш келуім. Ең үлкен әсер қалдырған жайт - бізді өте жылы қарсы алғандарыңыз. Тек әкімдік тарапынан ғана емес, сонымен қатар бізге көмектесіп, жылы шырай танытқан барлық адамдардың құрметін сезіндік. Қаланы аралап, осында бой көтеріп жатқан жаңа әрі заманауи инфрақұрылым нысандарын көрген кезде, мұндағы дамудың серпіні мен қоғамда қалыптасқан үміт пен қуанышты сезіну қиын емес. Бұл өзгерістер халықтың өмір сүру сапасына оң әсер етері сөзсіз. Мұның барлығын өз көзімізбен көру - біз үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш. Сонымен қатар, сіздердің шынайы қонақжайлықтарыңыз бізді ерекше тәнті етті. Бұған дейін біз осында жұмыс істемеген едік, және жоғарыда айтқанымдай, бұл - менің бұл өңірге алғашқы сапарым. Сондықтан мен өзімнің халықаралық деңгейдегі жобаларда жинаған тәжірибеммен бөлісіп, урбанистік және аймақтық даму саласында жиі кездесетін ортақ қиындықтар туралы сөз қозғайтын боламын.
«Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы – 2025» аясында Қызылордада елдегі қалалардың даму болашағы, климаттық тұрақтылық, инфрақұрылым мен инклюзивтілік мәселелері талқыланды. Форумға әлемдік сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Олардың бірі, URBAN LIVING серіктесі, Marini Urbanismo компаниясының негізін қалаушы Риккардо Марини Қызылордаға келген әсерімен бөлісті:
- Мұнда болу – мен үшін үлкен құрмет. Қызылордаға алғаш рет келіп тұрмын және қаладағы жылдам оң өзгерістерге таңғалдым. Қала таза, заманауи, инфрақұрылымы жоғары деңгейде. Қалаға кеше таңғы 11-де келдім. Содан бері қаланы аздап аралап үлгердім. Маған Қызылорданың заманауи нысандарын көрсетті. Барлығы жаңа, таза әрі сапалы салынған. Мен қаланың тазалығы туралы көп естідім, және бұл рас екен.
Бүгін урбанизация туралы – оның әрбір азаматтың күнделікті өмір сапасына қалай әсер ететіні жайлы айту маңызды. Бұл процесте ең бастысы – адамдар, балалар мен студенттер. Қала – бизнес үшін емес, адам үшін болуы керек.
Қазақстанда бірнеше жобамен айналысып жатырмын. Алматыдағы Шымбұлақ ауылын қайта дамыту – Президент Тоқаевтың туризмді дамыту бастамасының бір бөлігі. Сонымен қатар, Үкіметпен бір ерекше жобада жұмыс істеп жатырмын (құпия келісімге байланысты толық айта алмаймын).
Қазақстанның табиғатына таң қалдым – ел өте көркем әрі әртүрлі. Мен Алматыда орналасқан Urban Living компаниясында жұмыс істеймін. Бұл – менің қазақ серіктесіммен бірге құрған компаниям.
Қазақстанда өмір сүруді өзім таңдадым. Өкінішке қарай, қазақша да, орысша да сөйлемеймін. Бірақ қазақша бір сөзді білемін – рақмет!
Қазіргі урбанистика ұғымы бұрынғыдай тек құрылыс немесе көлік инфрақұрылымы шеңберінде қарастырылмайды. Бұл сала бүгінде өмір сүру сапасын арттыру, табиғи орта мен адам арасындағы байланысты сақтай отырып, орнықты әрі инклюзивті қалалық кеңістіктер қалыптастыруды көздейді. Қазақстанда мұндай үрдістер тек ірі мегаполистермен шектелмей, өңірлік деңгейде де белсенді дамып келеді.
Сессияда қалалық саясатты деректерге сүйене отырып жүргізу, инфрақұрылымдық жобаларды жергілікті ерекшеліктерге сай жоспарлау, тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалану арқылы өңірлік урбан дамуды жеделдетудің жолдары сөз болды.
Сарапшылар урбан жобалауда адамға ыңғайлы, инклюзивті және мәдени ерекшеліктерді сақтаған орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Инженерлік желілер мен жер телімдеріне қатысты цифрлық кадастрлық жүйелерді енгізу - шешім қабылдаудың негізі ретінде қарастырылды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: