9 шілде – су шаруашылығы қызметкерлері күні ретінде аталып өтеді. Бұл – қысы-жазы табиғаттың тосын мінезіне мойымай еселі еңбек етіп жүрген сала мамандарына көрсетілген құрмет.
![]()
Әсіресе суармалы егіншілікпен айналысатын біздің өңірде әрбір тамшы судың қадірі қымбат. Кейінгі жылдары жергілікті жұрт Сырдария деңгейіне алаңдайды. Жоғары бөліктен келетін судың деңгейі күрт төмен түсіп кетті. Оған басты себеп – климаттың өзгеруі. Дарияның бастау алатын бөлігінде қар мен жаңбырдың мөлшері азайды. Оған қоса өзен бойында орналасқан мемлекеттердің сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Елімізде су шаруашылығы саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етсе, облыста 1000-ға жуық маман осы салада жүр. Кезінде су шаруашылығында 2400-3000-ға дейін адам жұмыс жасайтын.
Елімізде су қорлары гидрографиялық белгілер бойынша бассейндік жүйеде басқарылады. Ал ел аумағы сегіз су нысаны бассейніне бөлінген. Сала мамандарының айтуынша, «Арал-Сырдария» бассейні олардың арасында ең ауқымдысы, сондай-ақ, экологиясы жөнінен проблемасы толық шешімін таппаған.
«Арал-Сырдария» бассейні климаты жағынан ерекшеленеді. Бізде жаз айында аптап ыстық, жауын-шашын тым аз түседі. Мұндай жағдайда су шаруашылығы экономиканың барлық салаларының тұрақты жұмысы мен халық тіршілігінің қамтамасыз етілуіне, қоршаған ортаның тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
– Еліміздегі ең ірі су қоймасы – «Шардарада» қазір 1,9 млрд текше метр су бар. Оның сыйымдылығы – 5,2 млрд текше метр. Оған жиналған су өте аз екенін байқау қиын емес. Мамандардың айтуынша, «Шардараға» жоғарыдан секундына 165 текше метр су түсуде. Төменгі ағысқа 400 текше метрі су жіберіліп жатыр. «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынған. Жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдарымен дарияда күнделікті мониторинг жасалып отыр, – дейді су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Сейітхан Әбуов.
Вегетациялық кезеңде егісті сумен қамтамасыз ету мақсатында су жүйелерін тазартуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл үшін шаруашылықаралық каналдар және ішкі шаруашылықаралық каналдар толықтай тазартудан өткізілді. Су құрылыстарының шаруашылықаралық, ішкі шаруашылық каналдары және насос қондырғылары, гидробекеттерді жөндеу толықтай атқарылды.
– Біздің өңірде егіннің 98 пайызы суармалы жүйеге негізделген. Осы орайда Су кодексінің дұрыс жасалғанын атап өткім келеді. Әсіресе, суды қорғау, ысырабына жол бермеу мәселесіне баса назар аударылған. Мұндай келеңсіздікке жол бергендерге қандай шаралар қолдану қажет екені ескерілген. Ашығын айтсақ, елдің арасында суды ұқыпсыз, артық пайдаланатын шаруашылықтар жоқ емес. Ысырапқа жол беруге болмайды. Ескерілмей қалған жағдайлар әлі де бар. Мәселен, олардың қатарында ішкі су жолдарында су пайдаланатын тұтынушылар мәселесін айтуға болады. Бұл проблема назардан тыс қалып қойған. Әдетте, бір каналдың бойында бес-алты шаруашылық орналасады. Алғашқы орналасқаны күрішті алдымен суаруға әрекет етеді. Ал аяқ бөлігіндегі шаруашылыққа су жетпей қалуы мүмкін. Соның салдарынан диқандар арасында келіспеушілік туады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мұны оң шешу үшін бір тетік қажет. Бұл жауапкершілік белгілі бір мекеменің құзыретінде болғаны дұрыс, – дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.
Қазір суға қатысты мекемелер ішкі шаруашылық каналдар жұмысын бақылай алмайды. Оған қатысты шағын және орта кәсіпкерлікті қорғау туралы заң талабы бар. Соның салдарынан шаруашылықтар суды ортақ пайдалануда келіспей жататын жағдайлар кезігеді.
Тоқсаныншы жылдарға дейін облыста 40-50 метр тереңдікте қазылған 167 дренажды скважина халыққа қызмет көрсетті. Жалпы жерасты суын пайдалану арқылы бірқатар проблеманы шешуге болады. Алайда кейбір өсімдікке кері әсері бар. Ағаштың көктемей қалуына да әсер етеді. Дегенмен қазір сол скважиналардың небәрі 18-і жұмыс жасап тұр. Тиісті қаржы бөлінсе, қалғанын қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік бар.
Кеңестік кезеңде ғалымдар Сыр өңірінің ауа райы, климаттық жағдайы, топырағын зерттеді. Сол арқылы 238 мың гектар алқап инженерлік жүйеге келтірілді. Оған кезінде қаншама қаржы жұмсалды. Облыстың күріш шаруашылығына бейімделу себебі де негізсіз емес. Егер өңірде күріш екпеген жағдайда одан ұшқан тұз қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Ғалымдар осындай мәселенің барлығын басты назарда ұстаған.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш институтының «Агротехнология, мелиорация және топырақтану» бөлімінің ғылыми қызметкері Камалдин Шермағамбетовтің айтуынша, облыстың негізгі дақылы – күріш егісінің көлемін 70-75 мың гектар деңгейінде сақтау керек. Күріш мелиоративтік қасиеті арқылы аймақтың экологиялық тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Оның көлемін одан төмендетуге болмайды. Себебі мұндай келеңсіздік күріш алқабының топырақ тұздылығын шамадан тыс арттырып жібереді. Оны институт ғалымдары өз зерттеуінде нақты дәлелдеп шықты. Айта кетсек, Арал теңізінің тартылуы салдарынан туындаған апаттың өңірге тигізіп отырған залалы орасан зор. Ол аймаққа геофизикалық және метрологиялық жағынан зиянын тигізеді. Шаруашылықтар тарапынан да суды тиімді пайдалану бағытында үлкен іс-шаралардың атқарылып жатқанын білеміз. Көптеген шаруашылықтар қуатты экскаваторлар, скреперлер, лазерлік жер тегістегіштер, насостар алып, суды тиімді пайдалану арқылы гектар шығымдылығын арттыруға қол жеткізуде.
– Бүгінгі күні 1 тонна күрішті өндіруге 10-12 мың тонна су жұмсамай, әлемнің су пайдаланудағы озық елдерінің қатарына жетіп, 4-5 мың тонна су жұмсап отыр. «Ер-Әлі» ШҚ тәжірибесі суды тиімді пайдаланудың озық үлгісін көрсетті. Жерді тегістеу, ауыспалы егісті сақтау, әртараптандыру дақылдарын егу, сорт алмастыру, сапалы тұқымды пайдалану, суару режиміне қатаң бақылау жасау, агротехнологиялық шараларды уақытылы, сапалы орындау, коллекторлы-кәріз суларын қайта пайдалану, егу-жинаудың оптимальді уақыттарын сақтау арқылы күріштен мол өнім жинап жүргені жасырын емес. Шаруашылығындағы мамандарға ғана емес, бүкіл ауылға әлеуметтік-экономикалық бағыттағы қолдаулары да – нағыз іскерлік пен адамгершіліктің көрінісі. Жоңышқа егістігінің көз қызықтыратындай жайқала өсуі, үш орымды кәміл жинап оның тұқымын өндіруге қол жеткізуі, шөп түрінде облыс көлеміне сатуы ауыл жастарының табыс табуына, салық базасының өсуіне, ауылдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей әсерін тигізді. Австриялық «Рубикон» фирмасымен суды басқару бағытындағы жұмыстары да үлкен нәтижелер беретіні сөзсіз. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, осындай жетістіктер, алдағы жоспарлардың орындалуы шаруашылық басшысы, ұйымдастырушысы инженер-гидротехник Әліби Бекжановтың тынымсыз еңбегі және білімін үздіксіз көтеруінің нәтижесі деп білеміз, – дейді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш институтының «Агротехнология, мелиорация және топырақтану» бөлімінің ғылыми қызметкері Камалдин Шермағамбетов.
Жалпы алғанда, облыста суды үнемді пайдалану үшін нақты жұмыстар жүргізілуде. Шаруашылық құрылымдары тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдана бастады. Австралиялық «Рубикон» компаниясының технологиясы арқылы су пайдаланудың нақты есебін жүргізуге мүмкіндік бар. Қазір бұл бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынған. Сондай-ақ су шаруашылығы саласын цифрландыру ұмыт қалып жатқан жоқ.
Биыл өңірде 60 мың гектарға жуық егін алқабы лазермен тегістелді. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 55 мың гектарды лазермен тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделген болатын. Ал орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін ұлғайды. Айта кетсек, Үкімет ауыл шаруашылығы кооперативтерінің лазермен тегістегіштерді сатып алу шығындарын 50%-ға дейін субсидиялайды. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында лазермен тегістейтін 123 техника бар. Бұл 100 мың гектарға дейін егістік алқапты қамтуға мүмкіндік береді.
Бір-бірімен астасып жатқан қат-қабат егіншілік жұмысында сушылардың еңбегі зор. Қазақ қай заманнан мұраптардың еңбегін құрметтеп, қадірлеген. Ал олардың ізбасарларын қолдау қағыс қалмауы тиіс.
Кіші Аралды сақтап қалу Сыр өңіріне ғана қатысты емес, бүкіл дүниежүзіне тән экологиялық жағдай. Жаңа су кодексінде кіші теңізге бөлек су лимитін қарастыру жөнінде ұсыныс айтылуда. Лимит мәселесі Сырдарияның бойында жатқан барлық мемлекетке ортақ болуы тиіс.
Су ресурстары және ирригация министрі қатысқан жиында төрт-бес мәселе көтерілді. Атап айтқанда, «Қараөзек» көлдер жүйесіндегі су қоймасын қалпына келтіру алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміттеміз. Министр халықпен жүздесуінде жерасты суын пайдалану мәселесін қозғады.
Еліміздің 50-60 пайыз бөлігі трансшекаралық өзендер бойында орналасқан. Су көздері бастауын Қытай, Ресей, Орта Азия елдерінен алады. Тығырықтан шығатын жол қайсы? Ендігі кезекте су ресурстарын үнемді пайдалануды толық жолға қойғанымыз жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 9 су қоймасын салу және 120 гидротехникалық құрылысты жөндеу жөнінде тапсырма берді. Оның ішінде біздің облыстағы 26 гидротехникалық құрылыс пен су жүйелері бар. Олардың жоба-сметалық құжаты дайын болғаннан кейін қаржы республикалық бюджет есебінен қарастырылады. Бұл жұмыстар жүзеге асқаннан кейін су пайдалану коэфициентін 70-75 пайызға көтеруге болады.
Жасыратыны жоқ, отыз жылдан астам уақыттан бері оған тиісті қаржы қаралған жоқ. Олардың барлығы дерлік кеңестік кезеңнен қалған құрылыстар. Енді су жүйелерінің барлығы жаңадан ашылған министрлікке қарайды.
Министрлік су жүйелерін қарауына алған жағдайда оны ретке келтіруі тиіс. Оған әрине қыруар қаржы қажет. Тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісі Жамбыл, Түркістан, біздің облыстың оңтүстік аудандарында пайдалануға болады. Ал күрішке қолдануға келмейді. Облыс әкімі суды үнемдеудің тиімді жолы ретінде жерді лазерлік тегістеуге баса мән беру қажеттігін атап өтті. Аймақтағы іргелі шаруашылықтар өзіне қарасты алқаптардың басым бөлігін тегістеп, суды мейлінше тиімді пайдаланып отыр. Сол арқылы су шығынын 15-20 пайызға дейін азайтты. Облыс әкімі кодексте лазерлік тегістеу ісін жолға қойған шаруашылықтарды қолдау жағы да ескерілуі қажет екенін назарға салды. Біздің облыс үшін тиімді тәсіл ретінде бағалаймыз. Ішкі каналдарды тазалап, жерді лазерлік әдіспен тегістеуге жол ашқанымыз дұрыс.
Мемлекет басшысы атап өткеніндей, кейінгі жылдарда су шаруашылығы саласына немқұрайлы қарау белең алып кеткенін жасыра алмаймыз. Кезінде осы мақсатта тәжірибелі мамандар жұмыс жасап, елді тасқын судан аман сақтап қалды.Жалпы, табиғаттың тосын мінезіне қай уақытта да сақтықпен қарауыыз қажет. Өкініштісі, қазір оған көбіміз мән бере бермейміз. Мәселен, кезінде топан судың елді мекендерге тікелей бармауы үшін су жолдары жиі тазаланып тұратын еді. Бүгінде олардың бірде-бірі сақтала бермейді. Сондай-ақ, су басу қаупі аймағында орналасқан аумақтарда тұрғын үйлер салынып кетті. Айналып келгенде, олардың барлығы осындай қиын сәтте жағдайды қиындатып, қаншама шығанның келуіне итермелеп отыр.Ендігі кезекте бәріміз су тасқынына әрдайым дайын болу міндеті тұр. Қысқы уақытта ол ылғалдың жиналуына көктемде сақадай сай болу шарт. Оған қоса су шаруашылығы саласы мамандарын дайындауға барынша назар аударуымыз тиіс.Мемлекет басшысы өз Үндеуінде осындай жағдайларды кеңінен қамтып, бұл бағытта алдағы уақытта тиісті іс-шаралардың қолға алынатынын атап өтті. Қай сәтте де елдің бірлігі мұндай қиын сәттерді еңсере түсетіні белгілі. Сол себепті бүгінгі жіберген қателігіміз ертеңгі күнге сабақ болады деген ойдамын, - дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.