Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада қоқыс өңдеу мәселесі қалай шешіледі?

Жақында Қызылорда қаласында "With You Kyzylorda" ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласын салу рәсімі өтті. Онда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев зауыт құрылысына сәттілік тілеп, өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес облысымызда 96 млрд. 100 млн. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды.
Соның бірі - шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 млрд. теңгеге жылына 240 млн.  шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы. Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 млрд. 500 млн. теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына  негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда.
Алғашқы кезеңде  9 млрд. 535 млн. теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есептелген заманауи  қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қондырғылар, арнайы техникалармен жабдықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ.
Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек билік пен ұйымдардың ғана емес, керісінше әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатын іс.

Жаңа жобалар түйткілді шешеді

Қызылорда облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 3 нысаналы индикатор аясында тиісті іс-шара атқарылып жатыр.  
Былтыр 303 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықтың 91 мың тоннасы өңделген. Бұл — бүкіл тұрмыстық қалдықтың 30,1 пайызы.
 Облыс бойынша қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және өңдеу саласында 17 кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды. Сол арқылы тұрмыстық қалдықтар бөлек жиналып, сұрыпталып және қайта өңдеуге қол жетті. Нәтижесінде көмілетін қалдықтар көлемі қысқарды. Атап айтқанда, Жалағаш ауданында картон қалдықтары мен макулатурадан эковата шығару ісі жолға қойылды. Облыс орталығының іргесінде орналасқан Тасбөгет кентінде макулатура, картон, пластмасса, пластик қалдықтарын қабылдайтын «Қарасақал» жеке кәсіпкерлігі жұмыс жүргізіп келеді. Ал «Абай-Дәулет» ЖШС пластик бөтелкелерін сұрыптап, жинақтауға мән бере бастады. Өңірде «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландыруына назар аударылды. Бұл бағытта барлығы 9 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласына бағытталған.
жоба құны — 42,5 млрд теңге. Аталған жобалар Қызылорда қаласы мен барлық ауданды қамтиды
Тиісті инвесторлар анықталған. Қаржыландыру мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-на өтінім жолданды.
Қазір аталған жобалар сараптамадан өткізіліп жатыр. Осының нәтижесінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейі 50-60 пайызға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

Оң тәжірибені үйренген дұрыс

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, географ-эколог Оразхан Айдаров тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында әлі де дамыған елдерден үйренетініміз көп екенін айтады.
Бұл мәселе әлемнің барлық мемлекетінде кездеседі. Олардың әрбірі шешу жолын іздеп келеді. Оң нәтижеге қол жеткізіп жүргені де бар. Сондықтан ғалым оң тәжірибені үйрену қажеттігін тілге тиек етеді.
— Несін жасырайық, кезінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі түйткілді тақырыпқа айналған еді. Тіпті бұл бағытта ешқандай жобаның жүзеге аспауы қоқыстың ашық далада шашылып жатуына алып келді. Кейінгі жылдары елімізде ол үшін тың жобалардың қолға алынуы қуантады. Нәтижесінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі дұрыс жолға қойыла бастады. Әлемнің кейбір елдерінде ол түбегейлі шешілген деуге болады. Әсіресе, осы мақсатта Германия, Жапония, Швеция, Аустрия және өзге де өркениетті елдерде тың жобалар жүзеге аса бастады. Мәселен, Германияның Ганновер қаласында қоқыстарды жағып, одан электр энергиясын өндіріп отыр. Ал Аустрияда жергілікті халық қоқыс жағатын кәсіпорын қасынан тұрғын үй алуға тырысады. Өйткені, олар жеңілдетілген негізде жылу мен электр энергиясына қол жеткізе алады. Енді бұл мәселе бізде қалай шешіліп отыр деген сауалға ойысайық. Қазір облыста картон қалдықтары мен макулатураны, пластик заттарды өңдеуге назар аударылып отыр. Менің ойымша, бізге әлі де бұл бағытта тың бастамаларды қолға алған дұрыс, — дейді ол.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғындардың да тұрмыстық қалдықтарды жинау мәселесіне немқұрайлы қарамау қажет. Ол азаматтардың тұрмыс мәдениетін көрсетеді.

Субсидия төлеу ақсап тұр

Қызылордалық Ғибрат Байсейітов 2019 жылы макулатура және картон өнімідерін өңдеумен айналысатын «Қызылорда қағазы» ЖШС-нің құрылуына ұйытқы болды.
Дегенмен арада екі жылдай өткенде жұмысын тоқтатты. Өңделген өнімге берілетін субсидияның төмен болуы жұмыстың ойдағыдай жүруіне кедергісін келтірген. 
— Шешілмеген түйткілді мәселелер бар. Мәселен, біздің серіктестікке 1 келі тұрмыстық қалдықты өңдегені үшін мемлекеттен небәрі 3 теңге субсидия төленді. Бізде жұмыс барысында қаншама шығын кетеді. Оған газ пайдаланамыз, жарық, су жұмсаймыз. Төленген субсидия оны жабуға да жетпейді. Серіктестікте қаншама адам еңбек етеді. Оларға жалақы төлеуің керек. Ал оны жеткізіп беруші мекемеге субсидияға 30 теңге қарастырылған. Оған қоса бізге жеткізіп бергені үшін қосымша 50-60 теңге көлемінде тағы ақша алады. Олардың шығыны біздікінен әлдеқайда аз. Менің ойымша, осы жағын дұрыс ойластырса деймін. Соның салдарынан жұмысымды уақытша доғара тұруыма тура келді. Менің ойымша, мемлекет тарапынан бұл бағытта кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыруға мән бергені жөн. Сонда мәселе оң шешімін табады, — деді Ғибрат Байсейітов.
Қалай десек те бұл мәселе селсоқ қарауға болмайды. Өйткені, әрбір қала, елді мекеннің тазалығы — мәдениеттің өлшемі. Тіпті оны өңдеу арқылы қыруар пайда табуға мүмкіндік туып отыр.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: