Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

1

Ветеринария – ұлт саулығының қорғаны

«Кәсіби мерекелер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №258 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 11 маусымдағы №189 бұйрығына сәйкес, 10 шілде «Ветеринариялық қызметкерлер күні» болып бекітілді.
Ауыл шаруашылығындағы маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы болса, оның қауіпсіздігі мен өнімділігін қамтамасыз ететін негізгі күш – ветеринария саласы. Ветеринария – тек жануарларды емдеумен ғана шектелмейтін, ол – халық денсаулығын, азық-түлік қауіпсіздігін және қоршаған ортаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сала.
Бүгінгі таңда ветеринариялық қызмет мамандары аса жауапты міндет атқарады. Олар жануарлар арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алып, дер кезінде диагностикалау және жою жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, мал өнімдерінің сапасын бақылап, халыққа қауіпсіз азық-түлік жетуіне өз үлестерін қосады.
Осы орайда Қызылорда облысының ветеринария саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан білікті басшы, тәжірибелі маман – «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры Шатенов Манас Дүйсенбаевичтің есімін ерекше атап өту орынды.
Манас Дүйсенбаевич 1963 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында, Киров совхозында дүниеге келген.Еңбек жолын 1980 жылы Сырдария ауданы Киров совхозында жұмысшы болып бастап, кейін 1981–1986 жылдары Алматы зооветеринариялық институтында білім алып, «Малдәрігерлік» мамандығын тәмамдады.1986–1988 жылдары Қызылорда қалалық малдәрігерлік станциясында веттехник қызметінен бастап, кейін ветеринариялық дәрігер ретінде жұмыс атқарды. Бұл кезең оның кәсіби қалыптасуындағы маңызды баспалдақ болды.
1988-1991 жылдары ветеринариялық-санитарлық сараптау зертханасында дәрігер болып еңбек етіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жауапты қызмет атқарды. Ал 1991-1997 жылдары ауыл шаруашылығы малдарының туберкулез және бруцеллез ауруларына қарсы күрес экспедициясында жетекші малдәрігері ретінде қызмет етіп, өңірдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыруға зор үлес қосты.
1997 жылдан бастап облыстық малдәрігерлік комитетінде, кейін ветеринариялық қадағалау басқармасында бас маман қызметтерін атқарып, мемлекеттік ветеринариялық бақылау жүйесінде тәжірибесін шыңдады. 1999-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде түрлі лауазымдарда, атап айтқанда жетекші және бас маман ретінде қызмет атқарып, саладағы ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті.
2006-2010 жылдары облыстық аумақтық инспекцияда ветеринария саласы бойынша жетекші және бас маман ретінде еңбек етіп, мемлекеттік ветеринариялық бақылауды күшейту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізді.
2010-2015 жылдары Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімінің басшысы болып, өңірдегі ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыруға, жүйелі басқару тетіктерін енгізуге айрықша үлес қосты. 2015-2016 жылдары ветеринариялық бақылау басқармасында эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімін басқарып, жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын үйлестіруде үлкен жауапкершілік танытты.
2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Оның жетекшілігімен зертхана заманауи талаптарға сай дамып, өңірдегі ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.
Көп жылғы адал еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін 2016 жылы «Еңбек даңқы» I, II, III дәрежелі төсбелгілерімен және алғыс хаттармен марапатталған. 45 жылдық жалпы еңбек өтілі бар, оның ішінде 39 жылын ветеринария саласына арнаған Манас Дүйсенбаевич – өз ісіне адал, жоғары кәсібилік пен жауапкершілікті ту еткен білікті маман. Басшы ретінде ұжым ішінде үлкен беделге ие, әріптестері арасында сыйлы, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тұлға. Оның жетекшілігімен зертхана жұмысы заманауи талаптарға сай дамып, өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі нәтижелерге қол жеткізілуде.
Ветеринария саласы – көзге көрінбейтін, бірақ ел қауіпсіздігі үшін аса маңызды қызмет. Осындай жауапты саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Манас Дүйсенбайұлы сынды мамандар – ел игілігі үшін еңбек етудің жарқын үлгісі.
«Ветеринария – тек мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік. Себебі біз тек жануарлар денсаулығын ғана емес, адам денсаулығын да қорғаймыз. Әрбір атқарылған жұмыс – халықтың қауіпсіздігіне қосылған үлес», – дейді Манас Дүйсенбайұлы.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Ғалымжан
Ғалымжан
12 шілде 2026 00:57
Үлгі алатын өз ісінің шебері👏👏