Ескерткіштер – ел тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Тарихи-мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында бұл күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. 1984 жылдан бастап жыл сайын 18 сәуір күні атап өтіледі.
![]()
Өңірде 483 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31 ескерткіш республикалық маңызға ие болса, 398 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. Ал 54 нысан алдын ала есепке алынған тарихи мұралар қатарында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы Ерғазы Алданазаров баяндады.
"Тарихи-мәдени мұра ұлттың рухани қазынасы. Оны сақтау тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз әрбір ескерткішке өткеннің үнсіз куәгері ретінде қарап, оны болашаққа аман жеткізуге жауаптымыз. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, сақ дәуірінің ірі орталықтарының бірі Бәбіш мола, оғыздардың астанасы Жанкент және қыпшақ пен қазақ хандықтарының ордасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Жаңақорған ауданындағы Сығанақ және Қазалы ауданындағы Кескен күйік қалашықтарында ғылыми зерттеулер жалғасады. Алдағы жоспарлар қатарында ірі реставрациялық жұмыстар да бар. 2026 жылы республикалық бюджет есебінен Сығанақ қалашығы мен Бақатам кесенесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі" - деді Ерғазы Жарылқасынұлы.
Жанкент туралы мәліметтер IX-X ғасырларда өмір сүрген Ибн Русте, әл-Масуди, Ибн Хаукал, әл-Идриси сынды ортағасырлық тарихшылардың шығармаларында кездеседі. Бұл еңбектерде Жанкент қаласы оғыз мемлекетінің орталығы ретінде суреттеледі. Сонымен қатар, Жанкент тұрғындарының су жолы арқылы Хорезм жерімен сауда байланыстарын жасағандығы жайлы да айтылады. Парсы тарихшысы Гардизидің жазбаларында Ертіс өзенінің бойын жайлаған қимақтарға апаратын сауда жолының Жанкент арқылы өткендігі жайлы дерек сақталған. XIV ғасыр тарихшылары Рашид ад-Дин мен Жувейни өз еңбектерінде Жанкент қаласын «Шехркент» деп атаса, Махмуд Қашқари мен араб географы Абульфеданың шығармаларында Жанкент қаласы Янгикент атауымен кездеседі.
Жанкент қаласының топырақ астында қалған жұртын 2005 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемекеттік университетінің Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен және Н.Н.Михлуко-Маклай атындағы этнология және антропология институты ғалымдарымен бірлескен Жанкент археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Тарихта Сығанақ қаласы қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ Орданың астанасы болған. Қала 982 жылы салынған деген дерек «Худуд аль-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты еңбекте «Сунақ» атауымен алғаш белгілі болды. «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Хорезм шах (1127-1154жж.) және Ала ад-Дин Мухаммед дінсіздерді (Мұсылман деректерінде Сығанақ ХІІ ғ. соңы ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, Тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын) бағындыру үшін Сығанаққа бірнеше дүркін жойқын жорықтар жасап, ақыры Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Нәтижесінде Сығанақ Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. «Худуд-аль-Аламда» Сығанақ диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазылған.
Сығанақтың ең бір дәуірлеген кезеңі – Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның билік құрған уақытында (1309-1315) болды. Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю ісі жолға қойылды. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербестігін көрсететін. 25 жыл билік құрған Ерзен хан 1345 жылы дүние салып, Сығанақта жерленгеннен бастап Сығанақ Жошы хан – Орда ежен әулетінен тараған ақордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды.
XIV ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда мемлекетін «Орыс хан ұлысы» деп те атаған. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ-қарала ту алып жауға шапты. Орыс ханның атында ақша соғылды. Сығанақ жұрты тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды. Сондықтан, Алаштың астанасы Сығанақты – қазақтың астанасы деп тануға толық негіз бар.
XIV ғасырдың соңына қарай Сығанақ үшін күрес күшейді. 1375-1376 жылдардан бастап бұл күреске Мауеренахр билеушісі Темір араласа бастады. Ол өз ордасына бас сауға іздеп келген Тоқтамысқа Сығанақты сыйға тартуы Орыс хан бастаған ақордалықтардың қарсылығын тудырды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Орыс хан 1375 жылы үлкен Сарайдан Сығанаққа қайтып оралды.
Орта ғасырларда Сығанақ талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір әулеті арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Мұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. XVII-XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына бірнеше рет ұшырады. Үздіксіз жүргізілген соғыстардың салдарынан қала әлденеше рет шабуылға ұшырап, қирап, сынып, ақыры XVIII ғасырдың ішінде бір кездері салтанаты асып тұрған қала үлкен үйіндіге, төбешікке айналып жер астында қалды. Сығанақтың жайнаған, құлпырған кезін көрген Фазлах ибн-Рузбихан «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. …Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазады. Қаланың атақты болуындағы екі себеп: біріншіден, қала өзінің 2000 жылға жуық тарихында қаңлылардың, қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілхайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болса, екіншіден, қандай шапқыншылық болса да, өмірі қайта жанданып отырғандығы. Әрине, оның Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы да үлкен даңққа бөлеген.
Әбілғазы Бахадүр ханның жазбаларында: «Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді» – деп қаланың келбетін, ал Сығанақта тұруды армандаған ғұлама ғалым һысамиддин әл-Сығанақидың (XII-XIII ғғ.) «Болса тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай» – деген жыр жолдары ел тарихында аса үлкен роль атқарған қаланың өз дәуірінде қаншалықты құрметке ие болғандығын көрсетсе керек.
Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағының бойында орналасқан Сығанақ қаласы Шығыс пен Батыстың көптеген ірі қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды роль атқарды.
Тарих тұнған бұл қаланы тыңғылықты зерттеу жұмыстары тек 2003 жылы «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында ғана қолға алынып, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сығанақ археологиялық экспедициясы археолог-ғалым С.Жолдасбаевтың жетекшілігімен қаланың қираған үйіндісін асқан ыждағаттылықпен зерттеп, қаланы қоршап тұрған қорған қабырғаны, үйлерді жəне мешіт-медресені қалпына келтіру жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Жобаның басты мақсаты – ортағасырлық Сығанақ қаласының орнын ашық аспан астындағы музейге айналдырып, еліміз бен өңірдегі тарихи əрі рухани жерлердің қатарын көбейту болғанымен, алайда қаржы мәселесіндегі қиындықтар салдарынан қазба жұмыстарын тек 2014 жылы қайта жалғастыруға мүмкіндік туды. Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік жолынан мен мұндалап Сығанақ қаласының қақпасы көрінгендей болды. Кешенді шаралармен іске асыруды аса қажет ететін қақпаның айналасындағы қолөнер орталықтары, кітапхана, мұражайлар мен сауда көздерінде тіршілігі қайнаған ықылым замандағы бұл қасиетті қала, жанашырына да, жолаушысына да бауырына бүккен құпияларын аша тарих тұңғиығынан тіл қатары анық.
Бәбіш-моладағы көзешілер елді-мекені (Бәбіш молла 7) Бәбіш молла қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, кеуіп қалған арнаның бойында орналасқан. Зерттеу барысында анықталғандай ауылдың іші қыш өндіретін өндіріс ошағы болғанын атап кету керек. Олай дейтініміз ауылда 11 қыш күйдіретін пеш, 7 шеберхана мен тұрғын үйлердің орындары табылды. Сонымен қатар, ауылдың шетінде бірнеше бөлмеден тұратын үлкен үй аршылды.
Ауылдың ішіне қарай арнадан бөлек су қоймасы тартылған. Өндіріске суды осы қоймадан пайдаланған.
Биылғы 2019 жылы зерттеу барысында тәртіп бойынша нөмері 6-шы қазба басталды. №6-шы қазба елді мекеннің солтүстік-батыс бөлігіндегі төбеде орналасқан, ол жер бетінен 1,5 м биіктікте орналасқан. Төбеге 200 шаршы метр болатын қазба алаңы салынды.
Қазба ішіндегі мәдени қабаттың ашылу тереңдігі 0,7 м-ден 1,5 м дейін. Зерттеулер нәтижесінде құрлысы күрделі пеш аршылды. Ол, толығымен қазылып зерттелінді. Қазба барысында анықталғандай пеш екі ярусты болған, төменге оттық салса ал, жоғарғы жағы жағында ыдыстарды қойып күйдірген. Оған ыстық ауа өтетін ойықтар салынған. Ішкі жағында күйдіруге арналған арналған орны дөңгелек болып келген. Оның сыртқы диаметрі 5,2 м болады. Ал, оттық салатын ауызы сопақ болып келген, оның ұзындығы 1,1 м, ені 0,5-0,5 м.
Пештің биіктігі 1 м асады. Қабырғасы екі қатардан тұратын жұмбаздалған саздан тұрғызылған. Олардың ендері 40-70 см. Блоктар бір-біріне ағаш арқылы байланып қаланған. Ағаш салып байлаған орындар қазіргі таңда ені 5-10 см болатын шұңқыр түрінде сақталған.
Қыш күйдіретін пешпен қатар, айналасында орналасқан шеберханалардың бір бөлмесі аршылды. Ол, пештен оңтүстікке қарай 1,2 - 1,5 м қашықтықта орналасқан. Оның ені 5 м. Қабырғасы, биіктігі 1 м., ені 1,3-1,5 м болатын жұмбаздалған саздан тұрғызылған. Бұл бөлмеден сүйектен істелген біздер, сурет салынған қыш көнек, қайрақ тастар, құмыра және тағы басқа ыдыстар табылды.
Бұдан бөлек ұсталардың мекен еткен үй-жайына да зерттеу жүргізіліп, үйдің үлкен бір бөлмесі ашылды. Бөлменің, қазіргі сақталған қабырғаларының биіктігі 0,2-0,6 м-ге дейін жетеді. Қабырғалардың төменгі тұғыры пақса блоктарынан тұрғызылса, кейін жоғарғы жағын шикі кірпіштермен көтерген. Бөлмелерден астық, су сақтайтын ыдыстар, ошақтың орындары мен т.б. жәдігерлері табылды.
Табылған ыдыстарда әр түрлі таңбалар салынған. Негізінен мұндай таңбалар ыдыс істеген әр ұстаның жеке таңбасы ретінде қолданылса, кейбір ғалымдардың пікірінше, сыртқы сауда барысында сандық белгісі ретінде әр ыдысқа таңба салынып отырған.
Айта кетейік, 18 сәуір - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Атаулы күн алғаш рет 1984 жылы атап өтіліп, 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен.
Көне ерте замандар мен орта ғасырлардағы тарихи мәдени ескерткіштеріміз туралы көптеген ғылыми тұжырымдалған мәліметтер көпшілікке кеңінен жариялануда. Тарихи маңызды қасиетті орындарда өмір сүрген халықтардың тұрмыс-тіршілігі өз заманында өркениеттің дамуына зор үлес қосқаны, зерттеу жұмыстары нәтижесінде айқын көрінеді.