Қазақстанның су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Жаңа су қоймаларын салу мен реконструкциялаудан басқа, ол цифрландыру, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және суару жүйелерін жаңғырту жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Бұдан басқа, 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасы іске қосылған болатын. Онда экономикада су тұтынуды азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу үшін фермерлерді субсидиялауды қамтамасыз ету, әділ тарифтік саясат ұстану, суды есепке алу жүйелерін орнатуға және халық арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар көзделген.
![]()
Су ресурстарын тиімді, ұтымды пайдалануға қол жеткізу үшін үнемдеу технологияларын қолдану қажет. Мысалы, ауыл шаруашылығында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін енгізу.
Өнеркәсіптегі суды үнемдеу суды тазарту мен қайта пайдаланудың заманауи технологияларын енгізу, өндірістік процестерді оңтайландыру, су шығынын бақылау және ағып кетуді жою сияқты шаралар кешенін қамтиды. Бұл суды тазарту шығындарын және энергия мен суды тұтынуды азайтуға, су ресурстарына жүктемені азайтуға және қоршаған ортаға жағымсыз әсерлерді азайтуға ықпал етеді. Ал кері осмос, жұмсарту, механикалық сүзу сияқты тазарту жүйелерін енгізу суды өндірістік процестерде қайта пайдалануға мүмкіндік береді (мысалы: салқындату немесе жуу үшін).
Су ағынын бақылау және өлшеу жүйелерін орнату тұтынудың жоғарылауы бар аймақтарды анықтауға және деректерге негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі. Оған қоса құбырларды жүйелі түрде тексеру және уақтылы жөндеу суды тиімсіз пайдалану қаупін азайтады.
Су объектілері мен су ресурстарын өнеркәсіп пен жылу энергетикасының мұқтажы үшін пайдалану үшін Су кодексінде 123-бап көзделген. Осы баптың 2-тармағында өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіруші субъектілер айналымдағы және (немесе) қайта сумен жабдықтау жүйелерін енгізу арқылы су ресурстарын ұтымды пайдалануға міндетті екендігі айтылған.
Кодекстің 133-бабының 5-тармағына сәйкес айналымдық және (немесе) қайта сумен жабдықтау жүйелері жоқ өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіруші субъектілер кодекстің 123-бабының 2-тармағында көзделген міндеттерді іске асыру үшін осы кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей көрсетілген жүйелерге көшу жоспарын ұсынуға міндетті. Бұл ретте жоспарды іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.
Бір назар аударатын жайт, министрдің міндетін атқарушының 2025 жылғы 26 маусымындағы № 154 бұйрығымен «Су пайдаланушылардың су ысырабын азайту және қолда бар озық технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарларын орындамаған кезде су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін қысқарту қағидалары» бекітілді. Бұл қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Осы ереже арнайы су пайдалануға рұқсаты бар барлық су пайдаланушыларға қолданылады. Бұл ретте су ысырабын қысқарту және қолда бар ең үздік технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалуы тиіс. Жалпы, Су кодексі бойынша бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылауға қоса қадағалау қызметі қосылды. Осыған орай тексерулер жүргізіліп, тиісті қадағалау шаралары атқарылып келеді. Бүгінгі таңда инспекция мамандары су үнемдеу мәселесіне қатысты барлық өнеркәсіп кәсіпорындарында, әлеуметтік нысандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Биыл өңірде 185 мың 800 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп жатыр. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдарды азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға дейін төмендетілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында көктемгі Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Даулетбек Абдирасулов баяндады.
Жиында егіс науқанының қазіргі ахуалы, су тапшылығының алдын алу шаралары мен су шаруашылығы жағдайы кеңінен сөз болды.
«Қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін жүгері, майлы және малазықтық дақылдар көлемі ұлғайтылуда. Бұл су үнемдеу мен егісті әртараптандыру бағытындағы маңызды қадам. Қазіргі таңда ерте егілетін дақылдарды егу толық аяқталды. Бүгінде картоптың 230 гектары, көкөністің 3,8 мың гектары және бақшаның 4,9 мың гектары егілді. Ал негізгі дақыл күріштің 49 мың 502 гектары себіліп, оның 41 мың 360 гектары суға бастырылған. Егіс жұмыстарын 1 маусымға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым қоры толық дайындалды. Сонымен қатар, 2026 жылға қажетті 65 мың 600 тонна тыңайтқыштың 97,6 пайызы, гербицидтердің 64,1 пайызы сатып алынды. Егін науқанына қатысатын ауыл шаруашылығы техникалары да толық жөндеуден өткізіліп, жұмысқа кірісті», – деді спикер.
Өңірде су үнемдеу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Биыл күріш алқаптарын лазерлік тегістеу көлемі 65 мың гектарға жеткізілмек. Ал су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 16 мың 700 гектарға дейін ұлғайтылған. Қазіргі таңда жоспарланған меженің 82,2 пайызы орындалған.
«Су тапшылығының алдын алу және агротехнологиялық талаптарды сақтау мақсатында барлық аудандарда арнайы жұмыс топтары құрылды. Олар су лимитінің сақталуын, каналдар арқылы судың тиімді бөлінуін және күріш көлемінің белгіленген межеден аспауын бақылауда ұстап отыр», - деді Даулетбек Жәнібекұлы.
Сондай-ақ, өңірде егін шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу мақсатында 4 ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі швейцариялық Харвест Груп компаниясының техникалық қарасора, жүгері және соя дақылдарын өсіру мен өңдеу жобасы. Бұл жоба аясында егіс көлемі 2028 жылға дейін 32 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.
Бұдан бөлек, «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы 59 шаруашылыққа 8 млрд 800 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Брифингте «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов Сырдария өзеніндегі қазіргі су шаруашылығы жағдайына тоқталды. Оның мәліметінше, бүгінгі күні Шардара су қоймасындағы су көлемі 5 млрд текше метрден асқан. Ал Көксарай су реттегішінде 813,63 млн текше метр су жиналған.
«Қазіргі таңда Шардара мен Көксарайдан төменгі ағысқа секундына 550 текше метр су жіберілуде. Қызылорда облысы аумағына Көктөбе су бекеті арқылы 538 текше метр су келіп жатыр. Жалпы су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда», - деді инспекция басшысы.
Сонымен қатар, Арал теңізіне секундына 48 текше метр су түсіп жатқаны айтылды. Жыл басынан бері теңізге 780 млн текше метр су жеткен. Мамандардың айтуынша, Сырдария бойындағы су жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп, барлық су шаруашылығы нысандарының жұмысы бақылауға алынған.
Шындығында, кейінгі 4-5 жылда аймақ еңбеккерлері су тапшылығы мәселесін тартып келеді. Жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне тікелей қатысты. Мемлекет басшысының Сыр диқандарына деген ерекше қолдауымен былтыр күрделі вегетациялық кезеңде нақты іс-шаралар жүзеге асты. Бұл барлық егін алқабын сумен қамтамасыз етуге жол ашты. Сала мамандарының айтуынша, Нарын-Сырдария каскадындағы су тапшылығы биыл да жалғасуы мүмкін. 2026 жылға бекітілген су лимитіне сәйкес облыс бойынша 185,8 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Аймақтың басты дақылы – күріш көлемі 70 мың гектарды құрайды. Қазір әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін монодақылдарға баса назар аударылуда. Су ресурстарын басқару технологиясын кеңінен енгізу үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қаралған.
Былтыр су үнемдеу технологиясын пайдалану көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Ол былтыр 8,1 мың гектарды шамаласа, биыл 16,7 мың гектарды құрайды. Қызылордалық диқандар су шығынын азайту үшін егістік жерлерді лазерлік тегістеуге ерекше мән беріп отыр. Бұл тиімділігін дәлелдеді. 2025 жылы мұндай алқап 60 мың гектарды құраса, биыл 65 мың гектарға жетеді. Осының нәтижесінде су үнемделіп, өнімділік артады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақта экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиялық міндеттің біріне айналды. Облыс басшысы былтыр Жаркент крахмал-сірне зауытының жұмысымен танысып қайтқан еді. Жуырда Сырдария ауданынан жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Онда жылына 150 мың тонна өнім өңдеуге мүмкіндік бар. Жобаның құны 40 млрд теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады. Алдымен кептіру және сақтау кешенінің құрылысы бой көтерсе, одан кейін жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысы басталады. Өндіріс орны заманауи барлық талапқа сай келеді. Жоғары сапалы технологиямен жабдықталған зауытта алдағы уақытта 550 адам еңбек етеді.
Мамандардың айтуынша, жүгері өндірісінің толық циклін қамтамасыз етуге жол ашады. Осылайша келешекте елдегі ағайынның еңбегін ақтайтын тиімді жүйе қалыптастыруға мүмкіндік туады. Рас, қазірге дейін жиналған өнімді кептіретін, ұзақ мерзімге сақтайтын және өткізетін тетіктер жеткіліксіз. Ол диқандардың жүгері дақылын егуге деген қызығушылығын төмендетті. Осының салдарынан шаруашылық құрылымдары олардың көлемін 1-1,5 мың гектардан асырған жоқ. Биылдан бастап дәндік жүгері егісін 15 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Алдағы уақытта одан әрі арта түседі. Бір сөзбен айтқанда, өңірде аграрлық саланы кластерлік жүйеге бейімдеудің нақты бастамалары жүріп жатыр. Бұл аймақ табиғатында қаншалықты қиын болса да, табандылық нәтиже әкелерінің бір дәлелі.