Қызылордада «ҚАРУ» іс-шарасының 8 күнінде 51 құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қызылорда облысының аумағында қарумен жасалатын қылмыстардың алдын алу, заңсыз қару айналымына тосқауыл қою және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 15–31 шілде аралығында «ҚАРУ» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның алғашқы 8 күнінің қорытындысы бойынша облыс көлемінде 5704 қару иесі тексерілді. Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде қару айналымы саласындағы 51 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Тексеру барысында заңсыз айналымнан, яғни ішкі істер органдарында тіркелмеген 6 дана тегіс ұңғылы қару тәркіленді.
Сонымен қатар қаруды сақтау қағидаларын бұзған 32 азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды. Ал қаруды тасымалдау және тіркеу талаптарын бұзған 13 азаматқа қатысты Кодекстің 486-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.
Қызылорда облысы Полиция департаменті азаматтарды қаруды сақтау, алып жүру, тасымалдау және тіркеу талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қару айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.