Материалдарды зерттеу әдістері – атом саласы сенімділігінің негізі
Атом энергетикасының дамуы материалдардың жоғары температура, қысым, радиациялық әсер және ондаған жылдарға созылатын пайдалану жағдайларында қалай әрекет ететінін терең түсінусіз мүмкін емес. Сондықтан атом электр станцияларының конструкциялық материалдары мен элементтерін зерттеу – қазіргі ядролық ғылымның негізгі бағыттарының бірі әрі атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады.
Бұл туралы Ядролық физика институты бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Ермаков айтып берді. Оның сөзінше, атом станциясының әрбір элементі – реактор корпусының негізгі металы мен дәнекерленген жіктерінен бастап құбыржүйелер мен жылу алмастырғыш жабдықтардың тораптарына дейін – ондаған жыл бойы өзінің қасиеттерін сақтауы тиіс.
Металл құрылымындағы болмашы өзгерістердің, микрожарықтардың немесе жасырын ақаулардың өзі жабдықтың сенімділігін төмендетуі мүмкін. Сондықтан материалдардың жай-күйін бақылау объектінің бүкіл өмірлік циклі бойы жүргізіледі: жаңа конструкциялық материалдарды әзірлеуден және жабдықты дайындаудан бастап құрылыс, пайдалану және пайдаланудан шығару кезеңіне дейін.
Бүгінде бұл мақсатта заманауи зерттеу әдістерінің кең кешені қолданылады. Соның ішінде ең көп қолданылатыны – бұзбай бақылау әдісі. Ол жабдықты бүлдірмей-ақ оның техникалық жай-күйін бағалауға мүмкіндік береді, яғни сынама алу үшін материалды кесіп алудың қажеті жоқ. Ультрадыбыстық, радиографиялық, магниттік-ұнтақты, капиллярлық, құйынды токтық және визуалды-өлшеу әдістері металлдың беткі, бетасты және ішкі ақауларын анықтауға, дәнекерленген жіктердің сапасын бақылауға және қауіпті өзгерістерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай технологияларды пайдалану өнеркәсіптік қауіпсіздікті едәуір арттырып, апат қаупін айтарлықтай төмендетеді. Сондықтан бұзбай бақылау атом энергетикасы объектілерін пайдаланудың бүкіл әлемде міндетті бөлігі болып саналады.
Сонымен қатар, ядролық және радиациялық объектілерде бұзбай бақылауды қолдану Қазақстан үшін жаңа тәжірибе емес. 2003 жылы Ядролық физика институтында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) қолдауымен Бұзбай бақылау және сынақ әдістерінің ғылыми-техникалық орталығы құрылды. Оның мамандары тұрақты түрде ВВР-К зерттеу ядролық реакторының, соның ішінде реактордың белсенді аймағы орналасқан багының, сондай-ақ салқындату контурының құбыржүйелері мен жылу алмастырғыштарының бұзбай бақылауын жүргізіп келеді.
Осындай элементтерді болашақтағы өнеркәсіптік атом электр станцияларының реакторларында да бақылау қажет болады. Әсіресе олар су-сулы типтегі реакторлар болғандықтан, біздің ВВР-К реакторына ұқсас келеді. Дегенмен өнеркәсіптік реакторларды тексеру барысында роботтандырылған бақылау жүйелері көбірек қолданылатын болады. Бұл бағытта Қазақстанның қашықтан басқарылатын құрылғылар мен жабдықтарды әзірлеуде үлкен мүмкіндіктері бар.